Көркем мінезді көркем сөз шебері Избранное

Пятница, 22 Май 2020 02:51 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 882 раз

q-3

ХХІ ғасыр ақпараттар ағынының толассыз дамып, ғылым мен техниканың асқан жылдамдықпен өсіп-өркендеген ғасыры деп айтып жүргенімізге де біршама уақыт болды. Қазіргі қоғамның, қоғамның ғана емес бүкіл адамзаттың алдында тұрған күрделі мәселе – адами құндылықтардың әлсіреп, материалдық құндылықтардың өсіп бара жатқандығы. Сөз өнерінің қыр-сырын қопара қарастырған академик З.Қабдолов: «Әдебиет адамдарға өмірді танытып қана қоймайды, олардың сол өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына ықпал етеді, бүкіл тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді», – деп көркем шығарманың басты құдіреті адамның өмірге деген көзқарасының дұрыс қалыптасуына үлкен әсер-ықпалын тигізетінін баса айтқан болатын.
Біздің бала кезімізден жата жастанып, соңы немен аяқталады екен деген үлкен құмарлықпен оқыған шығармамыздың бірі – «Интернаттың баласы» деп аталатын оқиғалары қат-қабат, образдары орасан шығарма болатын. Балалықтан ба әлде, білім-білігіміздің шикілігінен бе, сол кездері осы шығарманың авторы кім екен, қандай адам екен деген сұрақ ойымызға келе бермейтін. Ойымызда қалатыны шығарманың шынайылығы, күнделікті өмірде көріп жүрген адамдарымыздың сол шығарманың ішінде өріп жүретіндігі болатын.
Мархабат-Байғұт-фото.-Әйгерім-БЕГІМБЕТ-1Оқырмандарын шығармаларының шынайылығымен, оқиғаларының да өмірдің өзіндей сан-салалы күрделілігімен қуаттандырып жүрген Мархабат Байғұт қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегін салған, қоғам қажетін тап басып айта білген қайраткер қаламгер.
Біздің бүгінгі қоғамдағы барлық дерттің бастауы отбасындағы мейірімнің жеткіліксіздігінен, бір үйдегі бауырлардың бауырмалдығының әлсіздігінен туындап жататындығы жасырын емес. «Интернаттың баласындағы» Ноқтабайдың әпкесі Нұриланың інісіне деген бауырмалдығы, інісін Қоғалыдан аудан орталығына шығарып салып бара жатқандағы әпкелік қамқорлығы жазушы шығармасын қанша рет қайталап оқысаң, сонша рет көзіңе жас үйіретін өмірдің қимас кезеңдерін көз алдыңа елестетеді.
« – Кейде ұрыншақтығың, кейде қырсықтығың бар сенің. Көңіліңе алма, Ноқташ. Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады. Мен айтпағанда ақылды кім айтады саған. «Жақсы болмақ әсте-әсте, жаман болмақ бір пәсте» (Қоғалының кемпірлері көп айтатын мақалды өзінше өңдеп тұр-ай!) деген. Адам жақсылыққа қарай баруы үшін Құлбайшоқының жотасына тырмысқандай қиналуы керек, ал жамандыққа бару ойға домалаған сияқты. Өзіңе-өзің бекем бол, Ноқташ!» [Жеті томдық шығ жин, 1-том, 241-бет]. Дәл осындай інісіне жан жүрегін суырып беруге әзір, қамқорлыққа құштар әпкелер бейнесі жазушы шығармаларында молынан ұшырасады. «Әпкемнің ауылындағы» Үрисән әпке: «Күншуақта кіміңіз бар?» – дейді дәрігерім. «Күншуақта менің күнім бар ғой», – деймін мен. – Күнім дегенім – інім дегенім. Күндей көретін інім тұрады ғой Күншуақ атты шаһарда» [Жеті томдық шығ жин, 3-том, 91-бет]. Әпке мен іні арасындағы көзге көрінбейтін, ешқандай жылу өлшегіш құралдарымен өлшеуге келмейтін, оттан да ыстық бауырмалдық, туыстық сезімдер. Бүгінгідей адамдардың жүрегі қатайып кеткен қоғамды Мархабат Байғұт шығармалары жұмсартуға, ізгілендіруге талпынады.
Жуырда ғана Егемен Қазақстан газетінің 12-мамырдағы санына профессор Дархан Қыдырәлінің «Қаратаудың қазыналы қайнары» атты көлемді мақаласы жарқ етіп жарыққа шықты. Түбі бір түркі жұртының рухани мұраларын түгендеп жүрген зерделі ғалым жазушы шығармаларына жан-жақты талдау жасаған. Жазушының жазушылық ерекшелігін ғана емес, журналистика саласындағы ересен еңбегін, азаматтық ұстанымын, қоғамдағы қайраткерлік тұлғасын жеріне жеткізе саралап шыққан. Жазушы шығармаларын тереңдей талдаған ғалым: «Туған ауылынан ажырамаған Мархабат аға кіндік қаны тамған жердің әрбір тасына жан бітіріп, тас бұлағын сазға толтырып жазатын шебер қалам иесі» - деп бағалаған болатын. Шынында да Мархабат ағамыздың барлық шығармаларының өн бойында туған жердің тіп-титтей қалтарыс-бұлтарысынан бастап, туған ауылының әрбір адамы шығарма арқауына айналған деуімізге болады. «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Аршакие» сияқты жинақтарына енген шығармаларының бәрінде ақжарқын ауыл адамдары, бар-жоқпен жұмысы жоқ жайсаң жандар немесе бір атым насыбайға бола өкпелейтін ағайын-туыстар, ауыл мектебінен алысқа аттанған «Ақ тамақ қарлығаштар» бәрі-бәрі жинақтала келе ауыл адамдарының типтік бейнесін береді. Типтік бейнесін беріп қана қоймайды, қоғам өмірінде жиі кездесетін келелі мәселелерді астарлы әзілмен, уытты тілмен шебер суреттейді.
Әдебиет теориясын зерттеуші ғалымдар әдебиеттің халықтығы деген мәселені кең көлемдегі ұғымдармен түсіндіреді. «Халықтық сипат ең алдымен белгілі бір көркем шығармада бүкіл халықтық мәні бар мәселенің көтерілуінде жатады», – деп топшылайды. Осы тараптан талдай келе Мархабат ағамыздың шағын көлемді шығармаларынан бастап, кең көлемді шығармаларының басым көпшілігінде халықтық мәні бар маңызды мәселелердің бәрі нәзік иірімдермен, әдемі әдіптеулермен үздіксіз тамыр тартып жатады.
Мархабат Байғұт ағамыз қазіргідей қым-қиғаш, қысылтаяң кезеңде өзін қоршаған ортаны, өзі өмір сүріп отырған қоғамды мейірімге, адамгершілікке, ізгілікке, шынайылыққа шақырудан шаршаған емес. Мақамы бөлек ағамыздың публицистикалық шығармаларында болсын, көркем шығармаларында болсын, сыр-сұхбаттарында болсын елді ынтымаққа, бірлікке, адамдарды адалдыққа шақырудан бір сәт те айныған емес.
Әдетте біздің елге мәлім тұлғалардың мерейтойлары қарсаңында сол жылдың аясында ғана қалып кететін тар шеңбердегі іс-шараларды ұйымдастырумен, немесе мерейтой мерзімі біте сала өзектілігін жоғалтып алатын шағын мақалалар жазумен шектеліп жататынымыз жасырын емес. Ал Мархабат ағамыз бұл тұрғыда да өзінің ерекше мақамымен қанша уақыт өтсе де құнын жоғалтпайтын, өзектілігін жоймайтын құнды дүниелер жаратудан жаңылған емес. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай жарыққа шығарған «Бес асыл іс бес дұшпан» атты шағын көлемді кітапшасында ұлы Абайдың бір өлеңінің өзін жан-жақты сараптап, ақын философиясына терең үңіледі. ХХ ғасыр басындағы жазба әдебиетіміздің негізін қалаған Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Абайды оқы, таңырқа» десе, Мархабат ағамыз «Абайды оқы, орында», деп ұлы ақын айтқан қағидаттарға таңырқап қана қоймай, оны орындаудың да кезі келгенін кеңінен толғайды.
Биылғы жылы 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып отырған әлем ойшылы Әл-Фараби туралы да «Әл Фараби һәм қайырымдылық» атты болмысы бөлек эссені жарыққа шығарды. Жазушы Әбу Насыр әл-Фараби туған топырақтан алыстағы Алматыға оқуға аттанған Елдостың студенттік өмірін баяндай отырып, Оқсыз бен Отырардың ортасын алыстағы Алматымен ұштастырады. Жазушы оқуға ынталы Елдостың өмір жолын суреттей отырып, оқырманды Әл-Фараби философиясына жетелейді. «Айналайындар, Әбу Насыр бабамыз өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында» бәрін-бәрін байсалды баян еткен ғой... Бақытқа жетуге апаратын айрықшалық пен іс-әрекет, ақыл-сана, жан-жүрек ұмтылыстары мен құлшыныстары – бар баршасы тек қайырымдылық қасиеттері арқылы ғана туындамақ», – дейді. Әл-Фарабидің қайырымдылық туралы қағидаттарын, ізгілік жөніндегі ізгі ойларын оқырманға түсінікті тілмен жеткізеді.
Ислам дінінде – мұсылманның ең жақсысы көркем мінезді мұсылман десе, Әл-Фараби философиясында: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады», – деп тұжырымдайды.
Парасат биігінен бір сәт те төмендеуді білмейтін марғасқа Мархабат ағамыз Түлкібас пен Түркістан, Қазығұрт пен Қаратау атырабының арасындағы алқалы жиындарда сөз бастайтын абыз ағамызға айналғаны ақиқат. «Ырыс алды – ынтымақ», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген атаумен қаншама мәмілелі мәжілістер, алқалы жиындар үлкен деңгейде ұйымдастырылып, Оңтүстік өлкесінің, Тұран топырағының абырой-беделін биікке көтерді. Елге келген қариялар, қадірменді қонақтар еліңде кімің бар деген кезде еңсемізді түсірмей ауыз толтырып, мақтанышпен айтатын, Алаш жұртының абыройлы тұлғасына айналған ардақты ағамыз.
Көш басында жүрген көсем сөз шебері Байдулла Қонысбек ағамыз: «Оңтүстікті Мархабатсыз, Мархабатты Оңтүстіксіз ойға елестету мүмкін емес» десе, қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабеков ағамыз: «... Оңтүстікте ғана кездесетін адамдардың мінез-құлықтарын, жымиып отырып бір еске түсіргім келсе – пәйкел аралағандай Мархабаттың әңгімелерін парақтап өтем, бала кезде естіп, ұмтыла бастаған оңтүстіктің сөздерін еске түсіргім келсе, оларды да Мархабаттамын табамын», – деп туған өлкесіне деген басылмайтын сағынышты, ашылмайтын құпия құштарлықты туған өлкесімен өзектес ұлдың шығармаларынан табатындығын үлкен құрметпен еске түсіреді.
Көсемсөз шебері, қайраткер қаламгер, ақылшы-абыз, туған өлкесінің туын биікке көтеріп жүрген Мархабат Байғұт ағамыздың болмысын биіктетіп, азаматтық тұлғасын асқақтатып тұрған ерекше қасиеті, өзі туған өлкенің көркем табиғатындай көркем мінезі екендігі әмбеге аян. Түлкібас топырағында дүниеге келіп, тұтас түркі жұртына көркем туындылар ұсынған
Мархабат Байғұт ағамыз мерейлі
75 жасқа қадам басып, қасиетті Қаратау, сынды бойға жиған бар қазына-қамбасын туған еліне үлестірген үлгі тұтар абыз ағамыз, ақыл айтар ақылман айбарымыз.
Әдетте әйгілі ақын-жазушылар ауылда туып, Алматыда өмір сүреді деген жазылмаған заң бар. Ал біздің Мархабат ағамыз ару қала Алматыда тұрмай-ақ, айбынды Астанаға көз тікпей-ақ өзі жазған шығармаларындағы кейіпкерлермен қоян-қолтық араласып, қарапайым да қоңырқай ғұмыр кешуден жалыққан емес. «Магамед тауға бармаса, тау Магамедке өзі келеді»,-дегендей Мархабат ағамыз өмір сүріп жатқан өлкеге береке де бірлік те өзі келіп, қатар қоныс теуіп жатқандай. Шұғылалы Шымкентіміз күн өткен сайын құлпырып, қасиетті Тұран-Түркістан өлкесі түркі жұртының бас қосатын рухани Астанасына айналып келе жатыр. Туған өлкесімен қатар қанатын кеңге жайып, күнгей өлкеміздің күніндей күліп жүретін Мархабат Байғұт шығармалары жылаған жанды жұбататын, қуанған жанды қанаттандыратын, сүрінген жанды қайраттандыратын құнды дүниелер.

 

Анар Жаппарқұлова,
филология ғылымдарының кандидаты

Последнее изменение Пятница, 22 Май 2020 03:19
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.