ҮРЕЙ, УАЙЫМ-ТЕРЕҢГЕ ЛАҚТЫРАДЫ Избранное

Пятница, 17 Июль 2020 05:34 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2885 раз

ac1cbb0f4e6f5e32f1809e9b25e1233d

Әлеуметтік желіден бір мысал оқыдым. Бір топ бақа улап-шулап келе жатып, алда келе жатқан екеуі қазулы орға түсіп кетеді. Киіктей қарғып шығатын жер емес, шағын ордың өзі тырбаңдаған бақалар үшін басын сіре қар басқан таумен тең.

Әдепкіде екеуі де жан дәрмен жоғарыға секіре бастайды. Бірақ, сыртқа шыға алмай қайта-қайта ішке құлай береді. Азан-қазан болып ор жағасын қоршаған бақалар бұлардың бұл тырбаңдауы өнімсіз іс екенін айтып, бақылдайды.
«Өмірлерің осы жерден бітті, енді сыртқа шығудан еш үміт жоқ» дейді.
Осы сөзді қайта-қайта естіген ордағы бақаның біреуі қорқыныштан жүрегі жарылып өліп кетеді. Ал, екіншісі жоғары қарай секіруін қояр емес. Қаптаған бақа «босқа арамтер болма, тағдырыңа көн» деп ақыл айтса да тынбайды. Ақырында жар жағасындағы шөптесінге аяғы ілініп, демі бітіп сыртқа шығады. Әлсіреп жатқан бақаға басқалары: «Әй, сен мықты екенсің. Біздің бұл апаннан енді шыға алмайсың. Осы жерде өлесің» деген сөзімізді естімедің бе? дейді.
Сонда әлгі бақа «Сендердің не айтқандарыңды ести алмадым, себебі құлағым ауыр еді» депті.
Әрісі Иван Крылов, берісі Ыбырай Алтынсарин атамыз жазған мысалдарға сарындас бұл жазбадан не түсіндік.
Түсініктісі, бүгінгі тажал аурумен күресіп жатқан адамдардың табиғатына келетіндігі. Бір сөзбен түйіндесек, «талпынған жетер мұратқа».
Пандемия басталғанда тажал дерт жұқтырғандарды баудай орып түсірді. Бай, кедей, шенді, шенсіз деген жоқ. Халықты індеттен арашалаймын деген дәрігерлердің де өзіне жұқтырып, келместің кемесіне мініп кеткені көп. Осындай жағдайда ел көңіліне алаң, сарыуайым кірді. Бұл, әбден, түсінікті. Аурухана жетіспейді, дәрі-дәрмек жетіспейді. Мемлекеттің дайындығы көңіл көншітпейді.
Жағдай солай болды. Біреуді басқа ұрып табалағымыз келмейді.
Осындай жағдайда әлеуметтік желі қан құсып кетті. «Бұл індет қазақты жалмап тынады, емі жоқ ауру» дегендер шықты. Онсыз да не істерін білмей, шақшадай басы шарадай болып отырған жұрт күйзеліп қалды. Сырттағы жара ішке түсті Қорықты, үрікті. Әлсіздері ішкі түйсік сенімін тажал аурудың қолына ұстатып жіберді.
Ахмет Нұрсилла деген танымал азамат бар. Ол да ауырған. «Бірақ, үрейге түк бой алдырған жоқпын. Өз-өзіме қайрат беріп, орнымнан тұрдым. Ал, үрейге берілгендердің көбін тажал алып тынды» дейді.
Төтеден келген ауру әй-шайға қаратпаса да үрейдің жүрекке жеткені рас. Осы сөз жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың да аузынан шықты. Жақсылықты көп жазайық, негативті азайтайық деді.
Жауырды жаба тоқып, індеттің алдындағы дәрменсіздігімізді осылай жасырып ұстайық деген жоқ. Онсыз да алакөңіл жұрт сарыуайымнан сарғаймасын, бойына қуат, жүрегіне тірек алып аты жаман ауруға қайраттансын деді.
Біз солай түсіндік.

P.S.

Апанға құлаған қос бақаны мысалға босқа алған жоқпыз. Шыға алмаймын деген бақа қорқыныштан жүрегі жарылып өлді. Құлағы ауыр бақа жаман сөз естіген жоқ. Өзін аман алып қалды.
«Жақсы сөз-жарым ырыс». Сабақ болса, қанеки.

Бақтияр ТАЙЖАН

Последнее изменение Пятница, 17 Июль 2020 05:35
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.