Версия для печати

ПЕДАГОГ. ҒАЛЫМ. БАСШЫ

Пятница, 24 Май 2019 04:30 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4031 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қырық жыл бойы жас ұрпаққа cапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беріп, ғылым саласында тынбай еңбек еткен, талай толқын студенттерді тәрбиелеп шығарған Әбдіманап Әбдіразақұлы Жолдасбеков – өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырған, білім-ғылымда өзінің жарқын қолтаңбасын айқындаған ұстаз.

IMG 5762

Педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Ғибратты ғалымды мерейлі, кемел шағы – Пайғамбар жасына толуымен шынайы құттықтап, өмір, білім, ғылым жолымен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Әбдіманап Әбдіразақұлы 1956 жылы 25 мамырда Келес ауданының Келес кеңшарындағы Бірінші мамыр бөлімшесінде (қазіргі Қошқарата ауыл әкімдігіне қарасты Бірінші мамыр ауылы) дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Шымкент педагогика институтына (қазіргі ОҚМПУ) оқуға түсіп, физика, еңбек және жалпы техникалық пәндер мамандығы бойынша тәмамдап шықты.

Өзінің еңбек жолын 1979 жылы Сарыағаш ауданының Әлімтау кеңшарындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте мұғалім ретінде бастаған. Кейіннен мектеп директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет істеген.

1986 жылдың қаңтар айынан бастап Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтына оқытушылық қызметке келеді. Қызмет істей жүріп 1988 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) аспирантурасына түседі.

Сөйтіп, Әбекең үш жыл оқитын аспирантураны мерімінен үш ай бұрын бітіріп шығады. 1991 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымының кандидаты ғылыми атағын алады. 1994 жылы доцент атанды. 1996 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Халықаралық туризм және сервис кафедрасының меңгерушісі болды.

2005 жылы «Кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі» (13-00-08) мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап, 2008 жылдан профессор атағын алған. 2012 жылдан қазіргі күнге дейін дене тәрбиесі және спорт факультетінің деканы қызметін атқарып келеді.

Әбдіманап Әбдіразақұлы екі рет – 2005 және 2011 жылдары «ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» грантының иегері атанған. 480 ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы, соның ішінде 15 оқулық, 14 оқу құралы, 3 монография, 8 патент және 30-дан астам мақала авторы. 2 Хиршасы (мұны ғылым адамдары жақсы түсінеді) бар.

Оның ғылыми еңбектері егемен еліміздің жоғары оқу орындарында қолданылып келеді. Осы ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектерінің арасынан, әсіресе, Алматыда жарық көрген мына оқулықтарды бөле-жара атауға болады: «Креативті психология» (2013 ж), «Теория и методика воспитательной работы» (2016 ж), «Кәсіби білім беру педагогикасы» (2016 ж), «Совершенствование педагогического мастерства» (2017ж).

Белгілі ғалым ретінде 2001 жылы Кипрдің Ларнак, 2006-2010 жылдары Ресейдің Мәскеу, 2006, 2011, 2013, 2015, 2018 жылдары Түркияның Стамбұл, Анталия, 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул, 2010 жылы Испанияның Сарагоса, 2011 жылы Францияның Париж қалаларында өткен Халықаралық дәрежедегі конференцияларға қатысып, баяндамалар жасаған.

Ә.Жолдасбековтың ғылым жолында осы уақытқа дейін тікелей пікірлесіп, әдістеме алмасып жүретін шетелдік ғалымдар көп. Атап айтқанда, доктор, профессор Шиам Патиар (Ұлыбританиядағы Лонджрино колледжі), Алекс Шутен (Испаниядағы Майорка университеті), Юнг Синг (Оңтүстік Кореядағы Хаома университеті), Ахмет Акташ (Түркиядағы Акдениз университеті), Джемал Окиан (Түркиядағы Балыкесир университеті), Т.Н.Ананьева (Мәскеу қаласындағы РГУТиС), Ю.И.Родин, А.Л.Дмитриев (Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті) -- солардың санатында.

Осылайша Әбекең Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан бастап, Испанияның Мадрид, Сарагоса, Барселонаға дейінгі, Кипр, Египет, Түркия, Ресей, Украина, Франция елдерінде болып, Қазақстан ғылымын паш ете білді. Бұл оның төрткүл әлемде іргелі ғалым ретінде мойындалып, танылғанын айқындаса керек.

Ә.Жолдасбековтың жетекшілігімен екі ғылым докторы, жеті ғылым кандидаты, 50-ден аса магистрлер даярланған. Қазіргі таңда оның жетекшілігімен алты Phd докторанты ғылыми жұмыстар әзірлеуде.

Ә.Жолдасбеков басқаратын факультеттегі студенттерге білім беру әлемдік стандарттарға сай жүргізіледі. Кредиттік технология, сапа менеджменті, Болон процесі деген білім беру саласындағы жиі қолданатын сөздер академиялық ұтқырлық, профильді оқыту, дуальді білім беру, білім беру бағдарламасы деген әлемдік білім беру кеңістігіндегі терминдермен ұласып, осы тұрғыда факультетте заманауи үлгідегі жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Барлық мамандықтардың студенттеріне ҚР жоғары оқу орындарында, жақын және алыс шет елдердің университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша толық оқу мүмкіндіктері жасалған.

Айта кетерлігі, Әбекең басқаратын факультет 2018 жылдың рейтінгтік қорытындысы бойынша Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 12 факультетінің ішінен топ жарып, 1-орынды иеленген. Ал қысқы емтихан сессиясы көрсеткіші бойынша факультет 2-орынды еншіледі. Бұл оның ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым ғана емес, білікті басшы екенінің де жарқын көрінісі болса керек.

ҚР туризмінің Құрметті азаматы, Германиядағы Гумвольд университетінің Құрметті докторы, Ресей Федерациясы Жаратылыстану ғылымы мен білімінің Құрметті азаматы, Нобель медалінің иегері, РФ Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атанған Әбдіманап Әбдіразақұлының ұл-қыздары да әке жолын қуып, ғылым кандидаттары атанған.

Қарындасы Сәуле Әбдіразаққызы Жолдасбекова – педагогика ғылымының докторы, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры. Ұлы Бақытжан магистратурада оқиды.

Әбекең адамгершілігі мол, көпшіл, бауырмал азамат, жолдастарына деген сыйластығы, басқаларға қамқорлығы жоғары деңгейде көрінетін аға. Сөз соңында еліне танымал ғалым, ұстаз әрі іргелі оқу орнында басшылық қызметті абыроймен атқарып отырған педагог, ғалым, басшы Әбдіманап Әбдіразақұлын құттықтап, «Егемен еліміздің білім, ғылым саласына бергеніңізден береріңіз көп.

Өскелең жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қызметіңіз жемісті жалғаса түссін!» деген ізгі тілек білдіреміз.

Айдар БАЛАБЕКОВ,
М.Әуезов атындағы
ОҚМУ кафедра
меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.