АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНС: ҚОҒАМ ТҰТАСТЫҒЫ – ОРТАҚ МАҚСАТ

Пятница, 22 Май 2020 03:05 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 361 раз

Альянс фотолары 1

Пандемия мен оның салдарынан туындаған карантин ел өміріне елеулі өзгерістер алып келді. Күнделікті тіршілік ағымы бұзылып, материалдық құндылықтың емес, адами қасиеттің маңызы арта түсті. Қиын жағдайда адамдар бір-біріне көмек қолын созып, қоғам белсенділерінің қатары артты. Сол қоғамның белсенді мүшелерінің қатарында үкіметтік емес ұйымдар да бар. Түрлі қоғамдық бірлестіктер мен бастауыш ұйымдар Шымкентте Азаматтық Альянстың аясына біріккен. Коронавирус індетімен күрес кезінде Альянстың жұмысы қалай өрбігені туралы Азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жұмағали Білісбековтен сұрап-білген едік.

 

Альянс фотолары 3

 

Халық пен билік арасындағы алтын көпір

– Жұмағали Дәулетбекұлы, елдегі карантин күн тәртібінен түспей тұр. Ендеше, әңгімені тікелей тақырыптан бастап, пандемия кезінде атқарған жұмыстарыңыз туралы өзіңізден білсек...
– Мемлекет басшысының Жарлығымен елде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілген соң біздің де жұмысымыз бұрынғыдай қарқынмен болмаса да тоқтап қалған жоқ. Президенттің бастамаларына барынша қолдау көрсетіп, жүзеге асыруға тырыстық. Себебі, үкіметтік емес ұйымдар – әрдайым халықпен бірге. Біз өзіміз халық арасынан шықтық, қарапайым тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істейміз.
Ең алдымен, індеттен қорғану және карантин талаптарын сақтау шараларын көпшілікке түсіндіру жұмыстарына атсалыстық. Азаматтық Альянсқа мүше үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, еріктілер әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға түсіндірдік.
Карантин салдарынан көптеген адам жұмыссыз қалғаны жасырын емес. Осы тұста қолдан келгенше моральды тұрғыдан қолдау көрсетуге тырыстық. Бұл тұста жергілікті атқарушы билікке көмектестік деп айта аламын. Былайша айтқанда, билік- халық- кәсіпкерлер арасындағы алтын көпір болып жүрген жайымыз бар.
Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоры халықтың әлеуметтік әлсіз санатындағы тұрғындарға қаржылай көмек көрсеткенін өздеріңіз де білесіздер. Біздің Альянстың 4 өкілі Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалымен бірге «Біргеміз» қорының қамқоршылық кеңесінің құрамына мүше болып кіріп, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге белсене атсалыстық. 50 мың теңге қаржылай көмек пен азық-түлік себеттерін үйді-үйге еріктілермен бірге тараттық. Бетперделер үлестірдік.

 

Альянс фотолары 6Альянс фотолары 9

 

Азаматтық Альянс – алдыңғы қатарда

– Әлеуметтік қолдаудан бөлек өз тараптарыңыздан көрсетілген көмек туралы айтып өтсеңіз?

– Жалпы, айта кетейін, Азаматтық Альянсқа бюджеттен тікелей қаржы бөлінбейді. Бізге мүше ұйымдар түрлі гранттар, конкурстарға қатысып, соның аясында бөлінген қаржымен жұмыс істейді. Дегенмен, қаржы бөлінбейді деп, ешқашан қол қусырып отырған емеспіз. Жоғарыда айтып өткендей, болмағанда моральдық қолдау көрсетіп, түсіндіру жұмыстарымен айналысамыз. Ал карантин кезінде өз қаржымызға мұқтаж жандарға көмек көрсеттік.
Атап айтар болсам, елімізге белгілі «Сана-Сезім» қоғамдық бірлестігі пандемия кезінде шекаралық аймақтарда қалып қойған шетелдік азаматтарға көмек көрсетті. Төтенше жағдай жарияланып, барлық жолдар жабылған соң елдеріне қайта алмай қалған Тәжікстанның 12, Молдованың 72 азаматына азық-түлік жеткізіп берді. Олар біздің елде жұмыс істеп жүрген, карантин жарияланған соң қиын жағдайда қалғандар болатын. Сонымен қатар өзге елдерден көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген тұлғалардың құжаттарын рәсімдеуге көмектесуде, тегін заңгерлік көмек беруде. Өздеріңіз білесіздер, көшіп келгендер тұрмақ ел азаматтарының құжаттарын рәсімдеу кейде қиынға соғып жататыны бар.
Азаматтық Альянстың негізін қалаушылардың бірі Клара Әліпова 7 отбасыға 60 мың теңгенің көмегін көрсетті. Альянстың атқарушылық қызметіндегі 4 адам болып біз де І топ мүгедектері, төсек тартып қалған науқастары бар 70 жанұяға азық-түлік жеткізсек, Чернобыль апаты ардагерлерінің одағы да өздерінің жағдайы шылқып тұрмағанына қарамастан, жағдайы мүшкіл 23 отбасыға қол ұшын созды.
Былтырғы Арыстағы апат кезіндегідей, биыл да Мақтааралдағы су басудан зардап шеккен отбасыларға көмектен Альянс мүшелері шет қалмадық. Қолдан келгенше қаржы жинап, мұқтаж отбасылардың тікелей өздеріне тапсырдық. «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі, ACCESS түлектері 100 отбасыға азық-түлік, 50 балаға арналған жиынтық жеткізді.
«Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі Мақтараалдағы эвакуация кезінде арнайы көліктерімен мүгедектерді тасымалдады.
Қазіргі сәтте бизнестің өз жағдайы да оңып тұрмағаны белгілі. Дегенмен, қайырымдылыққа үлес қосатын кәсіпкер азаматтарымыз баршылық екенін айта кетейін. Атын атамауды сұраған бір кәсіпкер 1 500 000 мың теңгеге демеушілік жасап, Азаматтық Альянстың мүшелері мен ерікті жастар 140 азық-түлік себетін әзірледік. 46 адамнан тұратын еріктілер тобы ол көмекті тек Шымкентте ғана емес, Леңгір қаласындағы мұқтаж отбасыларға жеткізіп берді. Тағы бір бизнесмен азамат 500 үйге азық-түлік жеткізіп берді.
Шымкент қаласының «Әйелдер кеңесі» қоғамдық қоры Ұлы Отан соғысының 50 ардагеріне, «Рақмет, саған, Анашым!» орталығына көмек көрсетті.
Карантин кезінде 12 адам жұмысқа орналастырылды. Қашықтан сабақ оқуға көмек болсын деп, әлеуметтік әлсіз саналатын 7 отбасының балаларына планшет сыйладық. Осынау жұмыстың барлығына бізге еріктілер көмектесуде. Ал жалпы айтсақ, үкіметтік емес ұйымдарының барлығы да, біздің өзіміз де еріктілерміз.

 

Альянс фотолары 8

 

Карантиннен кейін

– Қалай десек те пандемиядан кейін де өмір жалғасатыны белгілі. Осы тұста алдағы жоспарларыңыз бар ма?

– Неге болмасын? Дәл қазіргі таңдағы мақсатымыз – карантиннен кейінгі өмірге дайындықты пысықтау. Ең алдымен, жоғарыда айтып өткенімдей, төтенше жағдай салдарынан жұмыссыз қалған немесе шаруасы тоқтап қалған азаматтарды қолдау керек. Қоғамдық ұйымдар ретінде сол қоғамымыздың мүшелеріне әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетеміз. Азаматтардың жұмыс табуына сеп болу барысында қоғамның әлсіз мүшелері – мүгедектер де назардан тыс қалмайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бұған дейін жұмыс табуына атсалысып келгеніміз көпшілікке белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс бұрынғы қарқынмен жалғаса береді.
Тағы бір маңызды тұс – қоғам белсенділетін тәрбиелеу. Осы көктемдегі бүкіл әлемге, оның ішінде Қазақстанға төнген қиын жағдай қоғам болып, бір тұтас жұмылудың маңыздығын көрсетіп берді. Ал сол қоғам әрқайсымыздан – қоғамның белсенді мүшелерінен құралады. Ендеше, қоғам белсенділерінің сапалы жұмысынан біздің азаматтық қоғам да нығая түспек!

– Әңгімеңізге рақмет.

Последнее изменение Пятница, 22 Май 2020 03:12
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.