«А» вирусты гепатиті туралы не білесіз?

Вторник, 24 Сентябрь 2019 00:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4186 раз

А вирусты гепатиті (ВГА) – бұл бауырды зақымдай отырып жүретін жіті жұқпалы ауру.

А гепатитінің клиникалық белгілері: қалтырау (дене қызуының көтерілуі), әлсіздік, жүрегі айну, құсу, ішінің ауруы, оң жақ қабырға астының ауырсынуы, тәбетінің төмендеуі, бас ауруы, сарғаю. Аурудың клиникалық белгілері жеңіл сарғаю түрінен ауыр ағымға өтіп, өлім жағдайына дейін алып келуі мүмкін.

Науқас вирусты аурудың алғашқы кезеңінде бөледі, сондықтан клиникалық белгілері білінгенге дейін ауру көзі болып, басқаларға жұқтырады.

«А» гепатитінің вирусы адам ағзасынан нәжіспен және зәрмен бөлініп, суды, тағамды және қолданыстағы заттарды зақымдайды. А вирусты гепатитінің вирусы жоғары зақымдағыш қабілетке ие, ол адам ағзасына ауыз қуысы арқылы зақымданған су, тағамдық өнімдер, сонымен қатар науқаспен қатынаста болғанда жеке бас гигиенасын сақтамағанда лас қол арқылы жұғады. «А» гепатитімен жылдың кез келген мерзімінде ауырады, көбіне жаз-күз айларында.

«А» вирусты гепатитінің алғашқы белгілері:

Жұқтырған күнінен бастап ауру белгілері 7 күннен 50 күнге дейінгі аралықта пайда болады. Сарғаю белгілері білінгенге дейінгі мерзімдегі науқастар өте қауіпті, бұл кезде науқас вирусты көптеп бөледі. Сарғайғаннан кейін науқас вирусты аздап бөліп, соңынан толық тоқтайды. Ауруды ерте анықтап, уақытылы ауруханаға жатқызу жұқпаның таралуының алдын алады.

Бүкілодақтық денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын әлемде «А» гепатитімен 1,5 миллион адам ауырады екен. «А» гепатиті гигиеналық және санитариялық жағдайы төмен елдерде жоғары деңгейде тіркеледі екен. Ауыз су тапшылығы, нашар су және канализация жүйесінің, тұрғылықты тұрғындардың гигиеналық деңгейі төмен дамыған елдерге барған кезде жұқтыруы мүмкін. «А» гепатитінің саяхатшы ауруы деп себепсіз айтылмаса керек.

«А» гепатиті аса қауіпті ауруға жатпайды, бірақ кей жағдайларда ауыр бауыр жетіспеушілігіне алып келеді. Дәрі-дәрмектік ем қабылдамаған жағдайда, комаға, ары қарай өлім жағдайына алып келуі мүмкін.

«А» вирусты гепатитінің алдын алу іс-шаралары:

- жеке бас гигиенасын сақтау, сырттан келгенде, тамақ ішер алдында немесе дәретханаға барғаннан кейін қолды мұхият сабындап жуу;

- кездойсоқ кездескен су көзінен немесе құбырдан аққан суды ішпеңіз, тек қайнатылған су ішіңіз. Есіңізге сақтаңыз вирус суды 100 0С қайнатқанда, тек 5 минуттан кейін ғана өледі екен.

- шомылуға арнайы бөлінген жерлерде ғана шомылыңыз;

- жеміс-жидекті қолданар алдында мұқият жуыңыз;

- тағамдық өнімдерді белгісіз адамдардан немесе рұқсат етілмеген жерлерде сатып тұрғандардан алмаңыз;

- үй жағдайында тамақ дайындар алдында гигиеналық ережелерді және тез бұзылатын өнімдердің жарамдылық мерзімін сақтау керек;

- тағамдық өнімдерді  мұқият қуыру немесе қайнату қажет.

Бүгінгі күнге А вирусты гепатитінің алдын алудың тиімді әдістерінің бірі –  вакцинация жүргізу. Вакцина егу 2 курстан тұрады, адам алғашқы егуін алғаннан кейін, 6 айдан кейін екінші егуін алады.

Ауруды емдегеннен, алдын алудың тиімді екенін есте сақтаңыз!

 

Шымкент қаласы

Тауарлар мен көрсетілетін

қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін

 бақылау  департаменті

Последнее изменение Среда, 25 Сентябрь 2019 05:36
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.