Мырза десе мырза, Кемел десе кемел еді-ау!..

Среда, 22 Июль 2020 06:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 509 раз

erm 5860

...«Қызым, мерекеңізбен! Бақытты бола түсіңіз!»

Сіз маған осылай жиі хабарлама жазып, хабарласып тұратынсыз, Мырзагелді ата! Сондай қазаққа үлгі боларлық үлкен зиялы тұлға бола тұра күнгейдегі газеттің жас тілшісінің хал-жағдайын біліп, менің әрбір қадамыма баға беріп отыратыныңыз асқан мейірімділік екенін білсемші!.. Тұла бойыңыз тұнған тектілік еді ғой. Қарап тұрсам, арда басыңызбен әрдайым «Сіз» деп сөйлеп, «қызым» деп кең жүрегіңізге сыйдырған екенсіз. Әттең, сізбен саналы ғұмырыңыздың соңғы екі жылында ғана сыйлас болу бақыты бұйырған екен...
Тағы бірде: «Асхан ханым «ағам менімен хабарласуды ұмытты ма деп ренжіп қалатын болды-ау!..» деп әзіл-шыны аралас айтып едіңіз. Иә, мені сізбен және шығармашылығыңызбен жақындастырған Асхан апайым еді. Сіз туралы көп естеліктерді майын тамызып айтып беретін. Енді ол естеліктер мәңгілік сағынышқа айналғаны қандай ауыр...
Біздің газетпен үнемі байланысып, түрлі тақырыпта мақалаларыңызды, қоғамдық ой-пікірлеріңізді жолдап тұратын едіңіз. Сіз қайсы тақырып, қайбір мәселеге болсын терең пайыммен талдау жасап, өзіндік көзқарас, ойларыңызды білгірлікпен бөлісе білетін ғаламат талант иесі едіңіз. Ғалымдығыңызға қоса қаламгерлік қарымыңызбен де кеңінен таныла білдіңіз. Сіз қазақтың ақыл қалтасына айналған адам едіңіз!
Өзіңізден алған рухани сұхбатым бар еді. Өкінішке қарай, сол сұхбатты, сізбен болған соңғы әңгімемді оқырман назарына ұсынудың сәті енді түскенін қайтерсіз!?.

Кемелді кемел еткен не?

...Ол «Отырар» кітапханасынан өзіне арнап ашылған музей-кабинетінен өз заманында қаламдас болған бес қаламгерге бұрыш ашты. Бесеуіне де арнайы шкаф алдыртып, көпшілік сүйіп оқитын кітаптарын қойдыртты. Ол кім десеңіз, айтайық. Қызметінен бос кезде оқып, оқудан бос кезде қызмет етіп жетістікке жеткен қазақтың ардакүрең перзенті Мырзагелді Кемел. Ал ол өзіне берілген орыннан кімдерге бұрыш бөліп берді десеңіз, олар – өзімен 18 жыл аралас-құралас болып, бірге жүрген Фариза Оңғарсынова, бірімен 11 жыл, енді бірімен 9 жыл Парламентте қызметтес болған Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаев, одан соң қазақтың қазынасы Ақселеу Сейдімбек пен Таласбек Әсемқұлов еді. Міне, тектілік, міне, қайырымдылық. «Мен, мен» деп кеуде қағатын өзімшілдер көбейген тұста «оқырман мені ғана оқи ма, менен де мықтылар бар ғой, соларды да оқысын» деген оймен осындай қадамға барғаны өнегелі іс емес пе?!
Мырзагелді Кемел экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, ҚР Парламенті Мәжілісінің қатарынан үш рет депутаты. Бірақ бар ғой, осы ресми қызметтерінен гөрі бізге ол кісінің қаламгерлік қыры, психологиялық пайымдары қызығырақ. Себебі, оның бір кітабын оқысаңыз – бір академияны бітіргендей күй кешеріңіз хақ. Шығармаларын оқи отырып соншалық терең ізденіске қалай уақыт, мүмкіндік, тіпті күш-жігер табады деп таңғаласыз. Себебі, кітаптарында көптеген шетел авторларының ойын мысал етіп келтіреді. Және онысын өте тереңдікпен һәм асқан талғампаздықпен ұштастыра біледі.
Шерхан Мұртаза «Өзіме сабақ» атты кітабына алғысөз жазып, тіпті, кітаптың атауын да өзі қойып беріпті. Сонда: «Мырзагелдінің мақсаты – ұлы, ол халқы ояу, саналы бола түссе екен дейді. Оған апарар жол ұзақ екенін біледі және сол жолдың жақындауына қызмет еткісі келеді» деген сөзі бар.
«Жер бетіндегі жетпіс миллиард адамның біреуі біреуіне ұқсамайды», - дейді кейіпкеріміз «Құдай сөзі» атты мақаласында. Сол сөзіне сүйенсек, қазақта Кемелге ұқсайтын білімді, жан-жақты адам да қайталанбайтын шығар, сірә?..
«Өзіме сабақ» атты кітабында «Cаясат тізгін мен қамшыдан тұрады. Тізгінді ұстағандар саясатпен айналысудың бар қызығын толық көреді, қамшысын алғандардың қызығы мен таяғы қатар жүреді, бірақ, оларда кейде қамшыны өзге біреуге жұмсау мүмкіндігі болады, бұл ойы шектеулі кейбіреулерге рахат әкеледі. Сондықтан кіші биліктің өзіне құмарлар көп. Саясаткер бола тұрып парасатты, рухани бай болып қалу ілуде біреудің ғана қолынан келеді» деп жазады өзі де саясаткер һәм парасатты, рухани бай кейіпкеріміз. Рухани биіктік – ең үлкен бақыт. Кемелді кемел етіп тұрған сол.
Мырзагелді Кемел ешкімге арқа сүйемей-ақ билікте ұзақ жыл қызмет етті.
–Өзіңіз көп зерттеген қытай ақылманы Конфуцийдің «он бас жасымда оқуға ұмтылдым, отызымда кісілікке жеттім, қырықта күдіктерім жойылды, елуде Аспанның сырын түсіндім, алпыста менің түйсігім тереңдеді, жетпісте шектен шыққан өз жүрегімнің қалауын жасауды үйрендім» деген сөзі бар. Сіз осы күнге қалай жеттіңіз? – дегенбіз.
–Студент кезімде комсомол белсендісі болып, бүкіл Өзбекстанды аралап шықтым. Ауылда жүргенде тәп-тәуір деңгейім бар деп малданып жүргенде, Жоғарғы Кеңес депутаты болып, 45 жасымда Алматыға келіп, өзімнің білім-білігім, ой-өрісім, ойлау қабілетім аудан деңгейінде ғана екенін көріп, шошып кеттім. Үндемей үйрендім, кітапханадан шықпадым, Парламент архивін сүздім, бұқаралық ақпарат құралдарынан да көп білім алдым. Компьютер үйреніп, жаңадан қалыптасып келе жатқан интернеттен қажетті ақпараттар алдым. Осылай еңбектену арқылы жетілдім. Үлкен жетістіктерге жеттім. «Егер мен басқалардан көбірек білсем, ол менің ұлылардың иығына мініп тұрғандығымнан» дейді Ньютон. Ұлылардың иығына міне алу үшін де баспалдақ болар білім керек. Өмірден өзім үшін алынар сабақ жалғаса береді, - дейді «Ақыл қалта», «Өзіме сабақ», «Бес бәйіт», т.б. көпшілікке жақсы таныс кітаптардың авторы.
–Ескіден қалған бір сөзде: «Жетілу үшін молаға барып қабірдегі адамды бір түн мақта, ертеңіне барып бір түн датта, сонда қалай міз бақпайтын болса, мақтау мен даттауға солай міз бақпауды үйренсең, сонда жетілгенің» делінген. Сіз биік мінберлерде көп жүрдіңіз. Мақтау естігеніңіз заңдылық, даттау да болып тұрған шығар. Сондай сәттерден қалай шықтыңыз?
–Мақтауға да, даттауға да құлағы керең бола білген адам, егер онысы айладан, менмендіктен болмай, шын пиғылға айналған болса – жетілуге бет алған адам. Адам өзін-өзі мақтау қажеттілігіне қарсы тұра білу керек. Мақтаулы көрінуге тырысу өзгеге үстем қарауға алып барады. Біреуге жақсылық жасаған адам одан қайтарым күтпесін, жақсылықты қайтарымсыз, шын көңілмен жасағанда ғана қайтарым өзге жолдармен өзі келеді. Демек, жақсылық жасасам, қайтарымын күтіп емес, өзім үшін жасадым деп ұғынған ұтады. Мен де сондай сәттерден ұлылардың ұлағатын түйсініп, санама сіңіру арқылы шықтым.
Осы жерде астын сызып жазбасқа болмайды, Мырзагелді Кемел ұшан-теңіз білімнің иесі бола тұра өте қарапайым адам. Және өзін-өзі насихаттауға тіпті де құмар емес еді. Қатарынан үш шақырылымда Парламент депутаты болғанда да телеэкран алдында оңды-солды көлбеңдегенін көрмеппіз. Ал білім-парасаты бұл адамның ширегіне де келмейтін базбір жандардың өзін-өзі жарнамалауға жүдә епті әрі бейім екенін де байқаймыз. Ол бәзбіреулер сияқты байлыққа да ұмтылмады.
–Қырық жыл еңбек өтілім тұтастай мемлекеттік қызметші санатына жатса да, Парламент аппаратының қызметкері кезімде 38 мың теңгемен зейнетке шықтым, - деген –ді әңгіме арасында М.Кемел. – Өте ұқыптылық, үнемшілдікпен өзіме шектеу қою арқылы жалаң айлық жалақымен жүріп, балаларымды жетілдірдім. Одан артылдыру тіпті қиын еді, жинап тастаған ештеңем жоқ. Жатпай-тұрмай қосымша жұмыстар істедім. Өмірге өкпем жоқ. Қазір ұшақпен баруға тиіс жерге пойызбен барғанда пенделігім ұстап, аздап өкінемін. Бірақ, бұл жолды да өзім таңдадым, - дегенде сондай қадірлі кісі, жан-жақты білім иесі «осылай да қарапайым болуға болады екен-ау» деп ой түйгенбіз.

«Кедей болғыңыз келмесе, кәсіппен айналысыңыз»

–Бізде әлеуметтік бөліс дұрыс деп ойлайсыз ба? Біз неге кедейміз? – дедік бүгінгінің бүкпесіз шындығының сырын білмек ниетпен.
–41 жылдық еңбек өтілімнің бәрін мемлекеттік қызметке арнадым. Қатардағы мемлекеттік қызметкерге бұл қызметтің жақсы жағы – аз болса да ұдайы келіп тұратын жалақысы бар. Анда-санда айлығың да, мүмкін, қызметің де өсіп тұрады. Үмітпен өмір сүресің. Ал теріс жағы– өмірі жарымайсың. Айлық алғанға дейінгі қарызыңды қайтарумен өмірің өтеді. Бір жақсысы – құл емессің. Жұмысыңды дұрыс атқарсаң болғаны. Мемлекеттік қызметті жас мамандардың жақсы көріп, ұмтылатыны содан болса керек.
«Шыдағанға шығарған» деген бұл жұмысқа құмар болып, соны армандай бергенше, кәсіппен айналысқан тиімді. «Мен қашанғы кедей болуға тиіспін. Менің маңдайыма жазылған осы ғана болуына қашанғы төземін?» деп өзімізге сұрақ қоялық. Соның жауабын ізделік. Соның бір жолы – әуелі саудамен, сосын қаржы жинап алып, кәсіппен айналысу. Мамандану. Өз ісінің үздігі болуға тырысу. Ерінбеу.
Біз қандай адам болуымызды өзіміз таңдаймыз. Біздің қандай болуымызды ешкім айқындап бере алмайды. Жақсы адам санатына ене алмағанымызды байқасақ – жөнделейік немесе өкпелесек, өзімізге өкпелейік.

қазақтың ақыл қалтасы

Мырзагелді Кемел қазақшалаған Бальтасар Грасианның «Ақыл қалта» кітабы 300 жыл ұмытылып, Габриэль Гарсия Маркес шыққанда барып, зерттеушілер «тірілткен кітап». Бұл кітап – мораль айтудың көкесі. 300 бөлікке бөліп алып, ақыл айтады…
Жеке және кәсіби даму саласындағы шешендік өнерінің шыңына шыққан ең мықты кеңес берушілер Брайан Трейсиді, Луиза Хейдің «Көгілдір кітабын», Пауло Коэльо, ежелгі грек даналарының ақыл-ойларын, Лао Цзыдың «Лидердің Даосы», т.б. көптеген еңбектерді қазақ тіліне тәржімалап, ұлтымызға қажеттілерін елеп-екшеп берді. Қазір түрлі тренинг өткізіп, ақыл айтатын психолог жаттықтырушылар, коучтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кетті ғой. Және олар онысын үлкен ақшаларға өткізеді. Ал М.Кемелдің психологиялық бір кітабын оқысаңыз, бір университеттің білімін алуға болады. Мәселен, өзім «Өзіме сабақ», «Жазбаша трениг», «Өзіме көзқарас» атты кітаптарынан көп пайдалы дүние таптым. Аталған еңбектерде теория ғана айтылмайды, тәжірибе жүзінде жасауға түрлі үлгілер де көрсетіледі.
Мырзагелді Кемел – біздің үлгі тұтар үлкен зиялымыз тек шетелдің ғана авторларын зерттейді екен деген ойдан аулақ болайық. Ол әуелі Абайды, сосын әл-Фарабиді әлдеқашан зерттеп, талдап қойған. Оның үстіне қазір Абай мен әл-Фараби сияқты ұлыларға үлкен бетбұрыс жасалып жатыр.
–Қазақтың тарихы келте, жөнді сақталмаған дегенді көп айтамыз. Бір өзі мыңға, миллионға татитын Абайымыздың қадіріне де енді жеткендейміз. Мен қазақты үшке бөлген болар едім: Абайды оқығандар, Абайды оқысам деп жүргендер және Абайды оқу керектігі ойына кіріп те шықпайтындар деп. Ең жоғарғылар – туғаннан біліп туғандар, келесісі – оқып барып, танып білгендер, одан кейінгісі – тал қармағанда ғана оқитындар, одан төменгі адамдар тал қармағанда да оқымайтындар. Олар – надандар. Ал надандар – тірі өліктер, - деді терең күрсінген кейіпкеріміз. Иә, Конфуций тағылымына сүйенсек, көктем шыққанмен гүлдемейтін, гүлдегенмен өнім бермейтін ағаштар бар.
–Отырарлық ғұлама, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби 948 жылы Египетте жазған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында қала тұрғындарының бақытты өмір сүруіне жағдай жасаған жоғарғы билік өнеріне көңіл бөлген. Онда әл-Фараби қайырымды қала тұрғындарының жақсы және игілікті өмір сүруі көбіне басқарушы билік өнеріне байланысты екенін, тек қайырымды билеушілер билеген халқы бар қалалар ғана бақытқа жете алатынын айтады.

«Асүйдегі патриоттық»

Білім-білікке, танымға ұмтылатын адамға әлеуметтік желілерде мол қазына бар. Тек ерінбей іздену, өзіңіздің жаныңызды сусындататын дүниелерді ала білу қажет. Мырзагелді Кемел жасының егде тартқанына қарамастан, компьютердің құлағындай ойнайтын. Ол әлеуметтік желі белсендісі еді. Жариялаған жазбалары ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ойлары қоғамдық резонанс тудырып жатады.
–Бәріміз де Батырхан Шүкенов дүние салғанда әлеуметтік желінің қуатын ерекше байқаған болармыз. Содан бері 5 жылдан сәл ғана асты. Біз бұл уақытты текке жіберген жоқпыз – әбден белсенді болып алдық. Сол мерзім ішінде халқымыздың басынан түрлі оқиғалар өтті. Уақытты босқа кетірмедік, соларды талқылауға әмбебаптандық. Социализм кезінде: «тротуарлық патриоттық» немесе «асүйдегі патриоттық» деуші едік. Енді олар «күңкіл-сүңкіл» ғана болып қалды. Жаппай «топтық», «көшедегі» патриотизм түрлерін жабайы игеру басталды. Нәтижеде, барлығымыз да білгір блогер қызметіне сұрау салдық. Өзімізді олардан кейін көрмедік, -дейді ол әлжеліде шешенсіп, шын өмірде бейқам, бейтарап жүретіндер жайлы.
Ол елордадағы 5 сәбидің өліміне қатысты, одан кейін Арыстағы жағдай орын алғанда да, қазіргі «әйелдер көтерілісі» жайлы да көңіл түкпіріндегі ойларын жасырмай жайып салып отыратын. Мақтаралды су алған кезде де «Су пайдалану мәселесінде жүйелілікке жете алмай жүрміз» деп біздің газетке мақала да беріп еді. Қазақта тұлға көп, зиялы да жетерлік. Бірақ, соның бәрі халқының басына күн туғанда, қиын кездерде қынаптан қылыш суырғандай қып үн қата бермейтіні жасырын емес. Ал Мырзагелді Кемел қай кезде болмасын қазақтың жанын ұғып, жан жарасына саналылықпен қолдау көрсетіп жүрді.
М. Кемел Шымкентке қоныс аударғысы келіп еді. Бірақ, Күнқаланың құшағы оған ашыла қоймады. Өзіне мұнда тұру бұйырмаса да, «Отырар» кітапханасынан музей-кабинеті ашылып, кейінгі ұрпаққа керемет тарту жасап кетті. Қазаққа ақыл қалта бола білген адамның рухани мұрасы әлі талай-талай ұрпаққа ұлағатты өнеге болып қалатынына сенемін.
Мен екі жылдың ішінде таныған Мырзагелді Кемел осындай тұлға еді. Көп оқыды, көп жазды. Қоғамға бар қайратымен қызмет етті. Ақ, адал өмір сүрді. Ол өлген жоқ. Оның екінші ғұмыры енді басталды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.