Ақ халаты арының айшығындай Избранное

Среда, 17 Июнь 2020 05:07 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3385 раз

МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫНА МЫҢ АЛҒЫС

jHlUF4tp

 

Жаһанды жайлаған коронавирус дәрігер деген қауымның қоғамдағы қадірі мен адам өміріндегі маңызы қандай екенін  дәріптеусіз-ақ дәлелдеп берді.

Ал халаттылар қатерлі індетке қарсы бастарын бәйгеге тігіп қызмет етуде десек әсіре әспеттегеніміз емес. Олар күндіз-түні тұмшаланған киіммен, бетін масканың резеңкесі қажағанына да, шаршап-шалдыққанына да қарамай тәулік бойы ауруханалар мен стационарларда аурулармен арпалысты.
«COVID-19» инфекциясы тараған сәттен бастап «жедел жәрдем» қызметінің жұмысы қауырт күйге ауысты. Күн сайын станса бекеттеріне 2500-ден астам қоңырау түсті. Ал тәулік бойы 1500-ден астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кесел тарағаннан бастап денсаулығына шағымданатындар саны күрт көбейді.
– Адамдар көп жағдайда басы ауырып, дене қызуы көтерілсе, ауру жұқтырып алдым деп үрейленеді. Хабарласқандардың тең жартысы коронавирусқа қатысты сауал қойып, кеңес сұрайды. Қорыққандарынан қан қысымы артып кеткендер де болды. Қазір тыныс жолы ауруларының өршігені байқалады. Қаламызда індет белгілері жоқ 70 тасымалдаушы тіркеліп отыр, – дейді стансаның медициналық санақ бөлімінің меңгерушісі Раушан Муталиева.
«Жедел жәрдем» бригадасының мамандары кеселмен бетпе-бет келсе де, алдыңғы шепте еңбек етуде. Бірақ үшінші мегаполисте оқшауланған үйлер, ауру жұқтырғандар тыйылған жоқ. Ал науқастарға қызмет жоспарланған алгоритмге сай жүргізілуде. «103»-тің қызметкерлеріне індет жұқтырған науқастың үйіне кіруге болмайды. Науқас жәдел жәрдем көлігінде қаралады. Бұл ең алдымен, сақтық шаралары және сол жерде тұратын азаматтар арасында дүрбелең туғызбас үшін қажет. Мұнан бөлек, шақырту кезінде бригадалар қорғаныш киімдерімен барады.
Бүгінде стационарлар «COVID-19» инфекциясымен ауырған адамдарға толы. Арасында жас та, жасамыс та, түрлі сала қызметкерлері бар. Індеттің ілмегіне іліккендер саны 1159-ға жетті. 500 адам жазылды, 11-і өмірден өтті
WhatsApp Image 2020-06-17 at 11.32.09Жұқпалы аурулар ауруханасы «COVID» госпиталінің басшысы Мұрат Майлыбекұлының айтуынша, жансақтау бөлімі бейнебір шайқас алаңы іспетті. Стационардағы сырқат адамдардың жағдайы 24 сағат бақылауда. Дәрігерлердің табанды еңбегі арқасында жазылып шыққандар саны 500-ге жуықтады. Өкінішке қарай, нәтижелі емге қарамастан, 11 адамның ғұмыры тоқтады.
Алайда соңғы бір айдан бері дәрігер ата-анасын, жарын, ұл-қыздарын көрмеген. Бір айдан асты, әріптестері де шаңырақта болмаған. Қалалық әкімдік сала мамандарының қауіпсіздігі үшін оларды жатақхана мен қонақүйге уақытша орналастырған.
– Індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина мамандарының еңбегі ескерілді. Айлық ақыларынан бөлек, қосымша төлемақы берілді. Сол үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамын. Індетті ауыздықтап, толыққанды тежесек, бірінші кезекте отбасымызға барамыз, - дейді Мұрат Ибишев.
Осы арада бір айта кететін жәйт бар. Кейбір мемлекеттер ауруы асқынған науқастарды емханаға жатқызып, вирус табылған науқастарды үйінде қалдырып жатыр. Бұл білместіктен немесе салғырттықтан емес. Себебі қарапайым киімнің өзі жетіспей жатқан елдер бар. Ал бізде « ауруханаға жатқызып қойды» деп шамданады. Ол ол ма, аурудан астар іздеп, сырқатты саясатпен сабақтастыру саябырситын емес.
Қауіпті кеселдің екінші легі күзде болады деп күтіліп еді. Алайда, ол ерте басталған сияқты. Сақтық шараларына қарамастан шымкенттік 217 дәрігер ауру жұқтырған.
Карантиннің ұзаруы, аурудың көбеюі көпшіліктің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескермеуінен болып жатыр. Шектеулерге қарамастан тұрғындар әлі де қонаққа барады, жасырын қонақ күтеді. Сөйтіп, дертті бір-біріне жұқтырып жатыр.
– Ауруды қалай жұқтырғанымды білмеймін. Алғашқыда қатты басым ауырды. Құрғақ жөтел пайда болды. Иіс, дәм сезу қабілетінен айырылдым. Аурудың белгілерін тұмаудың жеңіл түрі шығар деп ойладым. Дене қызуым 38 градустан асқанда жедел жәрдем шақырдым. Алайда «сізде вирус бар» дегенде қатты күйзелдім. Жұқпалы аурулар ауруханасында 16 күн емделдім. 28 күн үй карантинінде болдым. Нәтижелі емнің арқасында кеселден құлан-таза жазылдым. Денсаулығымды сақтаған ақ қалаттыларға алғысым шексіз, - дейді 51 жастағы қала тұрғыны Ырысдәулет Илеспаев.
Пандемия өмір сүру дағдымызды өзгертті. Бірақ қауіп әлі сейілген жоқ. Дендеген дерт шарықтау шегіне жетті ме, жоқ па, мамандар оны нақты айта алмайды. Қазір статистикалық мәліметтерде ауырғандарды ғана емес, симптомы жоқ тасымалдаушылардың санын да жариялай бастады. Ал дәрігерлердің «үйде отырыңыз, сақтық шараларына бағыныңыз» деген сөзі жәй ғана емес ескерту емес, бұл індеттің қауіпті екенін қатаң еске салу.
Ия, дүниені дүрліктіріп, әлемді әлекке түсірген кеселді жою үшін қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қаперге ұстағанымыз жөн. Бекітілген санитарлық эпидемиологиялық тәртіпке бағынбай, кеселдің бетін қайтара алмасымызды ұғынатын уақыт жетті. Ендеше сыртта, қоғамдық орындарда маска киіп, жеке бастың тазалығын сақтайық, ағайын. Бұл вирус – жәй тұмау емес.

 

Последнее изменение Среда, 17 Июнь 2020 05:44
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.