Версия для печати

Жасырғанның жарасы асқынады Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2019 04:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3987 раз
Оцените материал
(0 голосов)

С татистикаға көз жүгіртсек, Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық онкологиялық науқас жаңадан тіркеліп, күніне 100-ден астам науқас анықталады. Ал, Шымкентте шамамен күніне төрт науқасқа қатерлі ісік диагнозы қойылады, сондай-ақ кеселге шалдыққан екі науқас көз жұмады екен. Еліміздің онкологтары соңғы жылдары ауруды ерте сатысында анықтауды басты бағыты етіп, тұрғындарды денсаулығына жауапкершілікпен қарауға жұмылдыруда. Шымкент қалалық онкологиялық орталық директорының орынбасары Дәулетбек Жұмағалимен әңгімеміз осы мәселе төңірегінде өрбіді.

DSC 5541

– Дәулетбек Жұманұлы, орталық жұмысында біршама өзгерістер болғаны белгілі. Қала статусына көштіңіздер, жаңа қосымша ғимарат салынды дегендей. Оның үстіне дерттің алғашқы сатысында анықтауда ашық есік күні жиі ұйымдастырылуда. Қалада ауру көрсеткішінің деңгейін төмендеді деуге бола ма?

– Шымкент қаласының республикалық статус алып, үшінші мегаполис атануы, қалалық онкологиялық орталыққа жаңа талаптар мен міндеттер жүктеп отыр. Миллион халқы бар шаһарда қатерлі ісікпен 6200 науқас диспансерлік есепке алынып, жылына 5500-ден аса науқас орталықта ем алады. Еліміз бойынша салыстырмалы түрде айтатын болсақ, республикада жылына 36 865 онкологиялық науқас жаңадан тіркелсе, бір күнде 101-нен дерт анықталады. Ал Шымкентте жылына 1294 науқасқа қатерлі ісік диагнозы қойылып, бір күнде шамамен 4 науқас анықталады. Біздің қаламыз республикада осы екі көрсеткіш бойынша ең төменгі орында болғанымен, аурумен күрес жұмыстары толастаған емес.

Ал онкологиялық ауруларға арнайы және жоғары технологиялы мамандандырылған ем көрсететін орталықтың 210 төсек-орындық ауруханасы және 150 келушіге арналған емханасы бар. Жуырда пайдалануға берілген ғимаратта екі жаңа радиология және паллиативті көмек бөлімшесі ашылды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев кезекті Жолдауында «Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет.

Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуі тиіс» деп нақты тапсырма берген болатын. Дертпен күресуде 2018-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарлардың Жол картасы жасалып, қазіргі жұмыстар сол бағытпен жүзеге асырылуда.

Онда қатерлі ісікті ерте анықтау, уақытында емдеу, сауықтыру, өлімді азайту, науқастардың бес жыл және одан артық өмір сүру мүмкіндігін арттыруға басымдық берілді. Қазіргі таңда, республикада онкологиялық қызметтің индикаторларының рейтингі түзілді.

Атап айтқанда: онкологиялық аурулардың бірінші, екінші сатысында анықталу пайызы (жоғарылауы тиіс); онкологиялық аурулардың сырт көріністі орналасуында үшінші және төртінші сатысында анықталу пайызы (төмендеуі тиіс); өлім-жітімді төмендету және онкологиялық аурулардың бес жыл және одан артық өмір сүруі жоғарылауы тиіс. 2019 жылдың жеті айлық қорытындысы бойынша барлық индикаторларда оң нәтижеге қол жеткіздік.

– Соңғы кезде «қатерлі ісік – үкім емес» деген сөзді жиі естиміз. Орталықта емдеудің жаңа тәсілдерінің нәтижесі қандай?

– Бүгінде Елбасымыз атап көрсеткендей азаматтардың өз денсаулығы үшін ынтымақтастығы тетігін енгізуді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесін дамыту қолға алынған. Атап айтқанда, бастапқы медициналық санитарлық көмек деңгейінде атқарылып жатқан іс-шаралар, соның ішінде скринингтік және жалпы профилактикалық тексерулер өз жемісін беруде. Жасыратыны жоқ, тек қана онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтап қоймай, созылмалы ауруларды анықтап, оларды емдеп, сауықтыру қолға алынса, бұдан әлдеқайда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге болады.

Қазіргі кезеңде орталықта онкологиялық ауруды емдеу үшін жаңа технологиялар енгізіліп, жергілікті онколог-дәрігерлеріміз бауыр, ұйқы безі, қуық, жұтқыншақ қатерлі ісіктеріне күрделі операцияларды өздері жасауда.
Заманауи «ТУР», «Рита» секілді заманауи медициналық аппараттардың көмегімен қуық ісігі, бауыр, өкпенің метастатикалық және алғашқы ісіктерін емдеуде, мүшені сақтап қалудағы күрделі оталар сәтті өтті.

Өткен жылдың есебі бойынша онкологиялық аурулардың көрсеткіші Шымкент қаласында 131,8 - 100 000 халыққа шаққанда ерте кезеңде 1-2 сатысында анықталуы 55,1%, жалпы онкологиялық өлім 59,5 %(100 000 халыққа шаққанда), ал 5 жыл және одан артық өмір сүруі 46,4%-ке жетті. (Қазақстанда 2018 жылы онкологиялық аурулардың аурушаңдығы 195,7-100 000 халыққа шаққанда болса, жалпы онкологиялық өлім 78,3-100 000 халыққа шаққанда болған, ал 5 жыл және одан артық өмір сүруі – 51,0 %) Демек, қазір анықталған екі науқастың біреуі 5 жыл және одан артық өмір сүруі, ерте кезеңде анықталуы пайызының өсуі, онкологиялық науқастардың 80-100 пайыз айығып кетуіне кепілдік беріледі.

Осы тұста тек тұрғындар қатерлі ісік ауруларын анықтауда скринингтік тексерілуге бей-жай қарамаса дейміз. Себебі, ауруды алғашқы сатысында анықтау – адамның денсаулығымен қатар, еліміздің экономикасы үшін маңызды.

– Соңғы сөзіңізді нақтылап түсіндірсеңіз?

– Бұл жерде қатерлі ісіктің 1-2 сатысында анықталса, мамандар науқастың 80-100 % айығып кетуіне кепілдік бере алады, ал мемлекет бір науқасқа 350 мыңнан 5 млн теңге аралығында қаражат жұмсайды. Егер науқаста дерт 3-4 сатысында анықталса, ем ұзақ мерзімге созылады және бір науқасқа 25 млн теңгеден астам қаражат жұмсайды.

– Скринингтік тексерілудің қатерлі ісік аурулары үшін маңыздылығы қандай?

– Алдымен қаламыздағы қатерлі ісік ауруларының ішінде жиі кездесетін түрлеріне тоқталсам. Бірінші орында – сүт безі қатерлігі ісігі тұр, онымен 380 науқас ауырады, ары қарай асқазан (310), тері (255), өкпе (244), тоқ-тік ішектері (193), бауыр (191), жатыр мойны (173) науқас тіркелген.

Ал скринингтік тексерілудің нәтижесінде қаншама науқастың өмірін сақтап қалуға немесе ұзартуға мүмкіндік бар. Мәселен, 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігіне тексеруге 34 020 әйел жоспарланса, 12 айда оның барлығы қамтылып, 16500 науқастан қатерлі ісік алды және қатерлі емес ісіктер анықталып, 11 897 науқас (72,1 пайызы) сауықтырылған, 85 әйелден сүт безінің қатерлі ісігі анықталған.

Сол секілді, жатыр мойны қатерлі ісігіне тексерілгендердің 8-нен ісік анықталған. Тоқ-тік ішек қатерлі ісігіне тексеруге 35140 тұрғын жоспарланып, 350 науқаста қатерлі ісік алды және қатерлі емес ісіктер анықталып, 238 науқас (68 пайызы) сауықтырылған, 6 аурудан қатерлі ісік анықталған. Скринингтік тексеру барысын жүйелі және сапалы өткізетін арнайы комиссия апта сайын мониторинг жасап отырады. Осы іс-шаралардың нәтижесінде, жоғарыда аталған жетістіктерге қол жеткіздік.

– Қалада онкологиялық қызметті жақсарту үшін қандай мәселерді шешу керек?

– Қазіргі күні өзекті болып тұрғаны – ғимараттың тарлығы. Мекеме ыңғайластырылған (бұрынғы санаторий) ғимаратта отырғандықтан, көптеген медициналық құрылғыларды пайдалануға мүмкіндік жоқ. Сондықтан, жаңа халықаралық стандартқа сай диспансер керек. Бастапқы медициналық санитарлық көмек деңгейіндегі іс-шараларды жандандыру бәрінен де маңызды мәселе.

Себебі, скринингтік және жалпы профилактикалық тексерулерден жақсы нәтиже шығып жатқанын уақыт көрсетуде. Тағы бір айта кетерлігі – тек қана онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтап қоймай, созылмалы ауруларды анықтап, оларды емдеп, сауықтыру қажет. Күнделікті науқастармен қарым-қатынаста олардың созылмалы аурулармен ауырып, емдемеуінің соңы қатерлі ісік ауруларына алып келетін көріп жүрміз.

Ғалым-онколог, академик Қ.А Абисатов «Онкологиялық аурулардың 95 пайызы қатерлі ісік алды аурулардың салдарынан» деп атап көрсеткен.

– Әлемде жылына 9 миллионнан астам адам қатерлі ісіктің құрбанына айналады. Аурудың алдын алудың қарапайым ережесі бар ма?

– Жоғарыда аурумен күрестің кешенді жоспары түзілгенін атап өттім. Оның негізгі мақсаты – тұрғындардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру. Әр адам саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға көшпей, мәселе шешілмейді. Ресейдің Канцерегенез институтының директоры Д.Г. Зеридзе «Онкологиялық аурулардың үштен бірі ас ішу мәзіріне байланысты» деген. Сондықтан халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтере отыра, сапалы аз мәзірі, таза ауыз су, таза қоршаған ортаны қалыптастырмаса болмайды.

Бүгінде күнделікті ішіп-жеп жүрген жеміс-жидектердегі – нитраттар, азық-түлік құрамындағы концерегендік заттарға немқұрайлы қарағанымызбен, нағыз қатерлі ісік қауіптілігін тудыратын солар. Жалпы, ағзадағы «сүзгіш» қызметін атқаратын бауыр мен бүйрек жақсы жұмыс істесе, обырдың ауылы алыс десек те болады. Сол себепті, осы екі мүшенің күтіп, дер кезінде ем-домын жасап тұруға кеңес беремін.

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі онкологиялық қызметті жақсартуға қандай өзгерістер әкеледі?

– Тұрғындардың денсаулығына жауапкершілікті арттыру арқылы дәрігерлермен жақсы қарым-қатынас орнайды. Медициналық көмек алуда қолжетімділік артып, денсаулық пакеті арқылы Қазақстанның кез келген медициналық ұйымында ем алуға мүмкіндік бар. Жалпы, МӘМС жүйесі емдеу мекемелерінің материалдық базасы мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпалын тигізеді.

Оның шарапаты тиіп жатыр. Мәселен, орталыққа қаржы бөлінудің нәтижесінде онкологиялық ауру анықталғанға дейінгі МРТ, КТ аппаратында зерттеу жүргізуге бөлінетін квота мөлшері көбеюде. Бұрын келушілер мұны ақылы түрде жүзеге асырса, қазір бізбен келісімшартқа отырған «Альфа мед», «Сұңқар» медициналық орталықтарында тегін тексеріледі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.