Кардиология: жүрегіңізді жастай сақтаңыз Избранное

Пятница, 14 Июнь 2019 05:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3334 раз

Шымкентте дүниежүзілік артериалды гипертониямен күрес күніне орай онкүндік аясында «Өз қан қысымыңды анықта!» акциясы ұйымдастырылды. Мұндай іс-шараның маңызы зор. Себебі, бүгінде жүрек-қан тамыр дертіне шалдығушылар қатары артуда. Шымкентте артериалды гипертониямен 65 мыңға жуық науқас диспансерлік есепке алынған.

Осы орайда аяқ астынан ажал құштыратын дерттен қалай сақтанамыз? Шымкент қалалық кардиологиялық орталық бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас кардиологы Гүлмира Алиповамен осы мәселе төңірегінде сұхбаттастық.

IMG-20190613-WA0058

– Гүлмира Шекербекқызы, әңгімемізді жуырда орталықта жүректі диагностикалау бойынша ресейлік дәрігер өткізген шеберлік сабағынан бастасақ. Жүрек қан-тамыры ауруларының алдын алуда диагностикалау қаншалықты маңызды?

– Кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуде жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасаудың маңызы зор.

Мәселен, экокардиография аурудың пайда болу себебін және болжамын анықтаса,допплерография инфарктен кейінгі ота алдында негізгі тексеру үшін қажет. Жоғары атап өткен УДЗ хирургиялық науқастарға ота алдында, ота кезінде және отадан кейін де қажетті құрылғы. Шымкент қаласындағы 8 емханада және қалалық диагностикалық орталықта жүрекке диагностика жасайтын заманауи УДЗ құрылғысы орнатылған.

Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын ескерсек, диагностикалаушы мамандар да біліктілігін арттырып отыруы тиіс. Қазіргі таңда осы мәселеге бетбұрыс жасалынып жатыр. Ресейдің Самара мемлекеттік медициналық университетінің сәулелі және ультрадыбыстық диагностика кафедрасының доценті Ольга Терешинаны қаламызға арнайы шақырттық.

Мысалы, орталыққа жуырда 3D, 4D режимде көруге мүмкіндік беретін эксперт санатты ультрадыбыстық диагностикалық құрылғы жеткізіледі деп жоспарлануда. Осы жағдайда мамандарымыз жаңа технологиямен жұмыс істеуге дайын болуы тиіс.

– Жүрек қан-тамыры аурулары кардиологтардың бас ауруына айналған күрделі мәселесе болып тұр. Дертпен күрес қалай жүруде? Ауру көрсеткішіне тоқталсаңыз.

– Ия, әлемдік статистика көрсеткендей, онкология – 13%, жарақат – 12% және жүрек-қан тамыры ауралары (ЖҚА) – 26%, барлығын қосқанда барлық өлім-жітім арасында 51%-ды құрайды.

Шымкент қаласында өлім-жітім көрсеткіші былтыр біршама азайды, нақты айтқанда 2018 жылдың қорытындысы бойынша 128,7 (100 мың халыққа шаққанда), бұл 2017 жылмен салыстырғанда 9%-ға төмен. ЖҚА көрсеткіші – 28%-ды, жіті миокард инфарктісінен өлім-жітім – 7,03 (100 мың халыққа шаққанда), ол республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 42%-ға төмен. Ал республикамен салыстырғанда өңіріміз өлім-жітім бойынша 5-орында тұр.

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша артериалды гипертониямен 65 мыңға жуық, жүректің ишемиялық ауруларымен 16 349 науқас диспансерлік есепте тұр. Елімізде «Артериялық қан қысымыңызды бақылай отырып, өміріңізді басқарасыз!» ұлттық бағдарлама аясында аурудың алдын алу шаралары жұмыс істейді. Осы бағдарлама аясындағы ұйымдастырылған акцияда тұрғындарды жан-жақты ақпараттандыруға тырысамыз.

Жалпы артериялдық қан қысымын анықтауда халықтың белсенділік танытуы маңызды. 18 жастан асқан әр адам өз артериялдық қан қысымын білуі керек. Бүгінде елімізде шамамен 1,5 миллион адам артериялдық гипертониядан зардап шегеді және жартысы өз дерті туралы білмейді екен. Артериялдық гипертонияны емдеу ерте басталып, дәрігер тағайындаған ем үзіліссіз болғанда ғана адамның өмір сүру ұзақтығы артады.

– Шымкент республикадағы мегаполис қалалар қатарына енді. Технология, экология, күйзеліс, ішіп-жеуді әдетке айналдырған көше тағамдары, яғни осылардан гипертонияға шалдығу қауіптілігі артуы мүмкін бе?

– Бұл аталғандардың арасында расында күйзеліс пен дұрыс тамақтанбаудан дертке шалдығу қауіптілігі бар. Одан кейін дене белсенділігінің аз болуы қауіпті факторлардың арасында бірінші орында тұр. Осы тізімнің қатарындағы тұқымқуалайтын семіздік те ойлантарлық мәселе.

Мәселен, 3-6 жасар бүлдіршіннің дене салмағы артық болса, семіздіктің сақталу мүмкіндігі 50%-ға артады. Жасөспірімдердің 80%-ға жуығы қажетті шараларды қабылдамаса, есейгенде сол қалпы қалады. Артық салмақ – жүрек ауруларына «жол салып беретін» бірден-бір фактор. Бұдан бөлек жүректің жауы – тұз, тұзды тағамдар. Сондықтан ас тұзын тұтынуды оңтайландыру қажет. Отбасында тамақтану әдеті кейбір «тұзы аз» тағамдарға бағытталса, дұрысы сол.

Жалпы денсаулық деңгейіне факторлар арасында темекі шегу мен ішімдіктерді тұтыну да бар. Әр тартылған темекіден кейін артериялық қан қысымы бірден артатынын біліп жүрген артық болмайды. Балалар арасында қан қысымының жоғары болуына аз қозғалысты өмір салты, фастфудты көп тұтыну ықпал етеді.

– Балалар демекші, жуырда Ұлттық ғылими кардиохирургиялық орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пя қала әкімімен кездесуінде үшінші мегаполисте балалар кардиохирургия орталығын ашу мәселесін көтерді. Бұл кеселдің балалар арасында да дендеп бара жатқанын айғақтай ма?

– Ия, жүрек аурулары балалар арасында да өзекті. Өңірімізде жылына 80 мыңға жуық нәресте туылады, соның 850-ге жуығына туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылады. Жылына 300-ден астам балаға ота жасалады. Айталық, 250 ота ашық жүректе және 120 ота интервенттік әдіспен балалар кардиохирургия бөлімінде, облыстық балалар ауруханасында өтті. 100-ден астам күрделі туа біткен жүрек ақауы бар балалар республикадағы орталықтарға санавиациямен жеткізіледі.

Сондықтан еліміздің бас кардиологының көтерген мәселесі орынды. Ал артериалдық гипертония мәселесіне тоқтай кетсек, балалар мен жасөспірімдер арасында бұл дерт аса өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Себебі, ересек адамның зиянды әдеттерін жою немесе өмір салтын өзгертуге қарағанда баланы кішкентай кезінен өз денсаулығына дұрыс, саналы түрде қарауына тәрбиелеу, тұрақты белсенді өмір салтына дағдыландыру оңайырақ.

Ол үшін әр отбасында дұрыс тамақтану ережелері туралы балалардың білімін түзетіп, тазалық пен тамақтану мәдениетін дағдыландырса дейміз.

– Артериалды гипертонияда өз бетінше ем қабылдап жүруге бола ма? Ол қаншалықты қауіпті?

e2e4d45374a7e19dd27371093c6bb9bc XL

– Сау адамның типтік артериялық қан қысымы 120 және 80 мм Hg құрайды. Оның деңгейі сынап бағанасынан 140/90 мм және жоғары болса артериялық гипертония болып есептеледі. Егер адам өзінде артериалды гипертония белгісін байқаса, міндетті түрде дәрігерлік тексерілуден өтіп, қажетті ем-домын алып тұруы тиіс. Әйтпесе, оның соңы жүрек ауруы, инсульт пен жүрек жеткіліксіздігіне ұласады, мүгедектікке апарады немесе мезгілсіз өлімге душар етеді.

Артериялық гипертензияны «үнсіз жан алғыш» деп бекер айтпайды, себебі бірінші кезде бұл аурудың белгісі білінбейді. Адам өзін жақсы сезініп, белсенді болады. Егер осы кезде тексеру жүргізсе, жағымды көңіл-күймен ағзадағы бар өзгерістерге қатысты арасында сәйкессіздік анықталады. Артериялық қан қысымын өлшеу салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі болуы керек. Қан қысымын таңертеңнен бастап күніне бірнеше рет өлшеу керек.

– Кардиолог маман ретінде дерттен сақтануда кеңес берсеңіз...

– Жоғары қан қысымының даму қаупін және оның қолайсыз салдарын азайту үшін әр адам мынадай нақты қадам жасай алады. Майлы, тұзды тағамдардан бас тартып, жемістер мен көкөністерді көбірек жеген дұрыс. Алкоголь мен мен темекіні тұтынуды тоқтатып, салауатты өмір салтын ұстануға көшуге кеңес берер едім.

Сондай-ақ, балалар мен жастар кемінде күніне 60 минутын дене белсенділігіне арнағаны жөн. Онсызда қазіргі техника заманында дене белсенділігі аз уақытта оларды теледидар немесе ұялы телефонға телміртуге болмайды.
Алда жаздың аптап ыстық күндері келе жатыр. Қан қысымын қалыпты ұстауда кардиологтардың кеңесін ұстануға кеңес береміз.

– Артериялық гипертензиямен есепте тұратын науқастарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде қандай өзгерістер күтуде?

– Тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында жүрекке жасалатын оталар, артериалды гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүректік жетіспеушілік, аритмия ауруларына шалдыққан науқастар тегін емделеді. Жыл басынан бастап бірыңғай жиынтық төлем енгізілген. Оның ішінде басқа әлеуметтік төлемдермен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы да бар.

Бұл төлем азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының талаптарын сәйкес 2020 жылдан бастап мемлекет азаматтардың 13 санатына сақтандыру жарнасын аудара бастайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
А.КЕРІМҚҰЛОВА

Дәрігер кеңесі:

Жүрекке пайдалы велосипед теуіп, баскетбол немесе футбол ойнау, доппен ойнау, жаяу жүру керек.

Жүрекке пайдалы азықтар: жұмыртқа, ірімшік, сүт өнімдері, жаңғақ, сүтпен кептірілген жемістерді жеу керек.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.