Емнің дұрыс тағайындалуы – ең басты қадам дейді Айна дәрігер

Вторник, 14 Июль 2020 18:54 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3652 раз

Дәл бүгінгі күннің батырлары деп дәрігерлерді айтуға болады. Дертке шалдыққандардың жанына дәру боламын деп жүріп, өздерін сақтап қала алмаған ақ халаттыларды ойласаң, ет жүрегің езіледі. Шымкент қаласында соңғы бір ай көлемінде 9 дәрігер өкпенің екіжақты қабынуынан қайтыс болды. Індеген індетпен алысып, сырқаттарды сауықтырамын деп жанұшырып, жұртқа жанашырлықпен #үйде_қалыңыз! деп жүріп, өздері үй бетін көрмей өмірден өтіп кетті. Өкінішті…

lyudi-umirayut-ot-oteka-legkikh -a-ne-ot-kvi- -vrach-umolyaet-peresmotret-protokol-lecheniya-v-rk- -baigenews.kz Дәл осы тұста шымкенттік реабилитолог Айна Бакееваның Президентіміз Қ.Тоқаевқа жолдаған видеоүндеуі елді елең еткізді. Дертке шалдыққандарға бар білім-білігімен, күш-қайратымен көмек көрсетуге ұмтылған ол «науқасты уыс-уыс дәрі-дәрмексіз, дұрыс тыныс алудың көмегімен қалай айықтыруға болады, оларды жансақтау бөліміне дейін жеткізбеудің жолы қандай?» деп шырыл қағуда.
«Қасым-Жомарт ағай! Сізді инфекционистеріңіз орта жолда қалдырды. Біздің инфекционистеріміз неге шетелдердің, мәселен, Италияның ем-домын зерттеп алмады? Қазір біздің адамдарымыз коронавирустан емес, тромбоздан шыбын құсап қырылып жатыр» деп басталатын дәрігердің үндеуінде нақты не айтылды?
–Науқастың тыныс алу жолдары ісініп, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығып жатыр. Алдымен аурудың тарихын жақсылап зерттеп алу керек. Тұзды ерітінділер тіндердің ісінуіне әкеледі. Бізде коллоид ерітінділері жоқ. Алдымен қанды антикоагулянттармен сұйылтып, суықты тоқтату керек. Емдеу хаттамасын қайта қарауды өтінемін! «Дексаметазон» мен «Эуфиллинді» тамырдан жібергенде адамның қан қысымы төмендейді. Бұл мүлде қажет емес. Дексаметазонды жамбастан салу керек, сонда нәтиже береді. Қазір адамдар ковид пневмониясынан емес, өкпе қабынуынан кетіп жатыр. Біздің елімізде өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектер жоқ. Қазіргі таңда дұрыс ем тағайындамаудың нәтижесінде 35-40 жастағы тепсе темір үзетін жігіттер қайтыс болуда. Мен ем тағайындаймын, бірақ, адамдардың оған қажетті препараттарды таба алмай қиналғанын білемін. Себебі, дәріханада вирусқа, суыққа қарсы дәрілер тапшы. Дәріханалардағы қоқысты шығаратын уақыт жетті! Бет алды тау-тау дәріні тағайындай берген де дұрыс емес! Бұл адамдардың бүйрегі мен бауырына кері әсер ететінін біле тұра бұлай істеуге болмайды. Бұл – ұлттың саулығына жауапкершілік. Сол үшін коронавирус жұқтырып ауырып қалғандарды емдеу хаттамасын қайта қарауды өтінемін, - деді терапевт.
Осы видео әлеуметтік желіде кеңінен таралып кеткені сол екен, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шымкенттік реабилитологтың видеосына қатысты түсініктеме берді.
«Доктор Айнаның бүгінгі медицинаның емдеу әдісінің қиындығы туралы мәлімдемесіне байланысты көп сұрақ болды. Бүгін біз онымен байланыстық. 40 минуттай сөйлестік. Мен негізгі мәселені түсіндім. Медициналық қызметкерлердің арасында әлеуметтік желілерде түрлі емдеу курстарын жариялайтынын және соған уайымдайтынын айтты. Біздің науқастар осыны желілерде оқып өздігінен емделе бастайды, препараттарды ішеді. Кейде бұл препараттардың салдарынан жағдайы нашарлайды. Оған азаматтар осы сұрақтың жауабын білу үшін хабарласады. Біз онымен сөйлестік», - деді ол ОКҚ онлайн-брифингінде.
Алексей Цой министрлік емдеу бойынша мамандар бекіткенін, ресми ұсыным дайындағанын атап өтті. Олар ДСМ сайттарына және әлеуметтік желілерге жүктеледі.
Осындай пандемиялық қиын-қыстау кезеңде қынаптан қылыш суырғандай етіп сөйлеген шымкенттік дәрігерге бүкіл ел риза. Ол соңғы апталарда инстаграм әлеуметтік желісінде және Ютубта тегін онлайн кеңес берумен айналысып жатыр. Қаншама жағдайы ауыр науқастардың қыл үстінде тұрған өмірін сақтап қалды. Жан сақтау бөлімінен үйіне қайтарғызып, адам ағзасына кері әсер ете қоймайтын ем-дом беріп, дұрыс тыныс алуды үйретіп жүр.

ӨЗІҢІЗГЕ ОТТЕГІ СЫЙЛАП, ЖЕЛДЕТКІШ БОЛЫҢЫЗ!

А.Бакееваның айтуынша, қазір бір-бірімізді немесе мемлекетті, әкімді кінәлайтын уақыт емес. Етек-жеңімізді жинап, өзіміз үшін әрекет жасауға талпынуымыз керек. Құс екеш құйтақандай құс та ұясын салып, балапандары үшін тіршілік етеді, қарекеттенеді. Ал кейбір еңгезердей адамдар отырып алып «ана жерім, мына жерім» деп ойбайлауды ғана біледі. Тым болмағанда өзі үшін дұрыс тыныс алуға талпынса ғой! «Ауа жетпей жатыр!» деп үрейге басып, оттегі баллондарының көмегіне жүгінудің мүлдем қажеті жоқ! Құр бекер байбалам салу да кері әсерін тигізеді.
Одан кейін ауырып жатқан туыстарымыздың алдында еңсеміз езіліп жүргені де жақсылыққа апармайды. Олай етпесеңіз, сіз оның миына «болды, бәрі бітті!» деген бағдарламаны орнатып бересіз. Бұның бәрі – уақытша құбылыс. Айқай-сүрең, дүрбелең туғызба! Бір өкпемен де өмір сүріп жүргендер бар.
Содан соң адамдардың арасында жөтелгенде бас ауыруына жиі шағым айтады. Шынтуайтында, жөтелген жақсы! Егер сіз жөтелсеңіз, тыныс алу жолдарыңыз жазылып жатыр деген сөз. Ал басыңыздың ауырғаны ол айқау-шудан деп біліңіз. Жасы келген қарт адамды етпетінен жатқызу дұрыс емес. Олар бұл жатыста тұншығады. Кез келген адам өз-өзіне оттегі аппараты немесе жасанды желдеткіш бола алады. Ол үшін алдымен ағзаны магний дәруменімен («Магне В6», «Пустырник Форте») қамтамасыз етіңіз. Сонда буын, бұлшық еттер босаңсып, демалады. Ағза демалғанда ғана дұрыс жұмыс істейді.
Иә, Айна дәрігер өзінің эфирлерін орыс тілінде жүргізеді. Бірақ, барлығын өте ұғынықты түсіндіріп береді. Жүрегі ұлтым деп соққан ақ халатты дәрігер онсыз да аз қазақты сақтап қалуға барын салып жатыр.
Жекеменшік клиниканың докторы, терапевт, реабилитолог Айна Бакеева осылайша емдеу мен асқынулардың болжамына түсініктеме беріп, азаматтарды ДҰРЫС ТЫНЫС АЛУҒА шақырады. Ал ол үшін оның жекесіне шығып, беймезгіл мазалаудың қажеті жоқ. @densaulik_ инстаграм парақшасына кіріп, сондағы видеонұсқаулықтар бойынша әрекет етсеңіз, жеткілікті.
Иә, қазір желілерде түрлі кеңестер беріп, ақыл айтатындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені рас. Бірақ, тыныс алу, оның ішінде дұрыс тыныс алу туралы тұшымды кеңесті білікті дәрігерден тыңдағаныңыз мақұл.
Осындай күрделі кезеңде еліміздің медициналық жүйесіндегі кемшілікті керек жерінде сынай да білетін, кеңесін де аямайтын білімді де білікті дәрігерлердің бары қуантады. Жанашумен қатты айтып қойған жері де бар. Жүрегі де, жаны да нәзік әйел заты емес пе?! Арасында көзіне жас алып, жылап та алады.
Жүрегі елім деп езіліп, қайраттанса, халқым деп қиындыққа қасқайып қарсы тұра білетін Айнадай жанашыр дәрігерлеріміз барда біз барлық қиындықты бірге еңсереміз!

 

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.