Отандық фармацевтика қашан оңалады? Избранное

Среда, 26 Август 2020 04:55 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2877 раз

Бірінші байлық – денсаулық десек, бас ауырып, балтыр сыздағанда, сөз жоқ, дәрі-дәрмекке тәуелді болатынымыз түсінікті. Фармацевтика қызметі талайлар үшін табысты нан екені даусыз. Бірақ, бизнес саласының басты бағытының біріне айналған дәріханалардан аттап бассаң аяқ алып жүре алмайтындай болғанымен, коронавирус індеті отандық фармацевтиканың нақты жағдайын көрсетіп берді. Әнебір әзілде айтылғандай, «әжептәуір елу елдің қатарына қосылғалы жатыр едік, парацетамол бәрін бүлдірді».

504

 

Иә, әр әзілде бір шындық бар. Бүгінгі отандық фармацевтика – ұлттық саясаттың ұрымтал тұсы. Жасыратын несі бар, елімізде сәуір, мамыр, маусым айларында дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезілді. Билік бұған алып-сатарларды кінәлады. Десек те, дәрі саудасында көбіміз хабарсыз болып жүрген жәйттер жетерлік екен. Мәселен, Шымкент қаласында маусым айында арнайы құрылған мониторингтік топ бір күннің ішінде 52 заң бұзушылыққа хаттама толтырған.
Шындап келгенде бұл салада күрмеуі шешілмеген мәселе көп. Осы орайда отандық дәрі өндірісінің жай-күйіне үңіліп көрдік. Дәрілерді қай елдерден сатып аламыз? Импортқа тәуелділіктен қалай құтыламыз? Отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыруға не кедергі?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 8 мыңнан аса дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын қамтамасыз ету деңгейі 13% ғана, қалғанын сырттан тасимыз, яғни дәрі-дәрмектің 87%-ы импорт.
Қазақстандық фармацевтикалық өнеркәсіп жалпы 79 кәсіпорыннан тұрады. Олардың қатарында ірі де, ұсақ та медициналық өнімдерді шығаратын өндірістер бар. Ал, Қазақстанда шығарылатын дәрілердің 90 пайыздан астамы ірі 6 зауыттың үлесіне тиесілі. Олар «Химфарм», «Глобал Фарм БК», «Нобел АФФ», «Ромат», «Нұр-Май Фарм», «Қарағанды фармацевтикалық кешені» тәрізді
кәсіпорындар.
Қазақстан дәрі-дәрмектерді әлемнің 80 елінен сатып алады. Германия, Франция, Ресей, Үндістан, Швейцария, Италия, Словения, Түркия және АҚШ – фармөнімдерді бізге импорттаушы негізгі елдер. Мәселен, әлемді әбігерге салған пандемия кезінде биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан Германиядан 58,9 млн долларға, Үндістаннан 29,6 млн долларға, Франциядан 27,3 млн долларға, Ресейден 24,7 млн долларға, Италиядан 22,3 млн долларға, Швейцариядан 16,7 млн долларға, Словениядан 13,6 млн долларға, Түркиядан 13,4 млн долларға, АҚШ-тан 11,9 млн долларға, Польшадан 10,6 млн долларға, Ұлыбританиядан 10,2 млн долларға дәрі-дәрмек сатып алды. Жалпы еліміз төрт айда 345,9 млн долларға шығындалды. Бұл 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 10,7%-ға артық көрсеткіш.
Дәрі-дәрмек шетел-дерден импортталатын болған соң, отандық фармөндірісшілердің позициясы да төмендей береді. Фармацевтика өндірісінің негізгі мәселесі де дәл осы отандық ассортименттің «арзан» және «тар ауқымды» болуында жатыр. Бүгінде Қазақстанның фармацевтикалық нарығының негізгі бөлігі импортталатын өнімдерден тұрады. Ол бағалық тұрғыдан алғанда 90 пайызды, ал нақты заттық көріністе 70 пайызды құрайды. Отандық дәрілік құралдардың үлесі тиісінше 10 және 30 пайыз ғана болып отыр. Оның сыртында қазақстандық фармацевтикалық өнеркәсіп табыстылық жағынан да шетелдік компаниялардан көш кейін.

505


Айналым қаржыларының жетіспеушілігінің фармацевтерге кәсіпорынды модернизациялап, өндірістің қуатын арттыруға мүмкіндік бермей отырғаны еш құпия емес. Оның сыртында
Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібі шикізат (субстанциялар), жабдықтар мен қаптаушы материалдар импортына да тәуелді.
Kursiv.kz порталы елімізде фармөндірісінің көлеміне сараптама жасап көріпті. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 2019 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда негізгі фармацевтикалық өнімдер мен дәрі-дәрмектердің өнеркәсіптік өндіріс индексі 123,6%-ды құрады. Егер фармпрепараттар өндірісінің көлемін тек маусым айымен салыстырсақ, өткен жылдағыдан үш есе артқан.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, дәрі өндірісі Алматы облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында өскені байқалады. Дәл осы үш аймаққа елімізде шығарылатын дәрі-дәрмектің 90%-ы тиесілі. Осы салада тынымсыз еңбек етіп жатқан өнеркәсіп орындарының ішінде Қазақстандағы дәрі өндірісінің алпауыты Шымкент «Химфарм» АҚ да бар. Бұл өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы 600 млн тонна таблетка мен капсуланы, 193,8 млн инъекциялық ерітінді ампуланы, 2,6 млн сұйықтық ерітінді құтыны, 4,5 млн сұйық пероральді дәріні, 35,4 млн цефалоспорин тобындағы антибиотиктердің ұнтақ түріндегі құтыны құрайды.
Алматы қаласындағы «Нобел АФФ» АҚ-ның қуаттылығы – жылына 750 млн таблетка, 250 млн капсула, 20 млн шырын мен суспензия құтылары, 10 млн туб кремдер мен гельдер.
2019 жылдың басында Қазақстанда «Негізгі фармацевтикалық өнімдер өндірісі» қызметін атқаратын 72 өнеркәсіп
орны болған. Оның ішінде 45 кәсіпорын үшін бұл негізгі қызмет түрі болып саналады. Басты фармацевтикалық өнімдер өндірісіне республикада 2019 жылдың басында 3,6 мың адам жұмылдырылған.
Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты дәрі-дәрмекке деген шұғыл сұраныс отандық дәрі өндірушілерді 24/7 жұмыс режиміне ауыстырып, олар коронавирус инфекциясы терапиясына аса қажетті дәрі-дәрмек қуаттылығын арттыруда.
«Santo Member of Polpharma Group» (SANTO) сауда маркасындағы «Химфарм» АҚ 2020 жылдың бірінші жарты жылында өндіріс көлемін 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17%-ға көбейтті. Өндірілген өнімнің 80%-дайы мемлекеттік тапсырыс аясында «СК-Фармациямен» келісімшарт негізінде амбулаторлық ем үшін ауруханаларға жеткізіледі.
–«COVID-19 ауруының кең таралуын және кейбір емдеу препараттарына сұраныстың күрт артқанын ескере отырып, коронавирус инфекциясы кезінде азаматтардың емдік шараларына қолданылатын дәрі-дәрмектердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін препараттардың ассортименті мен өнеркәсіптік артықшылықтарын қайта қарадық. Осы эпидемиологиялық ахуал кезінде аса қажеттілігі жоқ тауарлар өндірісінің азаюы есебінен біз аса қажетті антибиотиктердің көлемін 80%-ға ұлғайттық», – дейді компания өкілдері Kursiv.kz порталына берген сұхбатында.
SANTO өндіретін антибиотиктердің басым бөлігі таблетка және капсула түріндегі «Азитромицин», құтыдағы «Цефтриаксон», «Цефалоспорин» қатарына кіретін антибиотиктер, «Меропенем», «Левофлоксацин» және «Моксифлоксацин», т.б. коронавирус пен ауруханадан тыс пневмонияны емдеуге қолданылады.
Антибиотиктерден өзге қазақстандық үздік
фармөндіруші COVID-19 терапиясында қолданылатын көптеген дәрі-дәрмектерді өндіріп, ауруханаларға жеткізіп береді. Бұл гепарин, жүрек-қантамыр құралдары, электролиттер, ампуладағы С дәрумені мен қақырық түсіргіш дәрілер сияқты антикоагулянттар.
«Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ өндірісі ТЖ режимі кезінде де, қазір де, тіпті карантин қайта енгізілгенде де тоқтаған емес.
–Бүгінде біз үш ауысымды жұмыс режиміне көштік, яғни аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейміз. Дәрі-дәрмек көлемін арттырамыз, технологиялық тәсілдерді ауыстырамыз және тапшы болып жатқан препараттарды өндіреміз», – депті «Нобел АФФ» атқарушы директоры Светлана Киль.
Светлана Кильдің айтуынша, қазақстандық фармөндірушілер COVID-19 емдеу протоколына енген әлемдік тенденция мен өзгерістерді бақылап отырады.
– Біз «Фавипиравир» дәрілік препаратының өндірісін бір жолға қойдық. Бұл дәрінің Қытай мен Жапонияда қолданылғанын және Ресей Федерациясы екі айдың ішінде оның өндірісін бір ізге түсіргенін білесіздер. Қазақстандық өндірушілер, әлемдік үдерістерден қалып қоймадық, технологиялар ауысымының көмегімен аталған препаратты шығарып жатырмыз. Екі ай көлемінде жеделдетілген тіркеуден өтіп, қыркүйек-қазан айларында аталған препаратты аурухана мекемелеріне жеткіземіз деп үміттеніп отырмыз», – дейді ол.
Қарағандыдағы фармөндірушілер де коронавирус инфекциясын емдеуге қолданылатын жаңа дәрі-дәрмек шығарудың мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып жатыр.
–Біздің ресейлік серіктестеріміз өз нарығына коронавирус терапиясында қолданылатын және аурудың орташа сатысынан ауыр сатысына өтуіне жол бермейтін «Илсира» («Левилимаб») препаратын шығарды. Қазір осы дәріні өзіміздің технологиялық құрылғыда өндірудің және алдағы уақытта отандық нарыққа шығарудың мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», – дейді «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС атқарушы директоры Ерікбек Ағатанов.
SANTO компаниясының R&D-лабораториясы пандемия кезеңінде нарыққа жаңа дәрі-дәрмек өнімдерін шығарып, толық қуаттылығымен жұмыс істеп жатыр.
«Жыл басынан бері біз үш жаңа препаратты тіркеуден өткіздік, жыл соңына дейін тағы үш-төртеуін шығаруды жоспарлап отырмыз. Олар стационарда аса ауыр жағдайларда қолданылатын инъекциялық ерітінділер, амбулаторлық емдеуге арналған кардиологиялық және неврологиялық дәрі-дәрмектер. Сондай-ақ, СOVID-19 емдеу протоколына кіретін дәрілерді қайта өндіріп жатырмыз», – дейді SANTO өкілдері.
Әрине, бұл саладағы отандық жетекші компаниялардың коронавирус жағдайындағы жұмыстарына көңіл толады. Дегенмен, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге бұл аздық етеді. Мәселені шешу үшін тағы осындай он ірі фармацевтикалық компания керек. Ал, компания ашу оңай болғанымен, оны мамандармен, шикізатпен қамтамасыз ету өз алдына күрделі мәселе.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, фармацевтикалық өнеркәсіп өзінің қалыптасуының бастапқы кезеңінде белгілі бір мемлекеттік жеңілдіктер жүйесі болмай дами алмайды.
Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың дамуын талдау келесідей қорытындылар жасауға мүмкіндік береді: 1) әрекет етуші фармацевтикалық өндірістер ескірген және модернизацияны талап етеді; 2) мемлекеттің салықтық және инвестициялық саясатын жетілдіру жағында заң шығаратын базаны өзгерту қажет; 3) салаға салынған инвестициялардың аз көлемдері оның дамуын тежейтін фактор болып отыр; 4) дәрілік препараттардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын мелекеттік бақылаудың жеткіліксіздігі; 5) төлем қаблеттілігі төмен сұраныс халықты арзан және тиімділігі аз дәрілік препараттарды қолдануға бағыттайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Фармацевтика – ең табысты сала. Ал, жоғары сұранысқа ие бұл саладан көл-көсір пайдаға кенеліп отырғандардың көшін әдеттегідей АҚШ пен Еуропа елдері бастайды. Фармацевтикалық өнімдерді ең көп экспорттайтын елдердің алғашқы ондығына Германия, Швейцария, Бельгия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ирландия, Италия, Нидерланды және Испания енеді. Мысалы, АҚШ-тың «Johnson & Johnson» фармацевтикалық компаниясының нарықтағы капиталы 372 млрд долларға бағаланады. Дәрі-дәрмекті сатудан алдына ешқандай компанияны салмайтын бұл фармацевтикалық алпауыт 2019 жылы 82 млрд долларға сауда жасады. Сөйтіп, бір жылда 17 млрд доллар таза табыс тапты. Табысы көл-көсір фармацевтикалық алпауыттардың қатарында АҚШ-тың алты, Швейцарияның екі, Ұлыбританияның екі компаниясы бар.
Қазақстан жоғарыдағы елдер сияқты фармацевтикадан пайда табудан бұрын өзінің ішкі нарығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отырғаны шындық. Ал, осыдан 10 жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада ішкі нарықты 50% отандық өнімдермен қамту көзделген-ді. Қазіргі көрсеткіш – 13%. Демек, жоғарыдағы мемлекеттік бағдарламаның нәтижесіз болғанын мойындауға тура келеді. Өйткені, бағдарламада көтерілген мәселелер толыққанды жүзеге асырылғанда, отандық фармацевтиканың қуаты бүгінгідей күйзелісті күйде болмас еді. Алайда, бұл сала салғырттықты көтермейтінін коронавирус пандемиясы анық көрсетті. Өткен айлардағы дәрі-дәрмек тапшылығы соған дәлел.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.