О, АНАЛАР, ОСЫНДАЙСЫҢ БӘРІҢ ДЕ! Избранное

Среда, 24 Июнь 2020 04:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3387 раз

Қазығұрт4 1

Адамзат тарихында Ұлы Отан соғысынан асқан сұрапыл соғыс болған емес. Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығын қорғап, қан майданда қаһармандық ерлік көрсеткен ата, әке, ағаларымыздың есімдерін естен шықпайтындай етіп, тас тұғырларға жазып, болашақ ұрпаққа бейбіт заман сыйлаған асылдарымызды ардақтауға жол көрсетіп келеміз. Бұл күнде олардың басым көпшілігі бақилық болған. Сол соғыс жылдарындағы аналардың, әкелердің ауыр тағдырын, жеңіске қосқан орасан зор үлесін дәріптеу біздің перзенттік парызымыз.

Сол парасатты парызды, қастерлі сезімді тасқа қашап, соғыс қасіретіне бас имеген асыл аналарымызға басымызды иіп, Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылындағы Мәңгілік ел саябағында Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай «Анаға тағзым» ескерткіші орнатылды.
Тағдырын оққа байлаған ер-азаматтар майданда қан кешіп жүргенде, бақытын соғыс ұрлаған арулар олардың орнын басып, белдері қайыса жүріп еңбек етті, қарттар мен балалар қамқор болып, жеңісті жақындатуға баға жетпес үлес қосты. Өлім мен өмір белдескен 1418 күн мен түн! Қаншама әйел қара жамылып, соғыс жесірі атанды. Жарын, әкесін, баласын күтуден жалықпаған, қосағының қарашаңырағын құлатпауды, ар-ұятты ойлаумен таңды атырған асыл аналар қандай құрметке болсын лайық. Аяулы, қаһарман Аналар, бұл Ескерткіш Мәңгілік Ел ұрпағының өздеріңізге деген шексіз ризашылығының белгісі!
«Анаға тағзым» монументіне қарап тұрып, ақын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» деп аталатын өлеңіндегі бейнелі сурет көз алдыңа келеді.

 

Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кетерде солдат жарының
Ішінде қалған ана жыл.
Көкемді айтпай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар

 

Ия, дәл солай!.. Сұрапыл соғыс жылдарындағы барлық аналардың қасіретті тағдыры-осы «Анаға тағзым!» ескерткішінен көрініс тауып тұр. Өзіңіз зер салыңызшы ананың жүзіне, оның жасы отызға жеткен бе, жетпеген бе?.. Жарқыраған жастығын қара түнек сұм соғыс ұрлаған ананың қара шашын ақ қырау шалып, жанары мұңмен торланған. Үстіндегі киімі де ауыр күндердің азабын арқалатып тұрғандай. Тым жұпыны, көнетоз күпәйкесі, белін орамалымен шарт буынып, оған орағын қыстырып алған бейнесі қандай қиындыққа да қайыспайтын қайсар кейпін танытып тұрғандай. Жан-жағына орған бидай масағын баулап жиып қойып, көз ұшында қарайған бір қарашыққа «әкесі келе жатқан жоқ па екен?» деген үмітпен Батыс жаққа ұзақ көз салады. Қолындағы баласы да анасының «әкең келе жатыр!» деген сөзіне жұбанып, сонау көз ұшындағы қарайған бір нүктеге «Шынымен, келе жатқан әкем бе?» деген үмітпен үнсіз қадала қалған секілді.
Бұл — жәй ғана қиялмен кестеленген бейне емес. Бұл кешегі сұрапыл жылдардағы арын жанының садағасы еткен қайсар да әзиз аналарымыздың шынайы бейнесі! Өткен өмірдің ауыртпалығын естен шығармас үшін, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ қасиетті аналар мен аталардың қанымен, жанкешті еңбегімен жеткен Жеңісті бағалай білуі үшін осынау ескерткішті орнаттық.
Қоладан құйылған монументтің биіктігі – 3,5 метр, гранит тастан тұрғызылған тұғырының биіктігі 7 метр. Оның үстіне «Қазығұрт» тауының етек жағындағы үлкен төбенің үстіне қойылғандықтан, бұл өте еңселі де алыстан көз тартатын, жер бетіндегі Ана атын алған алып тұлғаларға арналған ұрпақтарының атынан жасалған теңдесіз құрмет белгісі.
Ескерткішті әспеттеген мәскеулік мүсінші ғалым-скульптор, Өнертану ғылымының докторы, профессор, Ресей өнертану ғылым академиясының академигі, Ресей халық суретшісі, КСРО-ның және Монғолияның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Бурганов Александр Николаевич.
Алапат күндердің жаңғырығы алыста қалса да, соғыс және тыл ардагерлері қатарындағы аналар рухын ардақтап, естен шығармай, рухтарына бас иіп, тағзым етуді әркез парыз санайды бүгінгі үрпақ.


Бекет Тұрғараев,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.