Версия для печати

Атаулы әлеуметтік көмек: мұқтаждарға медет Избранное

Пятница, 25 Октябрь 2019 05:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5220 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2019-2021 жылдардағы республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатта атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеудің шығыстарын ұлғайту қарастырылған. Қазан айында ҚР Үкіметінде 2019 жылғы бюджетке толықтырулар ұсынылған болатын. Жоспар бойынша қазынаға түсім 95 млрд теңгеге ұлғайып, шығыстар да осы соманы құрап отыр.
Әлеуметтік шығыстардың ішінде АӘК алушылар санының өсуіне байланысты бұл мақсатқа 36,9 млрд теңге қаралған. Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатарында туындаған сұрақтар көп. Біз АӘК жайында толыққанды түсіндіру үшін Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевқа жолыққан едік.

88

 

АӘК-ТІҢ ҮШ БАҒЫТЫ

Бүгінгі таңда мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отбасыларға көмектесуде. Бұл мақсаттағы кешенді шаралардың 3 бағыты бар.

610


Біріншісі – көп балалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақы төлеу. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша үшінші мегаполисте 29 137 көп балалы отбасы бар. Бұған дейін АӘК алатын 65 536 отбасы болса (324 877 адам), оның ішінде көп балалылардың саны – 17 943 (116 720 адам) немесе 44%.
Сондықтан көп балалы отбасылар үшін республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп, кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасыларға төленеді. Бұл жәрдемақының мөлшері отбасындағы бала санына байланысты дифференциалды болады және орта есеппен әр балаға шаққанда 10-11 мың теңгені құрайды. Айта кету керек, жаңа төлем көлемі 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған жәрдемақының мөлшерінен 4-7 есе артық.
Бұл көп балалы отбасыларға қосымша қолдау болары сөзсіз.
– Екінші бағыт – аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру. АӘК аз қамтамасыз етілген отбасыға, бұрынғыдай жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленетін болады. Бұл ретте табысы жоқ отбасылар биылғы мөлшермен бірдей жәрдемақы алады, - деп мәлімдеді
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы
Ғалымжан Балтаев. – Бұл жәрдемақыны алудың ең басты шарттарының бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Біз ол үшін АӘК-ті шартты ақшалай көмек түрінде көрсетеміз және бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталатын «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының әлеуетін барынша қолданамыз. Ескере кететін тұс – отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса, АӘК тек сол азаматқа ғана емес, отбасына да төленбейді.

Еңбекке қабілеттілерге – жұмыс

Басқарма өкілдерінің айтуынша, еңбекке қабілетті азаматтарға бос жұмыс орындарына, мемлекеттен субсидия бөлінетін жұмыс орындарына орналасу, өз кәсібін ашу үшін жеңілдікпен микро кредит және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады.

612


Ал үшінші бағыт – барлық АӘК алушы отбасылардағы балаларды заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакетті ұсыну.
Оның ішінде:
– Мектепке жасына дейінгі балалар үшін тамақ, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері (323,4 мың балаға 5 302 теңгеден);
– Мектеп жасындағы балалар үшін – мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу. Ыстық тамаққа күніне 300 теңгеден, жолақысы - 222 мың балаға 2 069 теңгеден, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері: табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40% аспайтын 245 мың балаға - 25 000 теңгеден).
Сонымен бірге кепілдендірілген пакетте медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек көрсету тағайындалмақ.

39 мыңнан астам отбасы көмек алды

Шымкент қаласында жыл басынан 1 қазанға дейінгі аралықта атаулы әлеуметтік көмек алуға 75 602 өтініш қабылданған. Соның ішінде 65 225 отбасы биылғы 1 сәуірден кейін өтініш білдірген.
– Осы өтініш берген отбасылардың 53 476-сына көмек тағайындалса, 11 749 отбасыға немесе 18%-на әлеуметтік көмек тағайындау негізсіз деп табылды. АӘК тағайындалған 39 108 жанұяға тиісті қаражат төленді, - дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дәурен Дүйсебаев.
Орталық өкілдерінің мәліметінше, өтініштердің күрт артуына байланысты 2019 жылғы сәуір-мамыр айларында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында бірқатар кемшіліктер жіберілген. Оларды жою мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылып, мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 5809 отбасыға қатысты қайта есептеулер жүргізілді. 1878 (23,6%) отбасының табыс көлемі шекті деңгейден асқаны анықталып, табыстарын жасырған 271 (3,4%) жанұяға атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылған. Үнемделген қаржы 2,9 млрд теңгені құрап отыр. Артық төленген қаржы бюджетке кері қайтарылды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғасуда.

Қолдау көріп, кәсіп ашқан

Қайта жасалған мониторинг барысында мемлекет тарапынан берілген жәрдемақыны мақсатсыз жұмсағандар анықталды дедік. Дегенмен, атаулы әлеуметтік көмекті тиімді пайдаланған отбасылар да бар.
Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Күлер Күлден. Бес баланың анасы биыл атаулы әлеуметтік көмек бойынша алты айға 821 543 теңге көлемінде ақшалай көмек алып, өз кәсібін ашып отыр. Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер органына тіркеліп, тігін шеберханасын іске қосты.
– Қазір бұйырған тапсырыспен көрпе-төсек, бесік жасауларын және басқа да қолөнер бұйымдарын тігудемін. Өзім 1993 жылы Түркиядан көшіп келдім. Тігіншілікті сонда жүріп үйренген едім. Елге келіп, тұрмыс құрдым. Балаларым өскен соң, кәсібімді қайта қолыма алып, тігін шеберханамды ашуды көптен бері армандап жүрген едім. Міне, мемлекеттің қолдауымен сол мақсатыма да жеттім.
Әрі әлеуметтік көмек ретінде берілген жәрдемақыны кәсібіме жаратып отырмын, - дейді ол. Көп балалы ананың ендігі жоспары - бұйым түрін көбейтіп, шеберхананың аумағын ұлғайту.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.