ҚАН ТАПСЫРУ – САУАПТЫ ҚАДАМ

Четверг, 25 Апрель 2019 06:28 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 449 раз

донор

Жыл сайын донорлар тапсырған қан миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Олардың көмегімен өлім аузында жатқан науқастардың жағдайларын жақсартып, сонымен қатар күрделі хирургиялық оталар,  медициналық процедуралар жүргізіледі.

Қан қызметі денсаулық сақтау ісінің бірден бір маңызды бөлігі. Соңғы онжылдықта қан компоненттеріне сұраныс көбейіп ақысыз донор болу мәселесі өзекті болып отыр. Біздің қан орталығымызда қан компоненттерін дайындау тек қажеттілігіне сәйкес жасалады. Біз донор қанын оңтайлы қолданамыз. Бүгінгі таңда емдеу мекемелерін донор қанмыен толық қамтамасыз етіп отырмыз.

Донор - латын тілінен аудар­ған­да «сыйлау» деген мағы­на­ны білдіреді екен. Ол белгілі бір дертке шал­дық­қан науқасқа өз еркімен қан бе­ре­тін адам.

Донорлық қан - күйіп қалу мен соққыдан болған жа­рақатта, күрделі ота мен бала бо­санудың ауыр жағдайларында өте қа­жет. Оны жасанды бірде-бір сұйық­тықпен алмастыруға кел­мей­ді. Адам ағзасында 5 литр қан болады. Қан плазмадан, эротроцит, лейкоцит және тромбоцит секілді формалы элементтерден тұрады.

Ауруларға қажет қан компоненттерінің бір түрі – донорлық тромбоциттер.

Егер науқаста қандағы тромбоциттер мөлшері өте төмен болып, қауіпті қан кетулер болған жағдайда, оған донорлық тромбоциттер құю қажет. Науқасқа әр түрлі донордан алынған қан өнімдерін құю салдарынан трансфузиялық реакциялар мен асқынулардың пайда болу мүмкін. Бұл қауіпті төмендету және бір донордан алынған тромбоциттер санын арттыру үшін арнайы емшара - донорлық тромбоцитоферез әдісі қарастырылған.

Донорлық тромбоцитоферез деп – донорлық қаннан тек тромбоциттер бөлініп, қалған компоненттер (эритроцит, лейкоцит және плазма) донорға қайтарылатын әдісті айтады.

Емшара Қазақстан Республикасында рұқсат берілген арнайы аппаратта дайындалады. Бір донордан 1-1,5 сағатта бірнеше циклдың ішінде 1-2 терапевтік доза дайындалады.

Сонымен, тромбоцит доноры кімдер донор бола алады?  

18 жасқа толған, денсаулығы жақсы, ешбір созылмалы аурулармен ауырмаған және қан әдісімен 2-3 рет қан тапсырған тұлғатромбоцит доноры бола алады.

Ал, гепатит, сифилис, туберкулезбен ауырғандар, ВИЧ-індетін жұқтырғандар, нашақорлар және бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамыры жүйесінде кездесетін созылмалы ауруларға шалдыққан адамдар донор бола алмайды. Сондай-ақ, қан тапсырардан біраз бұрын ота жасатқандар, тісін емдетіп немесе жұлдырғандар, дәрі-дәрмек ішкендер, екпе салдырғандар донор болуына уақытша шектеу қойылады. Қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар да донор бола алмайды.

Көптеген адамдар қан тапсыруға қорқады. Кейбір адамдар қан тапсыру денсаулыққа қауіпті деп ойлайды. Керісінше, қан алғызып отыру өте пайдалы. Ғалымдардың зерттеуінше, қан тапсырып тұратын адамдардың инфарк ауруына шалдығыуы қан тап­сырмайтындардан 10 есе аз екен. Қан тапсыру ас қорыту мен ұй­қы­­безінің бұ­зылуы, буынға тұз жи­налу, жү­рек-қан тамыр­лары жүйесі ау­ру­ларының ал­дын алуға пай­далы. Дүниежүзі­лік денсаулық сақ­тау ұйымының мә­ліметінше, қан тап­сыруды әдетке ай­налдырған адам қан тапсырмайтындардан орташа есеппен 5 жыл артық өмір сүреді.

Донор болудың ешқандай зияны жоқ. Қан тапсыру барысында қолданатын шығын материалдар бір реттік, олар дәл қан тапсыру алдында жаңадан ашылады. Донор болу жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алуға көмектеседі, иммундық жүйе жұмысын жақсартады.

«Қан қажет болған адамға тек өзінің туысқандары, достары көмектеседі» деген ой – қате, кейбір жалғыз басты адамдарға немесе жақын арада көшіп келген адамдарға кім көмектеседі? Ешбір адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді, оқыс жағдай туындамайтынына ешкім кепіл бере алмайды. «Кімде-кім адамның өмірін сақтап қалса, ол барлық адамзаттың өмірін сақтағанмен бірдей» - деген ислам ғұламасы М.С. Рамазан Бути. Сондықтан ақысыз донация қәзіргі кезде адамгершілікті ардақ тұтқан адамның қажеттілігі болып табылады.

 

 

Дайындаған:

Қалалық қан орталығының дәрігерлері,

ЕШПАНОВА А.А., УСЕНОВА С.М.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.