Версия для печати

Дәрігерлердің жалақысы артып,қызмет сапасы жақсарады Избранное

Пятница, 01 Март 2019 04:06 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3192 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мегаполис тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін ұйымдардың саны көбейіп, дәрігерлердің жалақысы көтеріледі, оларды баспанамен қамту мәселелері қолға алынбақ. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері журналистермен кездесуде мәлімдеп, Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында орын алатын жаңалықтарымен бөлісті.

DSC 2222

Жалақысы көтерілетіндер: 1473

Шымкент қаласы республикалық статус алған соң денсаулық сақтау басқармасының құрамына 36 медициналық ұйым өткен, оның 13-і – емхана. Бұл мекемелерде бүгінгі таңда 3119 дәрігер мен 7796 орта буынды медициналық қызметкер еңбек етуде. Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында учаскелік дәрігерлердің жалақысын 20 пайызға көтеруді тапсырған болатын. Жауаптылар қазіргі таңда Шымқалада жалақыны көтеруге негіз болатын жаңа бағдарламаны оқыту жұмыстары жүріп жатқанын айтады.

–1473 дәрігер мен орта медицина қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 20 пайызға артады. Осы мақсатта мемлекеттен қаржы қарастырылды. Ол үшін еңбекақысы көтерілетін мамандар алдымен ауруды басқару бағдарламасы аясында біліктілігін арттырады. Қазіргі таңда 207 дәрігер мен 475 орта деңгейлі медициналық қызметкер оқытылған, бұл учаскелік желі медицина қызметкерлерінің тең жартысын құрап отыр. Жылдың алғашқы тоқсанында мамандардың барлығы толық біліктілік курсынан өтеді, – деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Абишев.

Осы тұста айта кетерлігі, учаскелік дәрігерлер мен орта буын мамандардың жалақысын өсіруде үш критерийге басты назар аударылады. Ол үшін сол аумақтағы тұрғындар арасында артериалды гипертензия, қант диабеті және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша аурушаңдық төмен болуы қажет. Асқынулар мен өлім-жітім санын азайту, жүктемені және кезектілікті, стационарлық және жедел медициналық көмекті төмендету және пациенттердің денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру секілді индикаторлар да есепке алынады.

Бұдан бөлек, мамандар тарапынан жаңа туған сәбилерге патронаждық көмекті ұлғайтылғанда да қосымша үстемеақы қосылады.

Бастапқы 40 медициналық ұйым ашылады

Шымкенттік дәрігерлер медициналық қызметтің сапасы мен тұрғындардың саулығын жақсартуда бастапқы медициналық қызмет көрсететін мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктерді және шағын клиникалар санын көбейтуді жоспарлап отыр.

– Қазір жаңа талаптар бойынша мекемелер халыққа жақын болуы қажет. Сол үшін алдымен қажеттілік туындап тұрған, қаладан шалғай Исфиджаб, Жаңаталап, Игілік, Сайрам секілді тұрғын алаптарда бұл мәселелерді шешудің тетіктері қарастырылды. Биыл осы мақсатта шаһарда 40 жаңа учаскі ашылу көзделуде, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

DSC 2215

Медициналық ұйымдардың көбеюі дәрігерлердің жүктемесін азайтуға ықпал еткен. Мәселен, өткен жылы жалпы тәжірибелік дәрігерге 2084 адамнан келсе, қазір ол көрсеткіш 1905-ке, 1000 баладан келетін педиатрлардың жүктемесі 838-ге төмендеген.

Тағы бір маңызды мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Қаладағы медициналық мекемелерде 74 орын бос тұр. Акушер-гинеколог, педиатор, анестизолог-реаниматолог, фтизиатор, неанотолог, психиатр мамандардың тапшылығы білінуде.
– Осы тізімдегі мамандарды қуана қабылдаймыз. Оларды «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспанамен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бұл үшін жергілікті әкімдікке бастапқы жарнасын төлеу мәселесін шешуде ұсыныс беруге дайынбыз, – дейді дәрігер.

Енді шаһарда диспансерлік есепке тұратын тұрғындарға мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмектерді алуға қолжетімділік артады.
– Қазір арадағы фармацевтикалық қызметтен бас тартып отырмыз. Енді амбулаторлық дәрілердің тапсырысы «СК- Фармациядан» тікелей медициналық ұйымның өзіне жеткізіледі. Ол үшін емханалардан дәріханалар ашылды. Нәтижесінде 600 млн теңге үнемделді, – деді Ғ.Абишев.

Психиатриалық орталық ашылады

Медицина саласындағы тағы бір жаңалық – қалада психиатриалық орталық ашылады. Ал бюджет есебінен биылға қаралған 3,2 млрд теңгеге қалалық перзентхана мен 3,8 млрд теңгеге қалалық №2 аурухананың (бұрынғы Фосфор ауруханасы) ғимараты күрделі жөнделеді.

Ақ халаттылар аурудың алдын алуға арналған скринингтік тексерілулерге қалалықтар ыждаһаттылық танытса дейді. Қазір қалада скринингтік тексеру жүргізетін медициналық ұйымдар саны 35-ке көбейген (2018 жылы – 27).
– Өткен жылы 91 924 адам глаукомаға тексерілгенде 284-нен дерт анықталған.

Сол секілді сүт безінің патологиясына скринингтік тексеруден өткен 16 365 адамның 27-нен дерт белгісі табылды, – деді басқарманың бөлім басшысы Айгүл Иманалина. Салаға жауапты дәрігерлер сол үшін 40-70 жастағы тұрғындарға 2 жыл сайын қан айналым жүйесі, қант диабеті, глаукома, сүт безі обырын анықтау үшін; 30-70 жастағы әйелдер 4 жыл сайын жатыр мойны обырын анықтау үшін; 50-70 жастағы тұрғындарға 2 жыл сайын тоқ және тік ішек обырын анықтау үшін тексеруден өтуге кеңес береді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.