ӘСКЕРИ АЗАМАТ Избранное

Пятница, 25 Январь 2019 04:33 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3378 раз

Иә, егер ұлықтай білсек Ұлы даламызда ұстаздық еткен тұлғалар жеткілікті, тек солардың халқымызға тигізген пайдасы мен өнегесін біліп, үйреніп, ұлағаттап, өсіп келе жатқан келешек ұрпаққа жеткізе білу керек-ақ! Сол ұлағатты ұстаздардың бірі – қасиетті Теріскейдің тумасы Ұлықпан Мүсінұлы Бәшенов.

азамат

Қазір Түркістан облысы болып аталатын Оңтүстік өлкенің сырлы Созақ ауданының қасиетті өзені – Шудың бойында қазақтың төрт түлік малын өсіретін Жуантөбе деген елдімекен бар. Ұлықпан ағамыз сол ауылда 1949 жылдың 31 қаңтарында мынау жарық дүниенің есігін ашқан екен.

Ауылда есейіп, мектепке барды. Шудың бойы - Теріскейдегі ең әсем жерлердің бірі. Әсіресе көктемде су тасығанда қызық-ақ. Күз соңында кенезесі кеуіп, үзік-үзік су қоймаларына айналатын Шудария тізіле орналасқан көлшіктерге ұқсап қалатын. Бірақ ондағы шоршып түсіп жатқан шортандар мен сары алтын сазандарды айтсайшы! Балалардың қызыға айналысатын орны осы жағалаулар. Көктем келісімен жағалау жайына қалады. Өзен айдын шалқар көлге айналады. Небір жабайы құстардың қиқуға толы шулы дыбыстары мен сайраған әуендері Дала сазын кеудесіне құяр еді. Шілдеге салым су азайып, арнасына қайта бастағанда нағыз қызық басталатын. Жазықтағы шөптердің арасында, тобықтан келетін су айдынында қалып кеткен шортандарды балалар қозы қуанғандай қуып, қуалап жүріп қолмен ұстайтын...

Ұлықпан Бәшенов өз ауылындағы мектепті үздік оқушылар қатарында аяқтап, сол жылы Н.К.Крупская атындағы Шымкент педагогикалық институтына түседі. Осы институттың филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімін ойдағыдай бітіріп, мұғалімдік диплом алады.

азамат1

Мұғалімдік мамандық қадірлі болуымен қатар өте қиын мамандық екенін адам болып жаратылғандардың барлығы біледі. Тіпті, білмек түгілі, оған қоса оқушылық өмірімізді көзімізге елестетіп, сол кездегі сынып кезеңдерін, әсіресе балалықтың өтпелі кезеңі болып есептелетін 7-8 сыныптағы қым-қуыт оқиғаларды еске алсақ, қайсыбір мұғалімнен кешірім сұрап, олардың шыдамдылығына, қайсарлығы мен көл-көсір еңбегіне рахметімізді айтудан басқан амалымыз бар ма?! Ес тоқтатқан қайсыбір азамат болмасын, олардың өзіне дәріс берген әрі сонау бір балалық балдәуренін еске түсірер куәгерлердің бірі болып саналатын мұғалімдеріне бас иеді.

Ұлықпан ағамыз да еңбек жолын Келес ауданындағы «Келес» арнайы мектеп-интернатында өз мамандығы бойынша мұғалімдіктен бастады. Одан әскерге шақырылып, офицерлік шен алып келген ол Бөген ауданының «XXII партсъезд» ауылындағы К.Маркс атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, шәкірттерге білім беру ісін жалғастырды. Өз жұмысының жемісті болуына беріле еңбек етіп, қазақтың ұлттық, фольклорлық, төл туындыларымен қатар сол кездегі кеңестік және классиктерінің шығармаларын оқушы санасына терең бойлатты.

Жалынды қуат-күші, ұйымдастырушылық қабілеті ұнаған соң оны Қазақстан Лениндік коммунистік жастар одағының (ЛКСМК) Шымкент обкомының ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушы қызметіне алып, 3 жылдан соң, 1977 жылы ҚазЛКЖО Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына жібереді.

Оның іскерлігі туралы баспасөздер мен телеарналарда аталып тұрды. Ол туралы «Ардақты ардагер мен билер» атты республикалық жиынтық кітапта былай деп жазылды: «...Қазақстан республикалық қарулы күштерінің полковнигі, тұтас ұлт қатты қадірлейтін аяулы тұлға – Жұмабек Тәшеновтың немере інісі Ұлықпан Мүсінұлы Бәшенов басшы болып келгелі соны сүрлеуге аяқ басқан әскери мектеп «Суворовский» деген өзінің бұрынғы атауынан арылып, Орта Азия бойынша тұңғыш генерал-майор атанған, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымовтың есімін иеленді. Бұған дейін орыс тіліне қатты басымдық берілген бұл білім ошағының оқу-тәрбие жүйесі қазақ тіліне көшірілді. Бұрын бұл мектепте оқушылар саны жетіспей келген болса, енді бір орынға 7-8 талапкер таласып, басқа облыстардан келушілер де молайды. Әбден тозығы жеткен ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жан-жақты жаңарып жақсарды. Білім сапасы жағынан да бұл оқу орны әскери мектептердің арасында көш басынан көрінді...» Бұл кітап еліміздің бүкіл кітапханаларында бар.

Енді жақын арада, Алла қаласа, «жігіт» жасы – жетпіске толғалы отырған ағамыздың лебізін өз аузынан тыңдап көрсек.
– Өмір дегенде ойыма бүкіл ғұмырым кинолентадағыдай бірінен соң бірі елестеп өте бастайды. Сонау алыста қалған балалық шақтан бастаған көріністермен, мектеп бітіріп, Шымкентке алғаш келіп жоғарғы оқу орнына түсу. Одан кейінгі еңбек жолдарым, бәрі-бәрі күні бүгінгідей, оның ішінде ерекше айтарлықтай тұратыны менің өмірге деген көзқарасымды тәрбиелеген ұлы ұстаздарым десем, артық айтпағаным болар. Институт қабырғасында дәріс берген Әділ аға Ермековтен бастап мемлекет және қоғам қайраткерлері Жұмабек Тәшенов, Сыпағұл Малдыбеков, Рашид Ибраев және солар сияқты тағы басқа кісілердің менің өміріме жасаған жақсылықтарын ерекше айтар едім. Алланың мені осы кісілерге жолықтырып, менің оларға жақын араласуым бүкіл болмысымның, өмір жолымның шамшырағы болғаны рас.

Қырық жылдан астам еңбек жолымның 35 жылында ұрпақ тәрбиесі қызметінде бірінші басшы болып жұмыс істеуім де осы кісілердің тәлім-тәрбиелері мен ақыл-кеңестерінің арқасы дер едім. Өмірдің түрлі бұралаңдары мен асуларына сүрінбей өтуіме демеу болды. Қызмет істеген жылдарымның есте ұзақ сақталар кезі еліміздің тәуелсіздік алғандағы алғашқы жылдары еді.
Ол кездегі барлық салада болған қиыншылықтар білім саласын да айналып өтпеді. Қаржы тапшылығы, кадр мәселесіндегі жаппай қысқартулар, тағы сол сияқты айта берсе таусылмайтын қиындықтары мол кезең еді. Осы кезде штат қысқартылуына байланысты менің бір басыма төрт қызмет атқару жүктелді. Аудан әкімінің орынбасарлығымен қоса сол ауданның мәдениет, денсаулық және білім салаларын абыроймен басқарудың нәтижесінде облыстық білім департаментіне бірінші басшылыққа шақырылдым.

Бұл жерде де аянбай еңбек етіп, үш жылдан соң респбуликалық әскери мектеп-интернатқа сұранып, ол жерде 13 жыл жұмыс істеп, полковник шенінде зейнеткерлікке шықтым.Қазіргі өсіп келе жатқан өскін жастарды оқып білім алуға, ерінбей еңбек етуге, қазіргі заманауи озық технологияларды үйренуге, Отанды сүюге шақырамын.

Ұлықпан Бәшеновтың елге, халыққа және мемлекетке сіңірген еңбегін үкімет бағалап, оны бірнеше мемлекеттік орден, медальдермен марапаттады. Ол – Арыс ауданының және Созақ ауданының құрметті азаматы. «Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтары бар.
Ұлықпан Бәшенов қазіргі таңда Шымкент қаласы Абай ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ол кісі бұл салада да үлкен абыроймен қызмет істеп келеді. Ал біз Ұлықпан Мүсінұлына қартайғанда да қанатыңыз талмасын дегіміз келеді.

Әбдінағым КӨШЕРОВ,
Қазақстан
Журналистер
одағының және Әлем халықтарының
Жазушылар одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.