Диагностикадағы тәжірибе алмасу ордасы

Среда, 16 Январь 2019 05:31 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2994 раз

Шымкент қалалық №7 емхана – бүгінгі күннің талаптарына толық жауап беретін медициналық мекеме. Мұнда жылына екі-үш рет шетелдік дәрігерлер диагностикалауда жергілікті УДЗ мамандармен тәжірибе алмасуды дәстүрге айналдырып келеді. Емханадағы медицинадағы цифрландыру жүйесінің қолға алынуы, жаңа реформалар және бұдан өзге жаңашылдықтармен танысып қайтқан болатынбыз.

IMG-20190114-WA0017

Шымкенттегі №7 емханаға қала аумағындағы 13 елдімекеннен 62 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Олардың басым бөлігі Тоғыс, Қарабастау, Жалын, Бадам-1,2, Маятас, Жыланбұзған, Қарақия және Қаратөбе секілді қалаға қосылған елдімекендер. Дәл қазіргі уақытта емхана ұжымы тұрғындардың медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда және сапалы қызмет көрсетуде цифрландыру жүйесіне толыққанды өтуде.
– Емханада медициналық құжаттарды қағазсыз жүйеге көшіру бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. 24 журнал электронды форматқа көшірілсе, денсаулық құжаттарының 99,2% электронды түріне ауыстырылды. Енді тұрғындар бұрынғыдай қағаз тасымайды, құжаттардың барлығы бірыңғай базаға енгізіліп, дәрігер науқастың жеке кабинеті арқылы барлық деректерді көріп отырады. Емханадағы УДЗ, рентген, флюорография сияқтысоңғы үлгідегі медициналық құрылғылар бұл жұмыстарды жеделдеткенін атап өткім келеді. Енді тұрғындардың интернетті пайдаланудағы белсенділігін арттыруда жұмыстар күшейтілді. Бүгінгі таңда емханаға тіркелген 20-60 жас аралығындағы тұрғындардың 30% мобильдік қосымшаны пайдалануда, жүкті әйелдердің – 62%, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналардың 48% қосымшаның игілігін көруде, - дейді емхананың бас дәрігері Айман Оспанова.
Бас дәрігер емхана тұрғындарының басым бөлігі қалаға жаңадан қосылған шалғайдағы ауылды елдімекендер болғандықтан, интернет жылдамдығының төмендігі және смартфон мәселесінің өзекті екенін алға тартты.

111

– Бұл жұмыстарға арнайы мамандарды бекіттік. Олар ұялы телефонға мобильді қосымшаны қондырып, онымен жұмыс істеудің ережелерін түсіндіруде. Тұрғындар, әсіресе, дәрігерге жазылу және үйге шақыруды смартфон арқылы жүзеге асыруда уақыт үнемдеудің тиімді екенін түсінуде, - деді А.Оспанова.

Ауруларды басқару бағдарламасы тиімділігін көрсетті

2016 жылы Қазақстанның бес аймағында ауруларды басқарудың пилоттық бағдарламасы енген болатын. Мұндағы басты мақсат - елімізде өлім-жітімді көбейткен артериалды гипертензия, қант диабетіне шалдыққан, созылмалы жүрек талмасы секілді аурулардың көрсеткішін төмендету. Аталған жоба бойынша жұмыс істеген №7 емхана қаладағы емханалар арасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.
– Бұл жобаның мақсаты – клиникалық тәжірибенің озық үлгілерін пайдалана отырып, науқастың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру арқылы оның жағдайын жақсартып, өмір сапасын арттыру. Осы мақсатта науқастар арасында аталған үш дертке шалдыққан науқастар жіті қадағалауға алынды. Олар ай сайын медициналық тексерілуден өтіп, анализді ұдайы тапсырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу мен оны қабылдауына дейінгі жағдайлар дәрігердің бақылауында болды,- деді емхананың бас дәрігері.
Нәтижесінде бүгінде емхана тіркеуге алынған науқастар арасында артериалды гипертензияға шалдыққандардың қан қысымы қалпына түсіп, қант диабетіне шалдыққандардың анализ көрсеткіштері реттелген.
Кафедра жұмыс істейді Шымшаһарда емханалар арасында кафедралар жұмыс істейтін медициналық ұйымдар көп емес. Солардың бірі – осы №7 емханада үш бірдей кафедра жұмыс істейді. Олар: педатрия, жалпы тәжірибелік дәрігерлер және Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру институтының жұқпалы аурулар мен фтизатрия кафедрасы. Соңғы атап өткен кафедраға медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Қуаныш Кулаев жетекшілік етеді.
– Емханада институттың студенттері тәжірибелік сабақ өтуіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда материалдық-техникалық база стандартқа сай жасақталғандықтан, халықаралық деңгейде шеберлік-сабақтар өткізуге қол жеткіздік. Өткен жылы ультрадыбыстық зерттеу жасауда Беларуссиядан білікті мамандар А.Чуканов пен И.Тихененко келіп, республикада және өңірдегі УДЗ мамандарына шеберлік-сабақ өткізді. Әрі емханаға тіркелген 50-ден аса тұрғынға тегін медициналық кеңес берді, - деді доцент Қ.Кулаев.
Бұл дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Қаңтар айының соңында емханаға Киевтен келген профессор О.Н.Ковалевская өңірдегі УДЗ-мамандарға күретамырдағы өзгерістерді сәулелі аппарат арқылы дұрыс анықтаудың жаңа әдістерін үйретпек.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.