Шымкенттегі дендрологиялық саябақта дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні атап өтілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің демеушілігімен балалар алаңшасы ашылды.
Іс-шарада Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көпшілікті даталы күнмен құттықтады.
– Бұл мерекенің Шымқала үшін маңызы ерекше. Өйткені, біздің Шымкент – жасыл желекке оранған қала. Біз жыл сайын 100 мыңға жуық ағаш, 2 млн-нан астам гүл егеміз. 11 саябағымыз бар.
Биыл құрылғанына 40 жыл толғалы отырған дендросаябаққа қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Бұл – тарихи сәт, - деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.
Қала әкімі мегаполистің әр тұрғынын ағаш егіп, оны күтіп-баптауға шақырды. «Әр адам үшін 1 жылда 1 ағаш ексе, қаламызда 1 млн ағаш өсіп, қоршаған ортамызды көгалдандыруға мол үлес қосар еді», деді әкім.
Мерекелік кеште саябақ сахнасында экологиялық орталықтың, жастардың қатысуымен концерт өтті.