ТҮЙМЕДЕН ТАБЫС ТАПҚАН КЕЛІНШЕК Избранное

Пятница, 10 Апрель 2020 04:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3128 раз

түйме

Түйме. Иә, кішкентай болса да, керек нәрсе. Сол кішкентай нәрседен қомақты табыс табуға болады десе, сенесіз бе? Шымкент қаласында «Казпласт» атты компания бар. 2006 жылы негізі қаланып, нарықта 8 млн теңгемен кәсіп бастаған. Иә, шағын ғана нәрсеге сонша қаржы жұмсау қажет пе еді? Жалпы, бұл өндірістен пайда табуға бола ма? Біз «Казпласттың» негізін қалаушы әрі директоры Дана Жұмабаевамен әңгімелесу барысында жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзіміз біле бермейтін құпияларға қанықтық.

Дана Әсембекқызы еңбек жолын 2003 жылы «Сәуле» тігін фабрикасынан бастайды. Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, арнайы киім тігеді. Сол кезде түймеге сұраныстың көптігін және бізде түйменің өте тапшы екенін, онда да Алматыдағы Қазақ соқырлар қоғамының Оқыту-өндірістік кәсіпорны ғана шығаратынын біледі. «Олардың жұмыс кестесі өте тығыз, тапсырыстары көп, сондықтан үнемі ұзын-сонар кезекте тұрып, аз мөлшерде ғана ала аласың. Ақ түймеге тапсырыс берсең, сарғыштау етіп жасап береді. Түсінің сәйкессіздігі жиі орын алатын. Ал ақшасын алдын ала сұрайды. Онсыз да матаға қаржы жеткізе алмай әлек болып жатқанда бұл мәселе бізді кәдімгідей тығырыққа тірейтін еді», – дейді кәсіпкер.
Қазақ ежелден жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған халық. Бүгінгі заманда түйме пластмассадан жасалып жатыр. Түйме өндірісін әбден зерттеген кейіпкеріміз 2006 жылы желтоқсан айында «Казпластты» ашады. Пластмассамен байланысты әрі отандық өнім болғаннан кейін атын «Казпласт» деп қояды. Сол кезде «кішкентай затқа бола атын айқайлатып қойыпты» деп миығынан күлгендерге Дананың «Казпласттың» қандай болатынын әлі-ақ көрсетемін» деп намысын қайрай түскені бар.
Сонымен не керек, өндірістің алғашқы тауары 2007 жылдың 19-шілдесінде шықты.
– Шикізатын Ресей мен Польшадан алдырдық. «Термопласт автоматпен» қалыпқа құю әдісімен кез келген формадағы түймелерді жасап шығардық. Біздің алғашқы ассортиментіміз әскерилердің жейдесі, арнайы киімдерге қажетті түймелер еді», - деп бизнеске басқан алғашқы қадамдарын еске алған Д.Әсембекқызы.

«Кішкентай болса да, керек нәрсе»

«Сәуле» тігін фабрикасын түймемен толықтай қамтамасыз еткеннен кейін «Казпласттың» аясы кеңейеді. Семейден басқа қалалардан тапсырыс түсе бастайды. Ол кезде кәсіпкерлердің көпшілігінде артық ақша жоқ. Сондықтан төлем мерзімін оларға ыңғайлы етіп, барлық фабрикаларға жағдай жасайды. Әрі салығын да өзі төлеп отырады. Осылайша біртіндеп отандық өндірушілерді өзіне қарата бастайды. 2010 жылы «Арай» май зауытымен келісімшартқа отырып, май бөтелкелерінің қақпақтарын жасауға кіріседі. 2012 жылы карабин, ұштық сияқты тігін саласына қажетті фурнитураларды шығарады.
Фурнитура нарығын жан-жақты зерттей келе ғаламтордан Саниплас деген польшалық түйме өндірушімен танысады. Ол Польшада 50 жылдан бері түйме шығарумен айналысады екен. Саниплас: «Сенікі – ескі әдіс. Еуропалық стандарт бойынша түйме басқаша өндіріледі», – деп Дананы кәсіпорнына шақырып, өзінің құрылғысын ұсынады. Ал негізі ең мықты құрылғы Италияның «Ваннеси» фирмасында шығарылады екен. Қытайдың өзі солардың өнімін тұтынатын көрінеді.
– Мен «Ваннесиге» тікелей шығып, ондағы заманауи құрылғыны 2014 жылы елге кіргіздім. Ол үшін несие алуым қиын болды. Көптеген кедергілерге кездестім. «Даму» мен «Сбербанк» әзер дегенде қаржылай қолдады. Себебі, түйменің бағасы – арзан ғой. Ал банктегілер «бұл шығынды қашан ақтайды?» деп ойлайды. Расында, оңай болған жоқ. Еңбек ептілікті сүйеді. Бірінші Алла, екінші серіктестеріміздің арқасында тапсырыс көп болғандықтан бүгінгі күнге әупірімдеп жетіп отырмыз, – дейді Дана. «Құрал-сайман саз болса, машақатың аз болар» дегендей, кейіпкеріміз алдымен құрал-сайманын сайлап алыпты.
Дана Жұмабаева шетелдік құрылғыларды Қазақстанға кіргізгеннен кейін 2015 жылы Елордада өткен «Қазақстанда жасалған» көрмесіне шақырту алады. Сол жолы түймелерінің сан түрін Елбасыға көрсетеді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы оның түймелеріне таңдана қарап: «Кішкентай болса да, керек нәрсе ғой!» деген екен.
Иә, «түймеден не табады?» дейтіндер де жоқ емес. Дегенмен, бұл күнделікті киімге қолданылатын қажетті нәрсе болғандықтан, үлкен сұранысқа ие.
Дана Жұмабаеваның командасы тапсырысқа қарай кез келген үлгідегі түймені шығара береді. Түйме шығарудың дизайнерлік әдістері жетіп артылады. Мысалы, Италияда қымбат киімдерге қымбат түймелер шығарады. Ал бізде ондай қымбат киімдер жоқ. Сондықтан, ең арзан түйме – 2 теңге, ал ең қымбаты – 18,7 теңге.
Түйме өндіру саласында бірінші сатыдан екінші автоматтандырылған жүйеге көтерілген «Казпласт» қазірде басқа да отандық өндірушілермен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр.
– «Азала текстиль» мата, «Саяхат сервис» синтепон, біз фурнитура шығарып, бір-бірімізді сүйреп жатырмыз. Себебі, бір-бірімісіз күн көре алмаймыз. Менің түймем керек жерге синтепон да, мата да қажет. Бәріміздің мақсатымыз – бір, өнімді өткізу. Қорғаныс министрлігінің тапсырысын орындауға отандық өндірушілер бес жылдық келісімшарт, яғни консорциумға отырғанбыз. Тапқан пайдамызды инвестицияға құйып келеміз. Төрт жылын абыроймен алып шықтық. Бірақ, жыл сайын бізге кедергі жасайды. «Қазір консорциум мемлекеттік тапсырыстан алынып тасталған» деп желеулетеді. Бұрынғы жемқорлықтың иісі аңқыған жүйеге апарып, қайтадан тендермен істегісі келеді. Біз ешкімге «ешнәрсе» бермейміз, тапсырысты таза орындауға тырысамыз. «Осы мәселені парламенттік мінберде де көтердім. Егер біз өнімімізді өткізе алмасақ, несіне қаржы құямыз?! - деп Д.Жұмабаева бұл саладағы проблемалардың да бір шетін шығарды.
Бұдан бөлек, қарамағында түйме цехынан басқа тігін фабрикасы да бар «Казпласт» компаниясында 100 адам жұмыспен қамтылып отырса да, әлі күнге жекеменшік ғимараты жоқ екен. Жалға алып отыр. Бұл да бизнес жүргізуде көп қиындық туғызып жатқанға ұқсайды. «Ал Қорғаныс министрлігі егер ғимаратың болмаса, қарамағыңда 100 адам түгіл 1000 адам еңбек етсе де тапсырыс бермейді. Осы әділетті ме? Ал мен салық төлеп жатырмын ғой», – дейді компания директоры.
Шымкенттегі экономикалық немесе индустриалды аймақтан жер алып, ғимарат соғайын десе, 6 пайызбен несие алуға қауқары жоқ. Пайыздық жүктемесін көпсінеді.

 

25

 

Отандық нарықтың олқы тұстары

Шынтуайтында, жеңіл өнеркәсіп саласындағы жеңіл емес проблемалар жетіп артылады. Түпкілікті тұтынушы мен отандық тауар өндірушілер бәсекеге түсе алмайтын импорт өнімдерінің өте ауқымды көлемінің белең алуы өнеркәсіпке үлкен кесірін тигізуде. Біздің нарыққа 70 % импорт тауарын өткізетін шетелдің жеңіл өнеркәсібі айтарлықтай жетілген, сондықтан олар біздің халыққа күнделікті киімнің анағұрлым сапалы әрі қауіпсіз модельдерін ұсынуда. Ал бұл үдеріс отандық өндіріс пен тауарлардың тұтынушы алдында тартымдылығын жояды, бәсекеге қабілетсіздік орын алады.
Отандық нарықтың негізгі мәселесі – заңсыз тасымалданатын шетелдік тауарлар болып отыр. Осының нәтижесінде Қазақстан нарығын әлеуетті сатып алушы үшін сапасы төмен, бағасы арзан тауарлардың орасан көлемі жаулап алған. Есепке алынбаған, шығу тегі белгісіз, сапасыз мұндай тауарлар ел экономикасының дамуына кері әсер тигізуде.
Соның салдарынан отандық компаниялар шығарып отырған стандартқа сай, дұрыс компоненттерден жасалған сапалы киім үлгілері мен тауарлары сұранысқа ие емес. Нәтижесінде отандық тауар өндірушілер контрафактілі тауарлармен күресуге, бәсекеге түсуге мәжбүр. Мәселен, «Казпласт» түймелері нарықта 8 жыл болса да, ол әлі күнге экспортқа шыға алмай отыр.
Жалғыз шешім – жеңіл өнеркәсіп саласында отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдауды күшейту керек. Тағы бір өзекті мәселе – ірі және орта кәсіпорындардың көбісі ескі жабдықпен әрі көне технологиялармен жұмыс істеуде. Соның салдарынан тауарлар бәсекеге шыдас бермейді. Кәсіпорындарда автоматтандырылған жүйелер жоқ, өндіріс негізінен қол еңбегімен орындалады. Сондықтан шығарылатын тауардың өзіндік құны айтарлықтай қымбатқа түсуде. Жеңіл өнеркәсіптегі жағдай фурнитурамен жабдықтау саласына да байланысты болып отыр. Фурнитураны 25%-дан 39%-ға дейін отандық өндірушілер шығарса, қалғаны импорттық өнім. Нарықтағы түймелердің 60-70%-ы шетелден тасымалданады, әсіресе жейде мен костюмдерге арналған түйме мен әшекей сырттан келеді.
Сондай-ақ, нарыққа Оңтүстік Азия (Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея) елдерінен келетін сапасы төмен, ұсақ-түйек фурнитураның сан алуандығы да кері әсер етіп отыр. Соңғы 3-4 жылда түрік өнімдерінің үлесі артып келеді, бұл өнім түрі де сапалы бола бермейді. Бұл жайт өнім шығаруда жоғары сапа деңгейіне мән берген кәсіпорындарға мата мен фурнитура жеткізушілермен тікелей шарт жасауға мәжбүрлейді.
Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп саласында жұмысшы мамандарды дайындайтын кәсіби бағдарламалардың жоқтығы да саланы кенжелетіп тұр. Заманауи автоматтық жүйелерді қолданып, технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын болашақ мамандарды дайындайтын территориялық арнайы колледждер жоқ. Тіпті, қатардағы жұмысшылардың тапшылығы да сезіледі – ескі кадрлар еңбек демалысына шығып, жастар аз еңбекақыға жұмыс істеуден бас тартуда. Соның нәтижесінде мемлекеттік тапсырысты орындау үшін отандық маталар өндірісі мен сатып алу 40-50%-ға қысқарды. Осылайша отандық тауар өндірушілер өндіріс көлемін азайтып, мемлекеттік тапсырысты орындауға арналған қуатты жайдан жай ұстаудан да бас тартуда, өйткені, ол қосымша шығын.
Нарық сарапшыларының пікірінше, жеңіл өнеркәсібінің бөлшек нарығы – азық-түліктік емес тауарлар арасында ерекше маңызы бар нарық болып отыр. Жеңіл өнеркәсібінің 2020 жылға дейін даму стратегиясы бойынша отандық тауар үлесінің ішкі нарықта артуы қарастырылған еді. Алайда, нәтиже көңіл көншітпей отыр.
Қазіргі таңда шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін оңтайлы жағдай қалыптасқан. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының талаптары жақсарып, нарықтағы жалпы ахуал оң өзгерген. Технологиялық ерекшеліктер, ауыртпалығы мол әрі артта қалған өндіріс салдарынан ірі кәсіпорындар тігін саласында тар бағыттар бойынша, мәселен, тапсырысқа эксклюзивті киім тігу бойынша мамандана алмайды. Мәселен, Қазақстандағы жалғыз түйме шығаратын «Казпласт» компаниясына қаржылай қолдау кем боп тұрған кезде, әрине, нарықта тапшылық сезіледі. Сол үшін отандық түйме өндірісін қолдау қажет-ақ.

Последнее изменение Пятница, 10 Апрель 2020 04:37
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.