«Кесапат» ене, «келсап» келін немесе 8 ананың тауқыметі Избранное

Среда, 21 Август 2019 08:41 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 8762 раз

Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін қамқор ене мен ибалы келіндер жаһанданудың жұтына жұтылып бара ма, қалай?! Отбасылық жанжал мен дау-дамайдан көз ашпадық деп ағынан жарылған бір топ келіннің сырын тыңдамаққа дағдарыс орталығына бас сұғып қайттық.

372

 

Келіні жақсы үйдің керегесін алтынға балайтын халықпыз ғой. Өйткені біздің түсінігімізде келіннің аяғымен үйге құт-береке кіреді, ұрпағымыз өсіп-өнеді. Ал қазақтың келіндері қандай десеңізші? «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері, Көл-дария секілді пейілдері» демекші, келін дегенде көз алдымызға жүзінен нұр тамған, инабатты да ибалы нәзік жан келуші еді. Бүгінде батыстың екпіні ентелегеннен бе, әлде заман деп қазақи болмыс, жалпы діліміз өз маңыздылығын сәл де болса төмендетіп алғаннан ба, ене мен келін арасындағы кикілжіңді жиі кездестіреміз. Қоғамның түйіткілді мәселесіне айналған ажырасу проблемасының негізгі факторы – осы ене мен келін арақатынасының оң болмауы.
Түсін түстеп, атын көрсетпеуін өтінген бір топ келін бала-шағасын ертіп қаладағы «Самғау сенім» дағдарыс орталығын паналап жүр. Түсінбестік араздыққа ұласып, шаңырақ шайқалды деген осы шығар. Айтатыны – сол. Енесі күн бермеген, күйеуі оңдырмай сабаған. Қуантарлығы болмаса да, баласын ерткен аналарға қамқорлық көрсетер орталықтың барына ішіміз жылып қалғаны бар. Жақын келіп жайғасқанымыз сол екен, енесінен қорлық көрдім деген келіншек сүйіп қосылған жолдасының қалай адам танымастай өзгергенін айтып, мұңын шақты.

Бірнеше жылға созылған отбасылық дау-дамайға төзбеген Сабира есімді келіншек (авт. аты-жөні өзгертілді) үш қызымен үйінен кетіп қалыпты. Сабираның шаңырақ көтергеніне биыл бес жылдан асып отыр. Алғашында «Аналар үйіне» барып пана таппаған, кейін аталған дағдарыс орталығында тұрақтауды жөн көрген. Жүйкесі әбден жұқарған ана басына түскен қиын күндерді көз жасымен еске алды.

373

- Енем әуелде жалғыз ұлына қалыңдық іздеген екен. Ал жолдасым мені таңдады. Енем келген күннен мені суық қабылдап, «ұлымның басын айналдырып тиіп алғансың» деп айыптайтын. Тырнақ астынан кір іздеп, күйеуіме ұрыстырып, ұрғызуды көздейтін. Ұрғанда да көкала қойдай сабап тастайды. Осы бес жыл ішінде бірде-бір рет тәртіп сақшыларына шағым түсірген емеспін. Бірнеше рет ренжіскенімде үйге кетіп қалғанмын. Кінәсін түсініп емес, балаларыма мемлекеттен берілетін ақшаны ойлап татуласады. Шыдамның да шегі болады. Жақында анам өмірден озды. Күйеуім мені осындай қиын сәтте қолдаудың орнына «анаңды сен өлтірдің» деп кінәлайды,-дейді ол.
Өмірде бір-бірін даттап, сырттан жамандауға келін мен енелер құмар-ақ. Дегенмен, бұл өшпенділіктің түп-тамыры қайдан бастау алғанына ешкім мән бермейді. «Келін ене топырағынан» деген халық даналығына жүгінсек, қыздың бойына ибалық пен инабатты, тәрбиені сіңіретін әуелі өз анасы болса, кейінгі орында жаңа отбасының жаңа тәртібі мен жаңа заңына баулып, жақсысын асырып, жаманын жасырып ақыл айтар жан ол – енесі. Қазақта ықылым заманнан ене мен келін араздығы жастардың ажырасуына басты себеп болмаған. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы сол «тәрбие» институты ғасырдан-ғасырға жетіп отырған. Бірақ қазір дана енелердің орнын «заманауи» енелер басқан. Жарына жағынып та көрген келіншектің бұл әрекетінен түк шықпаған. Енесінің қыңыр сөзі қытығына тиіп біткен. Отбасының ұйытқысы болудың орнына келінін отырса опақ, тұрса сопақ көрген екен.

– Мен ол кісіні анамдай сыйлап келдім. Соңғы уақытта сөз қайтарғаным рас. Ол адамға не десең де жақпайсың. Ұлы анасының айтқанынан шықпайды. Ал қайын атам әйелінің сөзін екі етпейді. Екі рет тұрмыс құрған енем үшін отбасындағы кикілжің үйреншікті жағдай секілді. Немерелеріне киім әперіп, бір жылылық танытпады. Біздің де қамымызды ойламайды. Енді ажырасамын. Мұнда 6 ай тұруға рұқсат алдым. Барлық көмек көрсетіліп жатыр. Бір қызығы – көбіміздің жағдайымыз ұқсас екен. 8 келіншек жатыр. Бәрінің отбасы құрғанына біраз жыл болған. Енді уақыт емші, бұйырғанын көреміз, бәріне көнеміз, - дейді Сабира.
«Самғау сенім» дағдарыс орталығында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету стандарты бойынша жұмыс жүргізіледі. 50 орынға шақталған өмірге бейімдеу орталығында барлық жағдай қарастырылған.
– Тұрмыстық қиындыққа тап болған әйелдер орталықты уақытша паналап, оларды біздің мамандар өмірге қайта бейімдеуге жәрдемдеседі. Алдымен келген тұлғаның қандай жағдайға тап болғанын анықтап аламыз. Одан кейін психологтардың кеңесіне жүгінеді. Құқықтық тұрғыда заңгерлік көмектер де ала алады. Мешіттен арнайы имам алдырып, уағыз-насихат тыңдайды. Тараптардың мәмілеге келуге мүмкіндіктің бар-жоғын анықтаймыз. Қазіргі таңда 8 ана 30 шақты баласымен орталықта жатыр. Жыл басынан 129 ана тіркелді. Ал былтыр 227 тұлғаға, олардың кәмелет жасына толмаған 405 баласына қызмет көрсетілді. Көбіне отбасылық зорлық-зомбылықтан психологиялық қысым көргендер түседі. Ата-енесімен шығыспай, күйеуі немқұрайды қарайды деп шағымданып келіп жатады, - дейді «Самғау сенім» орталығы директорының орынбасары Гуля Жарылқасынқызы.

«Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін келсап» деп бекер айтылмайды. Өйткені ата-анасы әлпештеп өсірген қызды жақсы келін етіп тәрбиелейтін – енесі, жаңа түскен шаңырағы. Ал қазіргі біздің қоғамда келінді ата-ана да емес, ата-ене де емес, түрлі фильмдер мен ғаламтор тәрбиелеп жатқандай. Түрік пен үндінің туындысына қарап, отбасылық құндылықтарымызды жоғалтып алмасақ екен деген ойға келеміз. Үйдегі ене мен келін – ұрпақ тәрбиешілері. Жалғыз ұрпақ емес, болашақ қоғамның айнасына айналар жастар тәрбиесінің қайнар көзі. Ал ұрпақ бойына ділімізді, ұлттық тәрбиемізді сіңіре білу – біздің басты міндетіміз.

P.S.

Әу баста бір-бірін сүйіп қосылған жастар жыл айналмай ажырасып жатады. Бұл қоғамның дертіне айналып барады. Жігіт пен келіншек өз жөнін табады. Ал екеуінің ортасында көзі жәудіреп, құйтақандай жүрегі езіліп, жетім қалған балалардың обалы кімге?! Тас-тағдыр пешенесіне жазылатындай қандай күнәсі бар еді?!.