САҚТЫҚ ПЕН САБЫР

Пятница, 24 Апрель 2020 00:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 554 раз

Қатерлі вирустан қорғанудың қамын Шымкент қаласының әкімі ерте бастан-ақ қолға алды. Жан-жағымызды қымтап, қалаға кіретін жолдарды бекітіп, ірі сауда орталықтары мен көпшілік шоғырланатын қоғамдық орындардың жұмысын тоқтатты.

Мекемелер мен көптеген кәсіпорындар уақытша жабылды. Бірқатар мекеме қашықтан жұмыс істеуге, білім ошақтары қашықтан оқуға көшті. Қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Ал 19 сәуірден бастап олардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Тұрғындардың қатаң тәртіп пен талапқа бағынуы міндеттелді.
Билік пен тиісті орындар індеттің жолын кесіп, таралуына тосқауыл қоюға күш салып, сақтық шараларына аса мұқияттылық танытқанына қарамастан Covit-19-ға шалдыққандар саны күннен күнге өсіп барады. Неге?
Осы сұрақты әркім өзіне қоюы керек сияқты. Себебі мына дерттің адамдарға, жан-жағымыздағы жандарға, жалпы қоғамға қаншалықты зауал туғызатынын әлі де терең түйсінбей, түйсінсе де соған салғырт, немқұрайды қарап, бейқам жүрген жандар аз емес. Өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін өксітетін, өкінішті салдары өлімге дейін жеткізетін бұл кеселмен ойнауға болмайтынын Уханьның, Италия, Испания, АҚШ-тың, тағы басқа әлем елдерінің жағдайын айтпағанда, өз елімізге дендеп еніп отырған қазіргі қауіптен-ақ аңғармаймыз ба? Жасырын туған күн, басқосу өткізіп, қонақ шақырып, қораланып отыру, «үйден ішіміз пысты» деп себепсіз көшеде қыдырыстау секілді бейқамдық сорымызға айналатынын қалай ойланбаймыз? Сондай жауапсыздықтың жазасындай соңғы күндері дертке шалдыққандар саны бір тәуліктің ішінде 28 адамға дейін көбейіп отыр. Сәуірдің басында коронавируспен ауырған 3 адам тіркелсе, айналдырған 15-20 күннің ішінде оның қатары 130-дан асты.
Дерттің өршуі медицина қызметкерлері үшін қаншалықты қиын жағдай туғызып жатқанын түсінсек етті. Өз өмірлерін тәуекелге тігіп, күндіз-түні аурулармен алысқан ақ халаттылар отбасына, бала-шағасына жете алмай, «қамақта» жүр. Блок-бекеттерде ауа райының қолайсыз күндерінде де тәулік бойы аяқтарынан тік тұрып, тәртіп пен сақтық шараларын қадағалап отырған полиция, медицина қызметкерлеріне оңай ма? Қатерлі індет тек біздің қаланың өзінен кеше ғана қамсыз жүрген 3 адамның өмірін қиды.
Дерттің дендеп бара жатқанын ескеріп, Шымкент қаласының Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігері Ә. Төлебаев «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды. Мұның бәрі жайдан-жай қолға алынып жатқан шара еместігі түсінікті. Тұрғындарға қойылатын ең басты талап – үйден шықпау. Бұл әрбіріміз үшін ең қауіпсіз амал. Оны орындаудың не қиындығы бар. «Сабыр түбі – сары алтын» деген емес пе!? Сол сабыр ғана сақтайды бізді мына зауалдан.

 

 
Последнее изменение Пятница, 24 Апрель 2020 00:44
Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.