Пейілге қарай пейіш бар Избранное

Среда, 22 Апрель 2020 02:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3261 раз

Кәсіподақ 2

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде көпшілік арасынан шыққан жомарт жандар індетпен күрестің алғы шебінде жүрген қызметкерлерге қолғабыс жасауда. Шымкенттегі осындай қайырымдылық акциясынан кәсіподақ мүшелері де қалыс қалмады. Жуырда Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығының өкілдері «Біз біргеміз!» акциясын өткізді.

– Кәсіподақ мүшелері «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының қалалық филиалымен бірге ауқымды акция өткіздік. Оның аясында осындай қиын шақта күндіз-түні еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, Шымкентте кіреберіске қойылған блок-бекеттердегі мамандарға ыстық тағам және сусын жеткізілді, – дейді «Шымкент қаласы және Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов.
Кәсіподақ қызметкерлері қаладағы мейрамханалардың біріне тапсырыс беріп, 12 блок-постағы 160 қызметкерге екі күн бойы түскі және кешкі ас-ауқат жеткізіп берген. Кәсіподақ ұйымы, сонымен қатар, мегаполистегі 3 медицина мекемесіне қаржылай қолдау көрсетті.
– Атап айтқанда Шымкент қалалық №2 көпсалалы ауруханасының ұжымына – 200 000 теңге, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталыққа – 300 000 теңге, ал қалалық жедел жәрдем станциясына 200 000 теңгенің сертификаты табысталды. Бұл қаржыны медицина мекемелері коронавирусқа қарсы күресте бетперде мен санитарлық-тазалық құралдарын алуға жаратады, – деді кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.
Бұдан бөлек «Senim» салалық кәсіподағының қалалық филиалына қарасты 34 мекемеде еңбек ететін 130 медицина қызметкеріне 5000 теңгелік купон берілді. Бұл купондарға «Метро» сауда үйінен азық-түлік алуға болады.
– Бұл қайырымдылық шараларына кәсіподақтар бірлестігі қорының қаржысы жұмсалды. Ол қаражат, ең алдымен, білім беру, денсаулық сақтау, банк ұйымдары сияқты түрлі салалық кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің жарнасынан жиналған. Бұған қоса «Senim» кәсіподағы мен кәсіподақтың бірқатар мүшесі қайырымдылық акциясына қолдау көрсетіп, өз тараптарынан да қаржы қосты. Осылайша, «Көп түкірсе, көл болатынына» тағы да көз жеткіздік, – дейді Берік Айдарбекұлы.

 

Берік Бекжанов 3


Еліміздің басқа да қалалары секілді Шымкентте де жарияланған карантинге байланысты кәсіподақ бірлестігі де қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен. «Қазір жұмысқа 2-3 маман ғана келіп жүрміз, қалғандары күн талабымен онлайн жұмыс істеуде», – деді бірлестік төрағасы. Соған қарамастан төтенше жағдай басталғалы бері медицина мамандарына ғана емес, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына да қолдау көрсетіп, көмектерін аянып қалмауда.
– Кәсіподақ ұйымдарының бірлестігі қандай кезде де көпшілікпен бірге екенімізді білдіргіміз келеді. Жуырда Шымкент қаласында – 50, Түркістан қаласында 50 отбасына азық-түлік жеткізіп бердік. Оған қоса үшінші мегаполисте – 2000, облыс орталығында 1000 бетперде тараттық. Бұлардан бөлек жүзеге асырып жүрген қайырымдылық акцияларымыз жеткілікті. Ең бастысы - игі шаралар көпшілікке үлгі болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созатындар көбейсе! – деген Берік
Айдарбекұлы қайырымдылық көрсетудің негізінде иісі мұсылманға тән «Оң қолың берген садақаны сол қолың білмесін» деген ұстаным жатқанына баса назар аударды.
Айта кету керек, коронавирус пандемиясы кезінде кәсіподақ ұйымдарына қарасты ғимараттар вирус жұқтырған науқастарды емдеуге арналған госпиталь ретінде ұсынылған. Ол ғимараттардың қатарында Қызылордадағы «Жаңақорған», Алматыдағы «Көктем» шипажайлары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы тарихи «Турист» қонақ үйі де бар.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.