Версия для печати

Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет Избранное

Пятница, 24 Январь 2020 04:01 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3409 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қоғамдағы қазіргі тренд қайырымды болуға жетелейді. Әлемдегі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатынан бастау алған ізгілік рухы қоғаммен бірге жалғасып келеді. Күннің көзінен көбірек қуат алатын, соған қоса қазақы пейілдің қаймағы тұнған үшінші мегаполисте қайырымды жандар жетерлік. Жерлестеріміз түрлі жағдаймен тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға көмектесуден сырт қалған емес.

98333

Бар жақсылық – балаларға

«Адамның бір қызығы бала деген» деп, ұлы Абай айтпақшы, иісі қазақтың бойында балаға деген көңіл ерекше. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейді ата-бабамыз. Қуантарлығы, бұл ұстаным бүгінде замандастарымыздың бойынан табылып тұр. Оған «Қасиетті жол» қорының Шымкенттегі орталығының жұмысы арқылы да көз жеткізуге болады. 2014 жылы ел астанасында ашылған қордың филиалы үшінші мегаполисте 2017 жылы жұмысын бастады.

Мұнда түрлі дертке шалдыққан балғындар емделіп, оңалады. Әсіресе, балалардың церебральді сал (ДЦП) диагнозы қойылған балалар үшін таптырмас орталық. Барлық ем және оңалту процедуралары тегін. Айта кетерлігі, қорға мемлекет тарапынан негізінен қаржы бөлінбейді, тек қайырымдылық қаржысына жұмыс істейді.

– «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының жұмысы енді басталған шақта ірі әріптестер, корпоративті демеушілер болды. Дегенмен, уақыт өте келе қарапайым адамдар да көп көмектесуде, - дейді Шымкент қаласындағы орталық директорының орынбасары Айгерім Жұмағалиева. – Жалпы, жерлестеріміз өздерінің көмектерін ұсынуда о бастан белсенді. Балаларды оңалту ісіне көмектескісі келеді. Бір қуантарлығы – ондай замандастарымыз аз емес. Дегенмен, олар «Менің қайырымдылыққа берген ақшам аз, жетпейді» деп ойлайды. Ал негізі, егер біз көп болсақ, бір теңгенің өзінен де қаржы жиналады.

«Көп түкірсе – көл»

Осылайша қор өкілдері қарапайым адамдар да ақша жіберіп, көмектесудің жолдарын жүзеге асыруды ойластырады. Сайт, мобильді қосымша арқылы қалаған соманы жіберуге жағдай жасалады. Kaspi банкінің өкілдерімен байланысқа шығады.

– Kaspi банкі – біздің қорға қайырымдылық қаржысын жинау жолын ұсынған алтыншы әріптес банк болды. Біз екі рет ұсыныс жасадық. Екіншісінде барлығын мақұлдап, келісімге келдік. Бұл қаржы ұйымының ұсынысы біз үшін қолайлы болды. Осылайша әріптес болдық. Жалпы, Kaspi банкінде қаржы аудару жолы жақсы жүйеге қойылған, түрлі құралдары қолайлы, - дейді Айгерім Зинал-аб-динқызы.
Осы тұста айта кетейік, банктер қайырымдылық қорларымен жұмыс істеуде өте мұқият келетін көрінеді. Құрылтайшылық құжаттарын сұратады, қаржылық қызметтің нәтижелерін, аудиторлық қорытындылармен танысып шығады. Мұның барлығы қаржымен сауатты жұмыс істеу қажет.

Kaspi банкімен келісімге келген соң «Қасиетті жол» қорының өкілдері қаржы аударуға қолайлы мобильді қосымша жасау ойы туындайды.

– Бұл идеямызды жүзеге асыруға алматылық жас жігіттер, ІТ мамандары көмекке келді. Олар кезінде белгілі «Тілашар» мобильді қосымшасын жүзеге асырған екен. Бізге көмектесіп, Қазақстан бойынша қайырымдылық қаржысын жинауға арналған алғашқы мобильді қосымшаны тегін істеп берді. Қазір де сол қосымшаның жаңарту, сервис секілді жұмыстарын өздері істеп отыр, - деп жалғады сөзін Айгерім Жұмағалиева.

«Қасиетті жол» қоры өкілдерінің айтуынша, бір орталықта бір курста 50 бала бірден ем алуға жағдай жасалған. Жалпы, Қазақстан бойынша үш орталықтың жұмысы үшін жылына 400 млн теңге шамасында қаржы қажет.

IMG 20190905 115020

– Қайырымдылықтан түскен қаржының барлығы балаларды емдеуге жұмсалады. Оның есебі бар, мұқият жасалады. Ал қордың өзі құрылтайшылардың жарнасының қаржысымен жұмыс істеуде. Бір қуантарлығы, қайырымдылық қаржысының көлемінде соңғы жылдары ірі компаниялар мен ұйымдардың үлесі азайып, жекелеген адамдар берген ақшаның үлесі артып келеді. Мұның өзі біздің жерлестеріміздің жомарттығына дәлел, - дейді орталық директорының орынбасары.

Әлемдік деңгейде

Тағы бір жағымды жаңалық, «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры енді әлемдік деңгейге шықты. Айгерім Жұмағалиева 2019 жылдың соңында АҚШ-та білімін жетілдіріп келді. Сол курста жүргенде GlobalGiving өкілдерімен кездесіп, қордың жұмысымен таныстырады. Қазақстандықтардың қайырымдылығына қызыққан GlobalGiving мамандары бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс жасайды. Осылайша қазақстандық балғындардың еміне енді бүкіл әлем қол ұшын соза алады.

GlobalGiving – әлемнің барлық еліндегі коммерциялық емес ұйымдарды, донорларды біріктірген жаһандық ірі краудфандинг қауымдастығы. Бұл платформа коммерциялық ұйымдардың қайырымдылық жолындағы жұмысы тиімді болуы үшін мамандарын оқытады, көмектеседі.

– 2002 жылдан бері осы платформа арқылы 290 корпоративті әріптес пен 954 469 донор әлемнің 170 еліндегі 24 107 жобаға қолдау көрсетіп, жалпы сомасы 418 миллион АҚШ доллары жиналған. Әлемдік платформамен бірге жұмыс істеу үшін қайырымдылық қорына бір айда 5000 доллар қаржы жинау қажет болды. Қазақстандықтар мұнда сомасы межелі уақытқа жеткізбей жинап берді, - дейді Айгерім Жұмағалиева.

«Қасиетті жол» қоры өкілдерінің алдағы уақытта елдің барлық өңірінен оңалту орталықтары болғанын қалады. Емдеу-оңалту орталықтары жергілікті ата-аналарға қолжетімді болса, балаларын алып, алысқа сабылмаса деген тілектері бар. Сол үшін жергілікті қауымдастықтардың құлағына алтын сырға «тағып», қайырымды жандарға үміт артып отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.