Жұқпалы дерт жұқпасын десеңіз... Избранное

Среда, 24 Апрель 2019 04:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3765 раз

Кішкентай қызымның іші өтіп, ыстығы 38ºС-тан түспей, аяқ астынан ауырып қалмасы бар ма?! Халі ауыр болған соң, жедел жәрдеммен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан бір-ақ шықтық.

Без имени-1

Ал содан ұйқысыз түндер, біресе тамырдан, біресе жамбастан дәрі егу басталды. Бастапқы үш тәулікте қанша дәрі егіліп, түрлі медициналық шаралар жасалса да, қызымның құсқаны да, ішінің өткені де басылмады.

Соншама дәрінің әсері болмайтындай, «Бұл қандай ауру?» деп басым қатты. Өзіміз ауырсақ, жанға батқан жерімізді білер едік. Ал өзі бір жасқа жаңа толған, бесіктен белі шықпаған бала ауырса... Оны сөзбен айтып жеткізу қиын.

Жұқпалы аурулар ауруханасы. Бір сәтке дамыл жоқ. Бір түнде бір бөлімге 60 бала науқастанып түскен. Үшеуі жан сақтау бөліміне жатқызылса, біреуі ларингитпен, тағы біреуі тырыспамен түсті. 60 баланың 60 анасын қоса есептегенде, 120 адам аурухананың 2-бөлімшесінде дел-сал күйде жаттық. Кейбіріне сырқатының ауырлығына қарай он күндеп жатуға тура келеді.

Дәрігерлер науқастарды ауруының ағымына, дәрежесіне қарай жатқызуда. Жедел респираторлық-вирустық инфекциялық аурулардың жеңіл, орта және ауыр түрі бар. Өте ауыр түрі бірден жансақтау бөлімшесіне жіберіледі.

«Отбасылық жағдайына да қараймыз. Өйткені қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да көп. Ең арзан деген парацетамол дәрісін сатып ала алмайтындары да бар арасында. Кейбіреулері шын мәнісінде ауруханаға жатқысы келмейді. Бұл жерде үйдегідей жағдай жоқ. Тәртіпке бағынғысы келмейді.

Мемлекеттік мекеме болғандықтан, бізге не рұқсат етілген, соны ғана бере аламыз», - дейді қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы №2 бөлімшесінің меңгерушісі Мәншүк Салықбаева.

№14 палата. Бес төсекте бес бала дене қызуы түспей, сұлық жатыр. Әр бес минут сайын қызу өлшегіштің көмегіне жүгіндік те отырдық. Қызуы сәл түсіп қалса, қуанып кетеміз. Қайта көтеріле бастаса, ұнжырғамыз түсіп, уайымға батып кетеміз. Өздеріңіз білетіндей, жұқпалы аурулар ауруханасына кірген адамға әбден жазылғанша сыртқа шығуға тыйым салынған.

Терезелері де кварц қосылғаннан кейін ғана аз уақытқа ашылады. Бір-бірінің ауруын жұқтырып алу қаупі жоғары болғандықтан, дәлізде жүруге болмайды. Бұл да болса науқас адамның сырқатынан барынша тезірек айығып шығуына жасалған жағдай деп білеміз.

Күнде таңертең бөлім меңгерушісі мен кезекші дәрігер келіп, балаларды бастан-аяқ тексеріп, жағдайын біледі. Бөлім меңгерушісі Мәншүк Салықбаевадан осы жұқпалы аурулар індеті қайдан, қалай пайда болатынын білгіміз келді.

Вирус мезгіл таңдамайды

Жұқпалы вирустардың қайдан пайда болатыны туралы нақты ғылыми зерттеу жұмысы жүргізілмеген. Адамдар шетелге барғанда жұқпалы аурудың түр-түрін жұқтырып келеді.
Қазір «маусымдық» деген ұғым жоғалды. Бұрын қыста ЖРВИ, жазда жұқпалы ішек аурулары болса, бүгінде вирустың түрі көп, мезгілге де қарамайтын болды, ауа тамшылары арқылы ауа жайыла беріледі.

Биыл менингит пен қызылша індетке айналып отыр. Көктем шығып, ағаштар бүршік атып, ауа ылғалдана бастаған кезде, әсіресе. жазда бассейндерде менингит жұқпасы көбейеді. Менингит пен ЖРВИ-дің белгілері ұқсайды. Менингит – вирустық инфекцияның асқынуы. Мысалы, балабақшада 20 бала болса, соның екеуі менингит болуы мүмкін. Бұл ауруға көбіне иммунитеті төмен балалар тез шалдығуы мүмкін

Қызылша – қандай дерт?

– Қазір жұқпалы аурулар ауруханасының 4 бөлімшесінде қызылшамен ауырған 100-ге жуық науқас жатыр. Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Көбіне балаларда кездеседі. Ауруға қарсы екпе алмаған адам оны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Егер сіз немесе сіздің балаңызға қызылшаға қарсы екпе салынбаса, науқас жәй ғана жаныңыздан өтіп кетсе, ауру жұғуы мүмкін.

Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Инфекция көзі – төртінші күн бөртіп ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бөртіп жүрген адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойына иммунитет сақталады.

Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені, оның бойында анасынан берілген аурудан қорғайтын қарсы денелер (антитела) уақытша сақталады.

Қызылша вирусы ағзаға енгеннен кейін клиникалық көрінісі 21 күнге созылады. Ең қауіпті күндері 7-17 күндер аралығы. Температура 39ºС-қа 3-4 күн қатарынан көтерілгеннен кейін айқын біліне бастайды. Іш өту, құсу, Филатово-Коплика дақтары (ауыз қуысындағы ұсақ ақшыл дақтар) пайда болады, денесінде бөртпелер кезең-кезеңімен шығады.

Ең бірінші бет пен құлақтың артына, одан кейін мойын мен кеудеге, сосын аяққа түседі. Бөртпе толық шыққаннан кейін дене қызуы түседі. Егер баланың иммунитеті жақсы болса, жеңілдеу өтеді.

Індетке шалдықпас үшін салауатты өмір салтын ұстану, режим сақтау, дене шынықтыру, дұрыс ұйықтау, сұйықтық көп ішу керек. Ересек адам тәулігіне 2-2,5 литр, балалар салмағына қарай 1 литрден жоғары ішуі тиіс.

– Жұқпалы аурулар ауруханасының тыншитын кезі бола ма? - дедік әңгімеміздің соңында бөлім меңгерушісіне.

– Кейде болады. Наурыздың ортасында 40-50 науқас келген күндер болды. Қазір күн жылынған соң кене шағу маусымы басталды. Кене шаққандарды оқшаулайтын бөлмелерге орналастырамыз, - деді дәрігер.

Қызылшадан сақтанудың жолы – екпе.

Тобықтай түйін:

Жұқпалы аурулар ауруханасында өткен бес күнді жазған себебіміз, ата-аналарды қазір жүріп жатқан індеттерден сақтандырғымыз келді. Дұрыс ұйықтап, дұрыс тамақтанып, көп сұйықтық ішіп, салауатты өмір салтын ұстанған адамнан дерт те алшақ болады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.