Емханаларда дәріхана ашылды Избранное

Среда, 17 Апрель 2019 04:54 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 616 раз

Шымкентте емхана ішінен дәріханалар ашылды. Қазіргі таңда 13 мемлекеттік емханада жаңадан ашылған дәріханалар халыққа қызмет көрсетуді бастап кеткен.

 IMG 3

Енді диспансерлік есепте тұратын азаматтар алысқа сабылмай тегін дәрі-дәрмекті емхана ішінен алады. Мегаполистегі медицина саласында тағы қандай жаңалықтар бар?

Тұрғындарға қолайлы

Шымкенттегі №7 емханаға қала аумағындағы 13 елдімекеннен 62 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Олардың басым бөлігі Тоғыс, Қарабастау, Жалын, Бадам-1,2, Маятас, Жыланбұзған, Қарақия және Қаратөбе секілді қалаға қосылған елдімекендердің тұрғындары.

Қазіргі уақытта емхана ұжымы цифрландыру жүйесіне толық өткен. Соның нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі артып, сапалы қызмет көрсетілуде.

Шалғайдағы тұрғындар үшін дәріхананың ашылуы жағымды жаңалық болды. Өйткені жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабеті секілді дерттермен диспансерлік есепте тұратындар аз емес.

Солардың бірі – Дастан Бултенов қант диабетімен есепке алынып, дәрігерлер тұрақты қабылдауға дәрі тағайындағанына бірнеше жыл болған.

– Мемлекеттен тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бұрын ол дәріні алу үшін орталықтағы дәріханаға баратынмын. Ары-бері жүруге уақыт кететін. Енді емханадан ашылған мынадай дәріхана біз секілді қарияларға ыңғайлы болды, - дейді зейнеткер.

354345345

Қалалық №7 емхананың бас дәрігері Айман Оспанова дәріхананың тұрғындар үшін тиімді бірнеше тұсын былай түсіндірді:

– Бұрын «СК Фармация» қандай жекеменшік дәріханамен келісім-шартқа отырса, тұрғындар дәріні сол жерден алатын. Қазір тікелей өзі қарасты емханадағы дәріханаға келеді.

Мұның тиімділігі сол – диспансерлік есепке тұрған азаматтар дәрігердің қабылдауында болып, емдік рецепт тағайындағасын дәрісін бірден емхана ішінен алып кетеді.

Екіншіден, бұл жүйеде мамандар қандай препараттар жеткіліксіз немесе қаншасы қорда тұрғанын, пациенттердің дәрілерін алған-алмағаны бақылауға алып, күнделікті сарапатама жасайтындықтан, дәрі-дәрмек тапшылығы туындамайды деп күтілуде.

Мобильді қосымша – көмекке

Шымкентте смартфондық ақпараттық жүйеге күні бүгінге дейін 154 609 азамат тіркелген. Нәтижесінде тұрғындарда мобильді қосымша арқылы лабораториялық анализдердің қорытындысын алуға мүмкіндік бар.

Жалпы, №3 емханада жыл басынан 11 мыңнан аса тұрғынға талдау нәтижесі электронды түрде берілген.

– Мобильді қосымшаның уақыт үнемдеуде тиімді екенін түсінген тұрғындар саны күн санап артуда. Қазір мамандарымыз аптасына 100-ге жуық адамды тіркеуге алып жатыр.

Мекемеде 20-60 жас аралығындағы 10 886 интернет пайдаланушы тіркелді. Бірінші тоқсанның өзінде мобильді қосымшамен 8 мыңға жуық тұрғын дәрігер қабылдауына жазылып, 107-і үйіне шақырды.

Сондай-ақ, жаңашылдықтың бірі - кез келген азамат смартфонындағы қосымшасы арқылы анализдердің нәтижесін көре алады.

Нақтырақ айтқанда мобильді қосымша арқылы қан талдауы, несеп секілді 30-ға жуық лабороториялық анализ түрін көруге мүмкіндігі бар, - дейді Динара Жұмадилова.

Дәрігерлердің жүктемесі төмендеді

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қалада жыл басынан бері 48 учаскелік аймақ ашылғанын жеткізді. Оның 28-і жалпы тәжірибелік учаскелер болса, 15-і - педиатриялық.

Соның ішінде 11 учаске Нұрсәт шағынауданындағы №3 емханадан ашылған. 58 мың тұрғын тіркелген медициналық ұйымда 12 мыңдай азамат түрлі дертпен диспансерлік тізімге алынған, 9 мыңы - ересектер.

– Учаскелік дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуде 6 жасқа дейінгі балаларға 11 педиатриялық аймақ ашылды. Соның нәтижесінде жалпы тәжірибелік аймаққа тіркелген халық саны 2500-ден 1500-ге төмендеді, - дейді №3 емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Динара Жұмадилова.

Осындай жаңашылдықтардың нәтижесінде Шымкентте жыл басынан бері жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жүктемесі 2000 адамнан – 1789-ға, педиатр жүктемесі 1000 баладан 838-ға төмендеген.

Бүгінгі күні ақ халаттылардың жүктемесін азайтып, сапаны жақсартуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктері және шағын жекеменшік клиникаларды жетілдіру жұмыстары қарқынды жүруде.

Алғаш рет буынға тіліксіз ота жасалды

Шымкент қаласындағы №1 клиникалық ауруханада буынға алғаш рет тіліксіз ота жасалды. Дәрігерлер жабық операцияны жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен 19 жасар қызға жасаған. Ота кезінде мамандар бойжеткеннің аяғындағы үзілген сіңірін хирургиялық жолмен байлап берді.

Айта кетейік, жабық операция Алматы қаласындағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Арман Әбдіразақовтың жетекшілігімен өтті. Білікті маман ота жасау арқылы жергілікті ақ халаттылармен тәжірбие алмасқан.

Шеберлік сабағы кезінде білікті маманның жетекшілігімен аурухана базасында 2 науқастың тізі буынына тіліксіз ота жасалды. Мұндай операция жасау үшін травматологтар «Артроскоп» аппаратын қолданып, аяқтағы жарақатты хирургиялық жолмен емдеп берді.

Бұрын езіліп кеткен жілікшелерді жалғау үшін тізені тіліп, буындарды ашуға тура келетін. Енді науқастың денесінің екі-ақ жері тесіледі.

«Бұл әдістің науқастардың ертерек аяғынан тік тұрып кетуіне пайдасы көп және денеге тыртық түспейді», - дейді мамандар.

Последнее изменение Среда, 17 Апрель 2019 05:20
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.