Версия для печати

Тамызық тапсаң, тас та жанады Избранное

Пятница, 25 Октябрь 2019 05:35 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3465 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте әлеуметтік саланы дамыту мәселелері талқыланды. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған бір топ Үкімет мүшелері Жолдауда көзделген негізгі тапсырмалардың орындалуы бойынша Шымкентке жұмыс сапарымен келді.

604

 

Негізгі мақсат – әлеуметтік саланы дамытуды талдау, алда атқарылатын жұмысты айқындау. Мемлекетіміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және тағы басқа Үкімет мүшелері халықпен кездесіп, мәселелерге қанықты.
Мәртебелі қонақтар алдымен №65 мектеп-гимназияда ұстаздармен кездесті. Қала әкімі Ерлан Айтаханов шаһарда бала санының өсуіне байланысты жаңа мектептер көптеп салынып жатқанын айтты. Биыл жаңа оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілген.

– Мемлекет басшысы білім саласын дамытудағы басты мақсаттар мен міндеттерді белгілеп берді. Қазір білім саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалуда. Одан бөлек, «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Жаңа жобада артық жүктемелерді азайту, ұстаздардың жауапкершілігін арттыру бағыттары бар. Жалпы, күрмеулі мәселелер көп. Сондықтан, толғандырған сауалдарыңызды ашып айтыңыздар. Біз осы мақсатта өңірлерді аралап жүрміз. Пікірлеріңізді ескереміз, - деді Бердібек Машбекұлы.
Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, соңғы кезде мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс үзіліп қалған. Ата-аналар комитеті дұрыс жұмыс істемейді. Мәжіліс залдары, спорт залдары жеткілікті болғанымен, балалардың уақытын тиімді ұйымдастыруға назар лайықты аударылмай келеді.
Басқосуда Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын жан-жақты түсіндіріп берді. Мектептер жетіспейді. Бірақ, бар шаруаны мемлекеттің мойнына іліп, сырттан қарауыл қарауға болмайды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Білім және ғылым министрінің айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда Шымкент көш бастап келеді. Биыл бұл мақсатта 10 жекеменшік мектеп ашылған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, жиында ұстаздар тарапынан ұлттық тәрбиені күшейту, әлеуметтік жағдайды көтеру, мектептердегі орынсыз тексерулерді азайту мәселелері көтерілді.
Үкімет мүшелері, сондай-ақ, қалада қоғам өкілдерімен кездесті. Жиынға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен оқытушылар, жастар, түрлі сала қызметкерлері қатысты. Кездесуде негізінен әлеуметтік саланы дамыту бағыттары сөз болды. Бердібек Машбекұлы отбасы және балалар құқығын қорғау, денсаулық сақтау, білім және ғылым, жастар саясатын дамыту, мәдениет және спорт, жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен басым бағыттарға тоқталып, азаматтарды еңбек етуге шақырды.
– Негізінен грант, микрокредиттер беруді көбейту, оның тетіктерін жетілдіру қажет. Масылдықтан арылып, еңбек етуге, өз-өзін дамытуға ұмтылатын уақыт жетті. Келесі жылдан бастап әлеуметтік көмек беру талаптары да өзгереді. Жалпы әлеуметтік қолдау мүмкіндіктеріне бағытталған бизнестің жаңа нысандарын енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша индикаторлар әзірлеу керек. Саламатты өмір сүру үшін дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мән беріңіздер, – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, жиында дарынды балаларды қолдау шараларын күшейту, отбасы мен балалар институтын қолдау, медициналық қызметтердің сапасын арттырып, қолжетімділігін қамтамасыз ету, ұлттық құндылықтарды насихаттау мәселелері талқыланды.
Бердібек Машбекұлы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да белсенді жастармен, ғалымдар, жас кәсіпкерлер және спортшылармен кездесті. Жастар білімді дамыту, спортпен шұғылдану, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Үкімет басшысының орынбасары жастарды бәсекеге қабілетті болуға, жаңа IT технологияларды үйренуге шақырды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.