Версия для печати

Жоғары жауапкершілік жеңеді Избранное

Пятница, 24 Июль 2020 03:11 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2334 раз
Оцените материал
(0 голосов)

05-007

Әлем әбігерлі. Дүние дүрлігулі. Мылтықсыз майдан, індетіп келген індетпен соғыс жүріп жатыр. Коронавирусқа шалдыққандар 15,371 миллионнан, бақилық болғандар 630 мыңнан асып барады.

Кейбір мемлекеттерде ондаған мың адам шейіт кетті. Өркениеттің өрінде, табыскерліктің төрінде саналатын Америка Құрама Штаттарының өзі шатқаяқтай шайқалып кеткенін көріп-біліп отырсыздар. Ұлыбритания, Франция, Италия мен Испания қатты қиналыста. Латын Америкасының ахуалы анау. Үндістан үрейде. Қытай қапылыста.
Өкінішке қарай, қайран Қазақстанда да қараулы індеттің қармағына қармалғандар соңғы мәліметтер бойынша 76 799 мың, қайтыс болғандар 610 болып тұр. 1916, 1932, 1937-38 жылдарғы қолдан жасалған қырғындарда 4,5 миллионнан айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалмағанда 40 миллионға жетер едік-ау деп күрсінесіз. Бір қазақ туса бар қазақ қуанатындай, бір қазақ қаза тапса бар қазақ қайғыратындай күйдеміз ғой, айналайындар. Мына пандемия жалмаған жандардың жақындарына қаламгерлердің атынан қайғырып көңіл айтамыз. Шейіт кеткендердің о дүниелерін берсін Жаратқан.
Мамыр айының ортасына таман еліміздегі төтенше жағдай режімі аяқталғанда Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаев жаһандық жағдаяттарды таразылады. Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін. Тұтас салалар тоқырауға ұшырап жатыр. Төрт жүз миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Дүние жүзіндегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы тоқырады. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге төмен түсетінін болжап отыр... Міне, шым-шытырық, шытырман соғыс – мылтықсыз майдан емей, немене.
Сол жиында Президентіміз ел алдындағы міндеттерді ерекшеледі. Талдады. «Қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда, қалай жұмсау керектігін білеміз», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау, білім мен ғылым жүйесін жетілдіру жолдарын саралады. Дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарын даралады.
Одан кейін де Президентіміз бірнеше мәрте мәніске толы мәлімдемелерін жариялады. Халыққа қолдау көрсетудің жолдарын жүйеледі. Сөз бен істің бірлігіне жетудің тапсырмаларын нақтылады. Тікелей өзі бақылауға алды. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан аса азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді.
«Халықсыз экономика болмайды, ешкім де мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, мемлекеттік басқаруды түбегейлі өзгертеміз», деді Президент. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы қадамдар аса құптарлық. Бейбіт жиналыстар туралы заң қабылдауды да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында
Тоқаевтың тікелей өзі ұсынды ғой.
Айтып та айтпай не керек-ай, 2019 жылғы Әз Наурыздың ертесіне Президент ретінде Түркістанға алғаш келген Қасым-Жомарт Кемелұлы сабақтастық, әділеттілік, ілгерілеу туралы ізгілік ұстанымдарын тұңғыш мәрте мәлімдеген еді. Сол сөзін іспен дәлелдеп келеді, ағайындар. Бүгінде Түркі ел – Түркілер төрі Түркістан шаһары бір кездегі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан сияқты ай сайын ажарлана түсуде. Сәл көрмесеңіз, танымай қаласыз. Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе, Арыс апатының алапаттары жылға жетпей жөнге келді. Биылғы Мақтааралдағы тасқын зардаптары жойылып, жаңа ауылдар мен жайнаған кенттер көше түзеп, бой көтере бастады. «Нұр-Сұлтан – елдің жүрегі, Түркілер төрі Түркістан – тірегі, шұғылалы Шымкент – реңі» - десетіндер көп қазір.
Өкінішке қарай, соғыстың аты соғыс. Коронавирус соғысы шығындарға ұшыратып жатыр. Ләйім, Жаратқан Ие жар болғай. Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қазіргі ахуалға, атқарылар міндеттерге терең де ерен талдаулар жасады. Кемшіліктерді жасырмады. Ащы да болса ашып көрсетті. Тапсырмаларды түгендеп, тәптіштей түсіндірді. Талапшылдық пен тәртіпті, жауапкершілікті қатайтатынын қайталай қағидалады. Айтылмаған нәрсе қалмады. Ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсаттарға қол жететіні де айқын айрықшаланды. Құдай қаласа, мына мылтықсыз майдандағы жеңіс те жақындай түсер.
Осынау таза тілек пен көркем ниет баршамыздың жан-жүрегімізден жарып шықса дейміз. Осындай сын-қатерлі шақтарда, кезенейлі кезеңдерде біз жаһандық Екінші Ұстаз Әбу-Насыр Әл-Фарабиге, ізгілік ілімдерінің ізашары, шандоз шайыр Ахмет Ясауиге, Адамзаттың Абайына жүгінгеніміз жөн. Әбу Насыр бабамыз қайырымдылықты бәрінен биік қойған. Әрбір адамның, әрбір әулеттің, әрбір көшенің, әрбір ауыл мен әрбір қаланың қайырымдылығы мен көркемниеті бүкіл адамзаттың амандығына апарады деген. Адамгершілік асыл қасиеттердің бар-баршасын қайырымдылыққа жатқызған. Ал Ахмет атамыз: «Іштерінде қулық толғандардың, кеуделерінде ар-ұят солғандардың жүректері тебіренбейді», деген.
Құнанбайұлы: «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?!» деген.
Айналайындар, әлеуметтік желінің әлеуеті күшті, әділеттілікке, шындыққа жетпекке жетелейді. Алайда әлеуметтік желіңіздің әлеуметті әулекілендіріп, әсіреңкілендіріп әкететін кеселдері де коронавирустан кем соқпайтын секілденіп барады-ау. Осы орайда тағы да Абайға жүгінген жөн-ақ.
«Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?!»
«Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық?!».
Ай, айналайын Абай-ай! Әлеуметтік желінің әулекілік жағына жанын салатындарды дәлме-дәл діттеген данышпанымыз-ай! Демеске лажыңыз қалмас.
Шаруаға пысық, кәсіп пен нәсіпке пысық болмақтың, өнердің өріне өрлемектің орнына, ақылға бірлік, білімге бірлік, ғылымға бірлік жасамақтың орнына пәле шығаруға пысық, өнерлілерді күндеуге пысық, өсек-өтірікті жиып-теріп, елге жаймаққа, бүлдірмекке пысықтарды шебер шенейді-ау, айналайын Абай. «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек; періште төменшіктеп, қайғы жемек», деп түйіндейді.
Абай айтқан кесел-кесапаттар бүгін де бүлдіруі бек бәлкім. Қазақ быт-шыт болса, Қазақстан быт-шыт болса, бұтарланып, бөлініп, бүлініп кетсе деп көксейтіндер көп. Ішімізде де, сыртымызда да. Ондай кесел-кесапаттарды жоғары жауапкершілік жеңеді. Ұлт алдындағы, ел алдындағы Тәуелсіздік алдындағы жоғары жауапкершілік.



Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық
«Алаш» және
«Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының
лауреаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.