Версия для печати

Дүниеге келді қос үшем

Среда, 26 Июнь 2019 06:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3189 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мегаполисте қос үшем дүниеге келді. Миллионды қаланың демографиясының дамуына үлес қосқан аналарды денсаулық сақтау басқармасының басшылығы құттықтап, үшемдерге сый-сияпат жасады.

DSC 8317

Қала тұрғыны Аида Баянболова үш бірдей қызды дүниеге әкелсе, Гулмира Қуандықова екі қыз бен ұл баланың анасы атанды. 33 жастағы Аида Баянболова 12 жыл бойы сәбилі болуды армандағанын айтады. Енді Аиданың шаңырағында Айзере, Алуа, Айзия есімді сәбилер бар.

– Мерзімінен бұрын дүниеге келген үшем жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Қазір балалардың денсаулығы жақсы, салмақ та қосты. Анасына үшемге қалай күтім жасау қажеттігін түсіндірдік, - деді Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың жан сақтау бөлімшесінің меңгерушісі Насиба Қорғанбаева.

Ал 22 жастағы Гүлмира Қуандықованың босанғанына бір жеті болды. Сәбина, Әлинұр және Адина есімін иеленген сәбилер күніне жетпей туғанымен, дәрігерлердің көмегімен жағдайлары бірқалыпқа түскен. Үшем мен аналары әлі біраз уақыт перзентханада дәрігерлердің бақылауында болады. Жас ана перзентхана дәрігерлеріне алғысын жеткізді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная аналарға ыстық ықыласын жеткізіп, балаларының сау болып өсуіне тілектестік білдірді.

– Қос үшем дүниеге келіп қуантып жатыр. Босанған ана мен нәрестелердің денсаулығы дәрігерлердің бақылауында болды. Перзентханадан шыққан соң да емхана мамандарының жіті назарында болады, - деді дәрігер.
Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері 10 мыңнан аса сәби дүние есігін ашқан.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.