Версия для печати

«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ»: ӘР АРЫЗ-ШАҒЫМ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ Избранное

Среда, 04 Декабрь 2019 04:45 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3657 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Шымкент қаласының Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева қатысты. Кездесуді Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрғазы Бұхарбай ашып, жүргізіп отырды.

304

 

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРҒА КӨБІРЕК КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК

Алдымен басқосуда Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария
Қожамжарова және «Шымкент орыс драма театрының» директоры Игорь Вербицкий баяндама жасады. Бұдан соң ҚР Президентінің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева сұрақ-жауапқа кезек беріп, жиналғандардың ой-пікірін мұқият тыңдады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Халықтың билікке деген сенімі оның нақты іс-әрекетіне қарай артады. Ел ішін жиі аралап, жағдайларын көзбен көру керек» деген болатын. Жолдауда айтылғандай, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет, – деді Аида Балаева.
Жиында билік пен қоғам арасында тұрақты диолог орнату мәселесіне екпін берілді. Халық ойын еркін жеткізуі тиіс. Осы мақсатта Шымкент қалалық қоғамдық кеңес өкілдері ағымдағы жылы таза ауыз сумен қамту, көпбалалы аналарға жағдай жасауға ден қойды.
Кездесуде Аида Ғалымқызы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін баса айтты.
– Қамкөңіл жандарға қолғабыс ету – қашанда абыройлы іс. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Мен осы сапар аясында Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдадым. Қабылдауымда 80-нен аса азамат болды. Осы қабылдау барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арыз-шағымын тыңдадым. Олар қала ауруханаларында, сондай-ақ қоғамдық көліктерде жүріп-тұру қиын екенін, ондағы жағдай мүгедектерге бейімделмегенін жеткізді. Мекемелердегі қарапайым дәретханаға шығу мұң екенін айтты. Жалпы қала бойынша мүгедектерге қолайлы жағдай жасалған 100 шақты ғана автобус бар екен. Аялдамалардың мүгедектерге ыңғайсыз екенін де айтты. Мен жауапты мамандарға алдағы 1 ай ішінде кемшіліктерді түзеу үшін тапсырма бердім. Осы мәселені Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі өз бақылауына алып, оң шешілуіне ықпал етуі тиіс, – деді ол.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ РӨЛІ ЕРЕКШЕ

Сондай-ақ Аида Балаева еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының мән-маңызына тоқталды.
– Рухани кемелдену – басты бағдарымыз болуы керек. Бұған тіпті әр мекеме аса зор көңіл бөлуі тиіс. Мен қазіргі қызметке келгеннен бері еліміздің әр аймағында 500-ге жуық азаматты қабылдадым. Атырауда, Солтүстік Қазақстанда тағы басқа өңірлерде болдым. Неше түрлі азаматтар келді қабылдауыма. Әкесі мен баласы, шешесі мен қызы соттасып жатыр. Бұл ненің белгісі? Ұлттық дәстүрімізді сақтамаудың, тамырымыздан алшақтаудың кесірлі көрінісі. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін халық едік. Сондықтан да, ұлттық құндылықтарымызды барынша насихаттай беруіміз керек. Бұған әрбіріміздің үлес қосуымыз маңызды, – деді Аида Балаева.
Жиында өңірдегі кәсіпкерлік саласы да сөз болды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің үштен бірі - Шымкентте. Оған қоса біз Өзбекстанмен шектесіп жатырмыз. Тауар бағасында бәсеке бар. Сондықтан нарыққа төтеп бергені ғана қалады. Президент көмекшісі Аида Балаева рухани жаңғыруға үн қосып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде Шымкент қаласының қосып отырған үлесі жоғары екенін атап өтті.
– Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласын жариялады. Содан бері үш жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде, республика көлемінде аталмыш бағдарлама аясында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Бұл бағытта Шымкент қаласында да атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар көп. Шымкент – берекелі, мерекелі қала, жүректерге шуағын шашқан шырайлы шаһар. Барлық салада жетістіктері аз емес. Оны ұмытпауымыз керек. «Рухани жаңғыруды» жиі айтып жүрміз, шын мәнінде, ата дәстүрімізді толық танымай, санамызды түземей, рухани жаңғырып жетілу мүмкін емес. Дамуға кесірін тигізетін жат қылықтардан арылатын кез келді. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау арқылы болашаққа нық қадам басу мемлекетіміздің негізгі мақсаты болуы керек, – деді ол.
Аида Балаева қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау жолында жергілікті жерлердегі Қоғамдық кеңестің елеулі орны бар екенін және алдағы уақытта да оның рөлін күшейте беру керектігін айтты.
– Ең бастысы, білім сапасы жақсармай, қоғам дамымайды. Құқықтық сауаттылыққа көбірек мән беру керек. Бұл ретте Қоғамдық кеңестің рөлі өте зор. Яғни, бірлесе отырып шешетін мәселелер жеткілікті. Біз Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу тек мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес. Бұл – жалпы қоғамның міндеті, – деп сөзін түйіндеді Аида Балаева.

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – ХАЛЫҚПЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТА БОЛУ

Сапар барысында Аида Балаева Шымкент қаласындағы қоғамдық ұйым өкілдерімен де кездесті. Басқосуға үшінші мегаполиспен қатар, Түркістан облысындағы белсенді ҮЕҰ өкілдері де қатысты. Кездесуді Шымкент қаласы «Азаматтық Альянсы» қауымдастық түріндегі заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жұмағали Білісбеков жүргізіп отырды.
Ж. Білісбековтің баяндауынша, Шымкент қаласында бүгінде 432 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Жүргізілген талдау нәтижесінде, тек 300-ден астамы ғана жұмыс істейді. Айта кетерлігі, Шымкент қаласының «Азаматтық Альянсы» биыл 4000-нан астам қарияны емдік-сауықтыру орындарына жіберді. Олардың қатарында соғыс пен тыл ардагерлері, зейнеткерлер мен батыр аналар бар.
Жиында сөз алған ҚР Президентінің көмекшісі Азаматтық Альянс пен үкіметтік емес ұйымдардың басты мақсаты халықпен тығыз байланыста болу екенін атап өтті. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту, тұрмысын түзеу, жұмысшылардың құқығын қорғау сынды мәселелерді шешуге белсенді атсалысуға шақырды.
– Нәтиже жоқ емес, бар. Еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар мен Президент Жолдауында айтылған әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі мол. Дегенмен кейбір үкіметтік емес ұйымдардың әлі де болса жұмысын ширату керек. Шыны керек, сіздердің миссияларыңызды қарапайым жұртшылық толық біле бермейді. Алдағы кезде осындай дөңгелек үстелдер мен семинарларды жиі ұйымдастырған жөн. Ең бастысы, жұмыс жандану үшін көкейкесті мәселелерді жасырмай айтып, шешімін бірге табамыз деген ойдамын, – деді Аида Балаева.
Басқосуда Түркістан облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы Жамалбек Шәріпбек ҮЕҰ-дың жұмысын қадағалауды жолға қою мәселесін тілге тиек етті.
– Облыс орталығы мен Шымкент бөлінгеннен кейін, шын мәнінде үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибелі, белсенділерінің бәрі Шымкентте қалып кетті. Мықты азаматтар көп. Министрліктен тікелей бөлінетін қаржы 600 млн теңге, жергілікті бюджеттен 60-70 млн теңге бөлінеді. Мемлекет қазынасынан бөлінген қаражаттың қалай игерілгені туралы мониторинг жасалуы керек, – деді Ж.Шәріпбек.
Жиын барысында ҮЕҰ-дың жетекшілері пікірлерін ортаға салды. Ал, сала өкілдері қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстардың алдағы уақытта ескерілетінін жеткізді. Кездесу соңында ҚР Президентінің көмекшісі Аида Балаева өзара сенім мен ашық диалогқа негізделген осындай кездесулердің жиі өтіп тұратынын айтты.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.