Мектептерге тіс дәрігерлері ҚАЖЕТ Избранное

Среда, 30 Январь 2019 04:07 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 472 раз

Еліміздің дәрігерлері тіс жегісімен ауырған балалардың саны артып барады деп дабыл қағуда. Келтірілген статистикалық мәліметке сүйенсек, республикада тіс жегісімен балалардың 76%-ы ауырса, ауыл-аймақтарда олардың үлесі 98%-ы жеткен. Ал Шымкентте өткен жылы тісі құрттаған 80 мыңға жуық бала дәрігердің көмегіне жүгініпті. Дерттің дендеуіне не себеп? Тістің құрттауы несімен қауіпті? Осы сауалдарға маманмен бірге жауап іздеп көрсек.

IMG 20190114 154144

«Балалар стоматологиясынан айрылып қалмайық»

Еліміздегі бірыңғай Қазақстан стоматологтары қауымдастығы тіс дәрігерінің қызметіне жүргізген талдауда балалар арасында тіс жегінің дендеп бара жатқанын көрсеткен. Өзекті мәселені көтерген Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай денсаулық сақтау министріне сауал жолдап, бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

Депутат бұл салада мамандардың жетіспеуімен қатар білім ордаларында тіс емдейтін кабинеттердің болмауынан, әсіресе, шалғайдағы ауыл балаларының жағдайы қиын екенін алға тартты. Өйткені республикада 800-ден асатын мектепте ғана стоматологиялық кабинет бар, бұл мектеп оқушыларының үштен бірін ғана құрайды. Сондықтан халық қалаулысы білім ұйымдарында стоматологиялық және жылжымалы кабинет ашудың бағдарламасын дамытуды ұсынды. Ол өз сөзінде республикада 1 121 мемлекеттік мекеменің 12-сі ғана балалар емханасы екенін, олардың дені қазіргі уақытта жекенің меншігіне өткенін атап өтті. Дархан Мыңбай депутаттық сауалында балалар стоматологиясынан бір кездегі педиатрия секілді айрылып қалмайық, деді.

Жыл сайын бала саны өсіп, мектептер салынып жатқан мегаполис қалада бұл тұрғыдағы жағдайдың қалай екенін саралап көрдік.

16 мектепте ғана тіс емдейді

Шымкент қалалық тіс дәрігерлік емханасының бөлім басшысы Сәуле Оспанованың айтуынша, Шымкенттегі 146 мектептің 16-да ғана стоматологиялық кабинет жұмыс істейді.

– Білім ошақтарындағы тіс емдейтін кабинеттерде мамандар оқушыларды алдын ала тексереді. Ем-дом жүргізіп, күрделі жағдайда ғана емханаға жібереді. Кабинеттер медициналық құрал-жабдықтар және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Жалпы бала саны 800-ден асқан мектептерде бір стоматологиялық кабинет болуы тиіс. Дегенмен, бүгінде артық кабинеттердің болмауынан және мамандардың жетіспеуінен бұған қол жеткізе алмай отырмыз, - дейді С.Оспанова.

Өткен жылдың өзінде 72 300 бала қалалық стоматологиялық емханаға тіс жегісін емдеуге жазылған. Ал мамандар ата-аналардың ауру әбден дендеген кезде көмекке келетін айтып, қазірдің өзінде 2-3 жасар сәбилердің тісін пломбомен жамап-жасқап, жұлуға мәжбүр екенін айтады. Бұл өз кезегінде ұрпақ саулығына баса назар аударуды білдіреді.

– Стоматологиялық кабинет жұмыс істейтін мектептерде мамандардың бақылауы болғандықтан, ауру көрсеткіші төмен. Дегенмен, мыңдаған оқушы оқитын білім ордалары кездеседі. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен, қоғамдық көліктің қатынауы қиын, қаладан шалғай орналасқан мектептерден оқушылардың көбісі орталықтағы емханаға келмейді. Жылжымалы кабинеттер қызмет көрсеткенімен, ауруды анықтап, емдеуге үлгеру мүмкін емес, - деді әңгіме барысында бөлім басшысы.

Тіс дәрігерлері алты жастан бастап балалардағы тіс ауруларының алдын алуда жылына бір рет тексеріп тұрады. Шымкенттік дәрігерлер қазіргі жекеменшік мектептер мен балабақшалар мәселесі өзекті болып тұрғанын айтады. Бөлім басшысының сөзінше, жекеменшік білім ордалары мамандарды кіргізбейтін көрінеді.

Мамандардың дерт көрсеткішін азайтуда гигиеналық тазалықты сақтауда насихат жұмыстарын күшейтуді қолға алудан басқа амалы жоқ. Арнайы сабақтар өткізіп, тіс тазалау, күтімге алу мен дұрыс тамақтануда парақшалар таратуда. Сондай-ақ, ата-аналарға «ауру» қатарына қоспайтын тіс құрттаудың қауіптілігін айтып түсіндіруде.

Тіс жегісі несімен қауіпті?

IMG 20190117 112250

Шынтуайтында «кариес» деп атап жүрген кесел несімен қауіпті? Балалардың тісі құрттағанда ауруға санамай, «тісі түсіп, жаңасы шығады» дейтініміз жасырын емес. Стоматологтардың бұл тұрғыдағы пайымы бөлек.
– Тіс жегісінің пайда болуына ауыз қуысындағы стрептококк бактериясы әсер етеді. Бактериядан тістің эмалі үгіледі, содан кейін дентині ойылады. Сосын ас дұрыс шайналмаса, асқазан бұзылады, егер тісті емдемесе, ауру үстіне ауру жамала береді, - дейді стоматолог-дәрігер Эльмира Мырзанова.

Э.Мырзанова О.Жолдасбеков атындағы №9 лицейдегі стоматология кабинетінде 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Біз барғанда дәрігер бірінші сынып оқушыларының тісін тексеріп жатыр екен.
– 3600 оқушы бар. Айына 400-дей оқушыны тексеріп, тісте проблема болса, емдейміз. Ем жасағанда төменгі сынаптағы оқушылардың жанында ата-аналарының болуын міндеттейміз. Өкінішке қарай, бір сыныптағы оқушыларға тексеру жүргізгенде бес-алтауының ғана тісінің сау екенін көреміз. Дақ түскен, эмалі бұзылған, тісі құрттап кеткендер өте көп. Негізінде сүт, азу тістер 12-13 жасында табиғи түрде түсуі қажет. Бірақ бүгінде одан ерте жұлуға мәжбүрміз, - деген маман тіс жегісінің пайда болуына әсер етіп жатқан факторларды да атап өтті.

Тәттілер, көше тамақтары, неше түрлі сусындардың құрамындағы көмірсулар, бояғыштар мен қоспалар, әсіресе, толық дамып-жетілмеген балалардың тісіне өте зиян. Балалар бұрынғыдай қатты алма, сәбізді (олар тісті қақтан тазартып, жақтың бұлшықетінің жұмысына пайдалы) көп жемейді, керісінше, құнарсыз жұмсақ тағамдарды жеуге бейім. Соның салдарынан тістің құрылымы өзгереді, қуыстарына зиянды қалдық жиналып, одан бактариялар көбейеді. Бұдан бөлек, бала түгілі ересектердің біразы тіс күтімінің ережесін ұстанбайды (әр тамақтанғаннан кейін ауыз қуысын шаю қажет).

Бұл – маман айтқан кеңес. Кеңестің тағы бірі – баланың тісінің сау болуы ананың құрсағында жатқаннан басталады екен.
Дәрігер бізбен әңгімелесу кезінде 7-8 баланың тісін тексеріп үлгерді. Өкініштісі, барлығының ата-анасына емдеу қажеттігін айтқан хат жолданды.
... Бүгінгі сау ұрпақ – ертеңгі ел қамын ойлайтын азамат. Бұл ұл-қыз тәрбелеп отырған әрбір ата-ана үшін маңызды болуы шарт. Себебі, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, қазір әлемдегі адамдардың жартысынан көбісі 30 жасында жасанды тіспен жүр.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.