Версия для печати

Ерте жүктілік – Ұрпаққа қауіп

Пятница, 01 Март 2019 04:11 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6088 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Былтыр елімізде үш мыңнан аса жасөспірім қыз оң жақта отырып, бала тапқан. Екі мыңы түсік жасатып, қалғаны ерте жастан некелескен. Бұл туралы Шымкент қаласының Әйелдер қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Айтбаева «Дені сау қыздар. Ерте неке. Ерте жүктілік» тақырыбымен өткен жиында мәлімдеді. №72 мектепте қоғамды толғандырған мәселеге арналған «қыздар жиналысы» өтті.

DSC 5779

– Кеңес жұмысының бір саласы қыз-келіншектердің денсаулығын сақтауға арналғандықтан, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге көз жұма қарай алмаймыз. Осы мақсатта жасөспірімдермен кездесіп, ақыл-кеңесімізді айтып, жаза басудың алдын алуда тамшыдай болса да көмегімізді тигізгіміз келеді. Арамызда гинеколог, психологтар бар. Жас қыздарды толғандырған сұрақтарына жауап береміз, кеңес алуға мүмкіндік жасаймыз, – деді Баян Айтбаева.
Ал Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Айгүл Сәрсеева білім алудың маңыздылығына тоқталды.

– Елімізде оқушылардың білім алуына жағдай жасалған. Сондықтан сіздердің жастарыңызда үйде ата-ананың тәрбиесін, мектепте білім алып, жан-жақты болуға, өздеріңізді дамытуға тиіссіздер. Өйткені жақсы білім алу дегеніміз – ол сіздердің жарқын болашақтарыңыз. Қоғамда болып жатқан дерттен аулақ болыңыздар, – деді А.Сәрсеева.

Гинеколог Ақсұлу Күзембаева ерте жүктіліктің қыз баланың денсаулығына тигізетін залалын медициналық тұрғыда түсіндірді.
– Жасөспірім кезіндегі жүктіліктің үш қаупі бар. Біріншіден, бұл шақта қыздардың мүшесі дұрыс жетілмейді де, өз өміріне қатер төнеді. Дұрыс дамымаған ағзадан дені сау бала өмірге келмейді. Қоғамнан, ата-анасынан қорыққаннан сәбиін тастап кетеді, лақтырады, қазір көптеген келеңсіз жағдайлар орын алуда. Міне, соңғысы қоғамға залалын тигізеді, – дейді дәрігер.

Қалалық әйелдер кеңесі Шымкентте тұрып жатқан 400 отбасының жағдайына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде 13 пайызы ажырасқан, 14 пайызы жалғызбасты аналар, 13 пайызындағы мұғалімдер мен тәрбиешілердің отбасында күйеулері жұмыс істемейді. Баян Айтбаева сонда ұрпақтың тәрбие жұмысымен кім айналысуда деген ойын ортаға салды.

Ашық форматта өткен кездесуге білім одасының қыздары түгел қатысып, белсенді отырды. Ата-ана беретін тәрбие мен жауапкершіліктің әлсірегенін бүгінгі ұрпақ жасырмады.
«Қыздардың ерте жүкті болып қалуына кім кінәлі?» деген сауалға жасөсірімдердің өздері ата-аналардың жұмысбастылығы, балаларына көңіл аудармайтыны мен ашық сөйлеспейтінінен деп жауап берді.

– Абайсызда опық жеп, мектеп партасында отырып жүкті болып қалғандықтан, жасөспірім қыздар жасанды түсік жасатады да болашақ өміріне балта шабады. Қалай жаза баспауға болады? Психологтар арқылы жас қыздарға өмір құндылығы, өз бағасын білуі туралы кеңес қажет екенін түсіндік. Осы мақсатта психологтарды көптеп тартуға көштік, – деп пайымдады төрайым.

Жиын соңында психологтар Клара Үсенова мен Әлия Ізбасарова қыздармен еркін әңгімелесіп, кеңестерін айтып, психологиялық тренинг өткізді.
Енді әйелдер кеңесі өрімдей жаста қателікке ұрынбаудың алдын алу мақсатында қаладағы барлық мектептегі қыздармен кездесуді жоспарлап отыр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.