баспанаға әскерилер де үмітті

Пятница, 28 Февраль 2020 03:38 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 167 раз

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шымкент филиалы бөлімінің басшысы Нұрлан Сұлтанов осы банкте депозитіне салым жинап жүрген әскери қызметкерлерге SМS хабарлама жіберілгенін мәлімдеді.

DSC 3623

Хабарламада «Әскери өнім» бағдарламасы бойынша өтінім беру үшін банк менеджерлерімен байланысу керектігі айтылған.
Мәліметке сүйенсек, 2020 жылы осы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие беріледі. Бұл мақсатқа орай 60 млрд теңге бөлініпті.

Банк қызметкерлері әскерилер уақытын жоғалтпасын, құжаттарын дұрыстап дайындасын деген ниетпен үміткерлер тізімін құрған. Тізімге бірінші кезекте жинаған салымы мен берген өтінішінің мерзімі ескеріліп енгізіледі. Оған 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша орташа несие сомасының 25 млн теңгесін, ал қалған аймақтар бойынша 15 млн теңгесін немесе 10-49 пайызын жинаған әскери қызметкерлер кіреді.

Елімізде қорғаныс саласында еңбек етіп жүрген 3 мың азамат осы тізімде тұр. Бұлар жоғарыда аталған 49 пайыз көлемінде қаражат жинап үлгерген. Одан төмен жинағандар да қаржы көлеміне қарай үміткерлер тізіміне алынды. Банктен SМS хат келмегендерге кейінірек қосымша хабарлама жіберіледі. Бар ақпаратты олар интернет-банкингтегі жеке кабинетінен біліп отырса болады.

Банк өкілінің айтуынша, үміткерлер несие өтінімін екі ай ішінде жолдап үлгеруі керек. Мәселен, құжаттарды өткізу сәуір айында басталса, мамырдың аяғына дейін өтінімін тапсырып қоюға уақыты бар.
Займ алу шарттары өзгерген жоқ, сол бұрынғыдай. Банкте несие жаңа немесе ескі үй мен пәтер алуға оны жөндеуге сондай-ақ, үлестік қатысу келісімшарты бойынша беріледі. Бастапқы жарна 15 пайызды, займ бойынша мөлшерлеме – 8 пайызды, ал несиелендіру мерзімі – 25 жылды құрайды.

Ал, тізімге енбей қалған əскери қызметкерлер не істейді? Н.Сұлтановтың мәлімдеуінше, негізгі тізімге енген əскерилер белгілі бір себептерге байланысты заем алудан бас тартса, олардың орнын басқа үміткерлер толықтырады. Ол үшін тізімге лайықты үміткерге алдын ала sмs-хабарлама жіберіледі. Сонымен бірге қорғаныс саласындағы азаматтар қажетті займ сомасының 50 пайызына дейінгі мөлшерде қаражат салуға мүмкіндіктері бар және барлық әскери қызметкерлер тізімнен тыс өздері қалаған уақытта жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады.