Версия для печати

Жыртық үйге – тамшы ауыр Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2019 03:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2497 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«21 000 теңге алу үшін көп құжат тапсырудың да, сағаттап кезек күтудің де қажеті жоқ. 70 000 теңге бер де, жеке куәлігіңнің көшірмесін қалдыр. Басқа құжаттың бәрін базадан аламыз. Әр балаға 21 мыңды да, тамыз айындағы оқушыларға берілетін бір реттік жәрдемақыны да осы ақшамен бірге аласың». Мұндай ұсыныс Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Сайрам аумағындағы 100-ден астам келіншектің есін шығарды.

DSC 3612

Бірінші болып құжат тапсырғандар үш айға 21 мыңнан алмағанда естері шықпас па еді, кім білген? Шынында да атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалатыны «өкіметке сенбеген» талай келіншекті орнынан тұрғызды. Екі баланың анасы Гүловза Шамуратова құжаттарын әуелі «собезге» тапсырған. «Мұқтаж емес» деп танылып, құжаттары қайтарылған ол әлеуметтік жағдайының төмендігі мен жұмыссыздығын алға тартып, халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) қайта сабылады.

Дәл осы орталықта жемтігін аңдыған аш қасқырдай Г.Шамуратова сынды айналма жол іздеген мен жоқ іздегенді аңдыған алаяқтық топтың өкілдері де жүреді. Жаны ашығансып, «мен құжатымды анау жерге жасаттым, сол жақта тез бітеді» деп бағыт сілтейді...

...Іс бітті, қу кетті

Қаратау ауданы әкім аппаратының бас маман-заңгері Қанатбек Самбетов атаулы әлеуметтік көмекті алуға өтініш білдіргендердің біразының алаяқтыққа ұрынғанын айтты.
– 2019 жылдың 11 қыркүйегі күні сағат 18:17-де Қаратау аудандық полиция басқармасына Шымкент қаласы Сайрам елдімекенінің тұрғыны Д. есімді азаматша арызданған.

Ол өз арызында ағымдағы жылдың 5-ші шілдесі күні үйіне танысы Л. есімді азаматша келіп, үкімет тарапынан жасы кәмелетке толмаған балалары бар аналарға ай сайын төленетін 21 000 теңге жәрдемақыны алып беремін деп 35 000 теңгені алаяқтық жолмен алғанын көрсеткен. Аудан тұрғындары танымайтын адамдардың алаяқтық іс-әрекетіне сеніп, алданып қалмауын ескертеміз. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша туындаған сұрақтың бәріне жауапты құзырлы мекемеден ғана алу қажет, – деді Қ.Самбетов.

Мемлекеттік қызметшінің ескертуін халыққа жеткіздік делік, оған бәрі бірдей құлақ аса қояр ма екен? Десек те, алаяқтық деректер тіркелген оқиға орнына оралайық.
Жолдың бойында Қожа Ахмет Яссауидің анасы Қарашаш ананың бейіті орналасқан. Оған қарсы бетте Қаратау ауданы Сайрам аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімі және учаскелік полиция пункті тұр.

Бір жағында бейіт, бір жағында билік тұрған соң қуықтай дүңгіршектің «құдіретіне» шын сенсе керек, Гүловза Шамуратованың қайтарылған құжаттарын тағы да тапсыруға ұрынады. Бірақ, бұл жолы «мәселе тек ақшамен шешіледі» дегенге сеніп, 70 000 теңге таппай тосылады. Асүйдің ыдыс жуушысында ондай ақша қайдан болсын?! «Құжат қабылдаушы» Гүловзаның жағдайын түсініп, «мейірімділік» танытып, «жарайды, сен 35 000 теңге алып келе ғой. Бірақ, 35 мың бергеніңді айтпа, саған ғана жақсылық жасап тұрмын.

Басқалар 70 мыңнан беріп жатыр» дейді. 35 000 теңге беріп, екі баласына ай сайын 21 000 теңгеден шығартып алса, тамызда тағы бір реттік жәрдемді әр балаға 101 мыңнан алса, кімнің тақиясына тар келсін? Гүловза көпке созбайды. Бастығынан 35 000 теңге сұрап алып береді.

ХҚКО-ның базасында АӘК-ке өтініш берушілердің тізіміне тіркелген Гүловза Шамуратова алданғанын кейін түсінген. Ол Қаратау ауданы Сайрам аумағы бойынша учаскелік полиция пунктіне арызданып, Қаратау ауданы әкім аппаратынан көмек сұрады.

– 21 000 теңгесі шықпаса шықпасын, менің берген 35 000 теңгемді алып беріңіздерші. Оны бастығымнан қарызға алған едім. Сол ақшамды қайтарсам, арқамнан ауыр жүк түсер еді, – деген келіншек даусының дірілін амалсыз күлкісімен жеңуге тырысқанымен шын мұқтаждығы жеңіп, көз жасына ерік берді.

АӘК-ге құжат тапсырушылар көбейді

Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек, яғни әр баласына 21 000 теңге алуға 74 264 отбасы өтініш түсірген. Бұл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 2019 жылғы 19 қыркүйегіне дейінгі мәліметі. 74 264 өтініштің 61 411-і қаралып, 52 222-сіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 9 189 отбасының өтініші, яғни 15%-ы кері қайтарылған.

1560866070 1-11315

21 000 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы хабар тарағаннан кейін құжат тапсырушылардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 6,7 есеге артқан. Көмек алушылардың 23 637-сі жұмыс істеуге 100 пайыз қабілетті жандар. Оның 16 234-імен әлеуметтік келісімшарт түзіліп, базаға енгізілген. Соңғы мәліметтерге сенсек, АӘК алуға өтініш тапсырған 4 486 азамат жұмысқа орналасыпты. Оның 728-і жұмыспен қамту орталығы арқылы, ал 3 758-і өзі тапқан бос жұмыс орындарына кірген.

Қаратау ауданы бойынша АӘК алуға 24 747 отбасы өтініш қалдырса, оның 21 679-ы мұқтаж деп танылған. Сондай-ақ, мамандар «мұқтаж емес» деп танылғандардың түрлі себебін түсіндірді. Бірінің табысы отбасындағы адам басына шаққанда «кедейлік шегінен» асып кетсе, енді бірі көрсетілген мекенжайда тұрмайтын болып шыққан. Тұрмысы жақсы екенін және отбасында табысы бар адамдарды жасыруға тырысқандар да болған.

Жәрдемақы тағайындалады. Ебін тапқандар мұқтаж екенін «дәлелдеді». Алайда, АӘК алушылар тоқсан сайын тексеріледі. Әлбетте, бұл тексеру оларға берілетін жәрдемақыны аяғандықтан емес, азаматтардың жақсы өмір сүруге деген ұмтылысын бағамдау үшін қажет. Бәлкім, бір үй кәсіп ашты, ал келесі үйдің студенті диплом алып, қызметке орналасты? Мәселен, күні кеше АӘК алуға құжат өткізгендердің көбі Түркістан облысынан көшіп келген.

«Шығасыға иесі басшы...»

Тұрмысы жақсы, әл-ауқаттылар да құжат тапсырған науқанда көпбалалы аналар ғана емес, жалғыз перзентіне де өкіметтен бірдеңені жәукемдеп қалғысы келгендер аз болмапты.
«Сұрағанын берсең, іздегеніңді алады екенсің» деген қауесет тарап, сайрамдық біраз келіншек тамыздың 1-інен бастап құжат тапсыруға асығады.

– Олар бұрынғы Сайрам елдімекеніндегі ЕНПФ-тің (зейнетақы қоры) ғимаратына жайғасқан еді. 21 мыңға ғана емес, олар «несиені де өшіріп береміз», «үйді кезексіз алып береміз», «шағын бизнес ашуға ақша алып береміз» деп бірнеше қызметтерін айтты, – дейді келіншектер.

5 баланың анасы Феруза сіңлісімен бірге барып, жеке куәліктің көшірмесі мен сұраған ақшасын береді. «Болды, ЖСН бар, 24 тамызда ақшаларың түседі» деп шығарып салады. Алайда, Ферузаның сіңлісі атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырып көргенін және ол бір ғана жеке куәлікпен шешілмейтінін айтып, әпкесіне әлгі азаматтан күмәнданатынын жеткізеді.

Бір күннен кейін-ақ олар сол мекенжайға барып, АӘК тағайындау үшін берген 35 мың теңгелерін қайтарып алуға асығады. Бірақ, оларды сендіруге тырысқан топ 24 тамызда ақшалары түсетінін айтып ант-су ішеді де, 25 тамыздан кейін ол ғимараттан ат ізін суытады.

– Қазір біз сияқты 100 әйел оларды іздеп жүр. Бәріне уәде беріп алдап, ақшасын алып кетті. Бірақ, бәрі арыз жазған жоқ, – деді көпбалалы ана.
Үйін көрсетуден үзілді-кесілді бас тартқан Ферузаның сіңлісі жалғыз баласына ешқандай ақша шықпайтынын түсініп отыр. Ендігі ойы алаяқтықпен алып кеткен 35 000 теңгесін қалайда қайтару.

– Арыз жаздым. Басқа да алданғандар арыз жазса, бұл іс тезірек шешімін табатын шығар. Өз ақшамды алсам болды, – деді ол есімін көрсетпеуді сұрап.
Бүгінгі таңда Қаратау аудандық ішкі істер басқармасына жоғарыда аталғандай алаяқтық оқиғасына негізделген 28 арыз тіркелді.

– Өткен аптада 15 арыз тіркелсе, 24 қыркүйекке дейін тағы 13 арыз түсті. Барлығы 28 оқиға бойынша тексеру, тергеу жұмыстары басталды. Қазір 4 азамат анықталып, ҚР ҚК 190 бабы 2 бөлімімен іс қозғалды, – деді Қ.Самбетов.

Біреуге мал қайғы...

Қу тіршілік пендеге не істетпейді десеңші? Біреу 21 000 теңге атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін пара берсе, біреу «21 000 теңгені алып беремін» деп әп-сәтте қылмыс әлемінен бір-ақ шықты. Ынсапсыздық пен оңай олжаға кенелудің соңы оларға «алаяқ» деген ат әперерін әу баста білді ме екен?

Қылмыс жасағандар жазасыз қалмайды. Әйтсе де, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырып жатқандардың қатары әлі де толастар емес. Бірі кезек күтуден жалығады, бірі көмектің тағайындалатынына күмәнданады. Дана халқымыз «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген, бұйырмағанды аламын деп, алданып қалмаңыз деген игі тілек қой біздікі.

Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 7 596 отбасы негізгі табысын жасырған. Ал 2 149 отбасыға тағайындалып қойған 1 530 млн теңге төлемдер дер кезінде тоқтатылған. Оның 70,6 млн теңгесі бюджетке қайтарылады. 21 000 теңгені алған 271 мұқтаж емес отбасыға басқарма тарапынан хабарланды. Әзірге 3 отбасы ғана 828 392 теңге бюджет қаржысын өз еркімен қайтарды. Қалған 268 отбасы хабарландыруда көрсетілген мерзімде қайтаруы тиіс.

Сондай-ақ, мамандар тағы 5 447 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстарын жүргізіп, 5 097 отбасыға тағайындалған сомманы 1 037,4 млн теңгеге кеміткен.
Қазір аудандарда өңірлік комиссиялар құрылып, көмек алушылардың табысы мен тұрмысына қайта мониторинг жүргізу жұмысы қыза түсті. Комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары, салық органының, учаскелік полиция және қоғамдық бірлестік өкілдері мен жұмыспен қамту басқармасының маманы бар.

Комиссия қазірдің өзінде 2 520 отбасының әлеуметтік көмекке мұқтаж еместігін анықтап, тағайындалған соммадан 788 млн теңге бюджет қаржысын үнемдеді. Бұл мониторинг халық арасында әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі және әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туғызуы әбден мүмкін. Бәрі де «алушы» мен «берушінің» ынсабына сын.

Абайдың сөзімен түйіндесек, «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген – ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой».

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.