Үшінші мегаполисте халықаралық мейірбикелер күні салтанатты түрде аталып өтті.
Мерекеге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, денсаулық сақтау ұйымдарының орта буынды қызметкерлері мен ардагер-мейіргерлер қатысты. Салтанатты жиында ардагерлерге құрмет көрсетілді.
– Мейіргерлер – әрдайым науқастың қасында болатын қызметкерлер. Науқастың нәтижелі емделуі, тез оңалуы және жағдайының жақсаруының 80 пайызы мейіргерлік күтімге байланысты. Мейірімділік, елгезектік, қайырымдылық және адам өміріне үміт сыйлау секілді қасиеттер мейіргерлерге тән.
Медицина саласында фельдшерлер, акушерлер және орта буынды медицина мамандарының еңбектері зор. Сондықтан олар құрмет көрсетуге де алғысқа да лайықты, - деген қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан мамандарды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев жылдың «Ең үздік мейіргер», «Ең үздік акушер», «Ең үздік фельдшер», «Ең үздік зертханалық маман» атанған қызметкерлерді құттықтап, сый-сыяпат жасады. Бұдан бөлек, бірқатар мамандарға шипажайларға тегін жолдама тапсырылды.
Айта кетейік, республикадағы 175 мыңға жуық орта буын медицина қызметкерлерінің 8500-ге жуығы Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде қызмет атқарады.