Версия для печати

ТЫНЫСЫ ТАРЫЛҒАНДАРҒА ӨМІР СЫЙЛАҒАНДАР өз денсаулығын қатерге тігіп жүр Избранное

Пятница, 17 Июль 2020 05:15 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3322 раз
Оцените материал
(0 голосов)

DSC 8081

«Тынысы таралып жатыр». Иә, осылай басталатын хабарламаларды әлеуметтік желілер мен месенджерлерде жиі оқып жүрміз.

DSC 8066Жақындары хәл үстінде жатқанын айтып көмек сұраған, дәрі-дәрмек, оттегі баллонын іздеп сабылғандар саябырсығандай бүгінде. Өмірмен арпалысып жатқандар да аз емес. Бұл жолы тіршілікке тыныс сыйлаған жандардың ерлігі хақында қалам тербегім келіп отыр. «Оңтүстік» индустриалды аймағына жолымыз түсіп, «AirGaz» ЖШС зауытының қара жұмыстың қазанында қайнаған майталмандарымен жүздесіп, әңгімелескен едік.
Қаладағы саусақпен санарлық оттегі шығаратын орынның бірі саналатын зауыттың директоры Асқар Батырханов соңғы айда оттегі баллондарына сұраныс бес есе артқанын айтады. Күндіз-түні тынымсыз еңбектеніп жатқан өндіріс орнына бұл үдеден шығу оларға үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
– Біздің негізгі тұтынушыларымыз металлургия, нефтехимия, нефтегаз саласы. Елде төтенше жағдай жарияланып, блокпосттар қойылып, көп орынның жұмысы тоқтады ғой. Сәйкесінше сұраныс та азайды. Сол кезде біз мықты деген мамандарымызды жұмыстан шығаруға мәжбүр болдық. Өйткені оларға жалақы төлеуге мүмкіндік болмады. Бұл бір. Екінші, бұған дейін тек бір ауысымда қызмет еттік. Қазір жағдай басқа. Сондықтан маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Екі-үш ай болды осында қона жатып жұмыс істеп жүрміз. Сағатына 100 баллон толтырамыз. Таңертең жұмысқа кіріскеннен түнгі 1-2-ге дейін тоқтамаймыз. Өзімнен бастап бәріміз зауыттың ішіндеміз. Барлығымыз да баллондарды толтырумен айналысудамыз, - дейді «AirGaz» ЖШС директоры.
Кәсіпкер зауыттың қауіпті кәсіпорындар қатарына жататынын көпшілікке тағы бір мәрте ескертеді. Мұндағы жұмысшылар алдымен қауіпсіздік ережесімен танысып, кейін арнайы оқудан өтеді. Егер жоғары қысымда жұмыс істеуге рұқсат алмаса, жұмысқа қабылданбайды. Маман тапшылығын сол сынақтан мүлт кететіндердің көптігімен байланыстырады. Ал қалғаны жұмыстың ауыртпалығына шыдас бермейді екен.
– Шыны керек мына жағдайға ешкім дайын болған жоқ. Біріншіден, қазір қызметкерлер өте қатты шаршап жұмыс істеп жүр. Ал жаңадан келгендер тек бір күн ғана жұмыс істеп, бұл тегеурінге шыдамаймыз деп кетіп жатыр. Екінші проблемамыз, қазір мына зауытта пайдаланылатын бөлшектер істен шықса, сонда қиын болайын деп тұр. Себебі зауыттың мұндай режимде жұмыс істеуіне қажетті қосалқы құрылғылар жетіспейді.

 

DSC 8045DSC 8068

 

Жұмыс тоқтаған заматта жабдықтар мен агрегаттар, детальдары ауысады. Майының деңгейі, оның сапасы тексеріліп тұрады. Машиналарды келесі күнге дайындап, басқа жерін ауыстырамыз. Ал бұзылған кезде тиісті құрылғыларды алдыра салатын шекаралар жабық. Шетелдердегі ахуал да оңай емес. Қазір осында жүрген қызметкерлердің барлығын да мен батыр деп айта аламын. Себебі олар ештеңеге қарамай, өз денсаулықтары мен бастарын бәйгеге тігіп, жұмыс істеуде. Олар да шаршап, титықтап кетеді. Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын. Бірақ басшы ретінде қарамағымдағыларға үнемі қолдау көрсетуім керек. «Сендер майданның алдыңғы шебіндесіңдер. Көрінбейтін жаумен күресіп жатырсыңдар», - деп демеу білдіріп жүрмін, - дейді ол.
Әке жолын қуған ол бүгінгі ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмысын өмірінің соңына дейін Оңтүстік өңірінің денсаулық сақтау саласына қызмет сіңірген алтын қолды дәрігер Тілеулес Тіленұлы Батырхановтың еңбегінің жалғасы деп біледі. «Ал үй іші мен жақындарының жүзін көрмей, қызмет етіп жүрген жұмысшылардың жігерінің жасымауына халық себепші. Олардың ақ батасы мен қолдаулары әрбіріміз үшін ауадай қымбат» дейді, зауыт басшысы.
– Қарапайым халықтан көмек те келіп жатыр. Сайрамдықтарды ерекше атап өткім келеді. Жұмысымыздың ауыр екенін естіп, біліп дереу көмекке ағылды. Айтар алғысым шексіз. Қай күні бір келіншек келіпті. – Не көмек керек? – деп. Тамақ жағынан көмектессе болатынын айттым. Сонымен күнде тамақ беріп жіберіп жүр. Осында қызмет етіп жүрген балаларға соның өзі үлкен медеу. Себебі олар қатты титықтап кеткенде «сендер халық үшін жүрсіңдер» деп еңселерін көтеремін. Сол елден қолдау болғанда жігіттер кәдімгідей қанаттанып қалады. Бір жағынан әкімдік тарапынан тасымалдау жағына көңіл бөлінді. Шаһар басшысына өз жағдайымызды жеткіздік. Зауыттың шығыны да еселеп өсіп жатыр. Мынандай дүрбелеңде экономикалық жоспарымыз өзгерді. Керекті құрал-жабдықтарды АҚШ доллары және еуромен сатып алуға тура келеді. Валюта бағамы да құбылмалы. Осы жағы кәсіпкер ретінде мені алаңдатып отыр, - дейді ол.
Қанша сақтанғанымен бүгінде зауыт қызметкерлерінің денсаулықтары сыр бере бастаған. Дене қызуы көтеріліп, тұмауратып қалғандар да бар. Зауыт басшысы дәрі-дәрмек медициналық құрылғылар қажеттігін жасырмады. Тұрғындарға айтары – қатаң тәртіп індетке тоқсауыл екенін ұмытпаса дейді. Өйткені көзбен көргені мен естіген жағдайлары есті шығарады.
– Адамдарға нағыз ес жинайтын кез келді. Жасыратыны жоқ, таныстарымыз келеді «жақыным қатты қиналып жатыр, тез баллон толтырып беріңізші» деп. Қайдан жұқтырды деп сұрасаң, тойға барған еді. Құдалыққа барып еді. Құдайыда болған дейді. Бәрінің сценарийі бір... Әрбір машинаны жіберген сайын ішіндегі баллон азайып келсе екен деп тілеп отырамыз. Егер азайса, онда адам тірі қалды деген сөз. Ал баллон көбейіп қайтып келсе, ар жаққа аттанғандардың да саны өсті деген сөз, - дейді кәсіпкер.
Асқар Тілеулесұлы оттегінің бағасы тұрақты екенін мәлімдеді. Дегенмен қиын қыстау кезде қой терісін жамылған қасқырлар да кездескенін айтады. Олар негізсіз ақша қосып сатқанын естіген. Ендігі жерде осындай жағдай қайталанса, ондай адамдарды зауыттан аттап бастырмайтынын айтты.

 

DSC 8082DSC 8110


Ал жасы алпысты алқымдаған аға зертханашы Мадина Сүлейменқызы да осы зауыттың қызметкері. Ол аталған өндіріс орнындағы медициналық және техникалық мақсатта пайдаланылатын оттегінің сапасын бақылайды. Мынадай қиын шақта Мадина ханым да әріптестеріне барынша қолдау білдіріп жүр. Негізгі қызметін зауыттағы аппараттарды іске қосқанда атқарғаннан кейінгі бос уақытында ұлғайған жасына қарамастан баллон тасиды. Ал кешкілік жиырма шақты қызметкерге күнделікті тамақ даярлайды. Алайда онысын өзі мақтан көрмейді. Керісінше, қысылтаяң шақта халыққа қызмет ету азаматтық борышым деп санайды.
– Қазір бізде ешкім жұмыс таңдап жатқан жоқ. Дәл бүгінгі күрделі кезеңде жұмыс істеп жүрген әріптестерімнің барлығы да ерекше құрметке лайық дер едім, - дейді зауыт майталманы.
Иә, зауыт жұмысшылары қазір мынау мен істейтін жұмыс, мынау сен істейтін жұмыс деп бөлмейді. Оған көзіміз кәсіпорын ішінде өткізген бірнеше сағат ішінде жетті. Қарбалас жұмыс. Дамылдап жатқан жан жоқ. Дәрігерлер аурухана ішінде науқасты құтқару үшін қалай барын салса, мұндағылар да уақытында жеткізілген бір баллон бір адамды ажал тырнағынан арашалап қалатынын сезіп, жанталасады.
Марат Сапақ осы зауытта цех шебері әрі көлік жүргізушісі. Қалада тұрса да, балаларын күнде көре алмайды. Тек арасында жарты сағат қана көріп, мауқын басып жүргенін айтады. Ал ұзақ аялдауға уақыт жоқ.
– Алғашқыда біз бір ауруханаға 30-50-ін апарсақ, қазір бір ауруханның өзі 200 баллон алып жатыр. Жағдай сол – жеткізуге үлгеру боп тұр. Балонның босағанын күтіп ауруханада түнеп қалып жүрген кездеріміз бар. Ал кейде тоқтаусыз тасып кетеміз. Алып келген балондарымыз жарты сағат ішінде таусылып қалған да кездер болды. Негізі жұмыс уақыты тоғыздан алтыға дейін еді. Енді қазіргі жағдайға байланысты тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрміз. Сондықтан да шығар, шыны керек, бәрі шаршаңқы. Сырттан адамдар көмектесуге келіп жатыр. Сонда да жұмыс көп. Қазір тек машинаны жүргізбейміз. Балондарды саламыз, тасимыз. Жұмыс таңдап жатқанымыз жоқ. Ауруханадан «оттегі бітті» деген хабар жеткен кезде қатты асығамыз. Сондайда жол бергісі келмейтін жүргізушілер де бар. «Кислородтың» не үшін керек екенін білмейтіндер шығар олар. Жайлап бәрі дұрысталса деп тілейміз. Көлікте асығып келе жатқанда, кейде жол бермей тұрып қалатындар бар, солар жұмысымызға түсіністік танытса деймін. Жедел жәрдем секілді біздің де қазіргі жұмысымыз адамның өмірін аман алып қалуға бағытталған, - дейді көлік жүргізушісі.
Марат мырза бізбен осылай қысқа сөйлесті де жолға аттанды. Келесі көлікке қарай аяңдадық. Толтырылған баллондарды көлікке тиеп жүрген шағын денелі ер-азамат. Көтергені өз салмағынан әлдеқайда ауыр. Жүзінен шаршағаны да білінеді. Бірақ оның ешбіріне қарайтын емес. Жүк тасушы һәм оператор Николай Кольнов те әріптесінің сөзін қоштады.
– Таңғы 4-ке дейін де жұмыс істейтін кезіміз болады. Адам өмірін құтқару үшін жанымызды салып жүрміз. Әр баллон 85-90 келі тартады. Менің салмағым 63 келі. Бірақ оған қарап отыратын, шаршадым дейтін жағдай емес. Ауырып жатқандардың барлығының тез сауыққанын қалаймын, - дейді ол.
Байқағаныңыздай қаламыз бен облысты оттегімен қамтамасыз етіп отырған зауытқа жұмыс күші «ауадай» қажет. Жалақысы да төленеді. Тек кейінгі кезде келген мамандар бір күннен артық шыдамай кетіп қалып жатыр деп қынжылады зауыт басшысы. Бәрі де жұмыстың ауырлығын алға тартады екен. Ал тынымсыз еңбек етіп жүрген жұмысшылар «әр алған демі үшін күресіп жатқан адам сезетін қиындықпен салыстырғанда бізге түскен қиындық түк те емес» дейді.


P.S:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Біз осылай ойлап тұрғанда тағы бір көліктің баллонға толтырып, жүріп кеткені анық. Әр көлік асығып барады. Біреудің әкесін, біреудің анасын, біреудің бауырын құтқаруға...

Последнее изменение Суббота, 18 Июль 2020 03:45