«Өркениетті қоғамда донорлық әрбір адамның парызы болуы керек» Избранное

Пятница, 28 Август 2020 03:48 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 457 раз

Қазақстанда донорлықтың азайып бара жатқандығы дәрігерлерді алаңдатуда. Өйткені, мамандар елімізде мың адамның 50-55-і ғана донор болатынын айтады. Пандемия кезінде бұл тіпті өзекті мәселеге айналды. Шымкент қалалық қан орталығы карантин кезінің өзінде қалыпты режимде жұмыс жасап, коронавируспен ауырып, жазылған донарлардан иммундық плазма дайындаумен айналысты. Шымкент қалалық қан орталығы бас дәрігерінің орынбасары, қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас трансфузиолог-дәрігері Гүлмира ҮКІБАЕВАМЕН әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

604

 

– Гүлмира Омарқызы, пандемияға байланысты төтенше жағдай кезіндегі шектеулер донор тапшылығын туындатты ма? Бұл кезеңде орталықта жұмыс қалай жүрді?

– Бүкіл әлемді әбігерге салған індет қан орталығына кедергісін тигізбеді деп айта алмаймыз. Мәселен, қан және оның компоненттерін дайындауға қажетті шығыс материалдары шет елден (АҚШ, Германия, Франция) келетіндіктен, еліміздегі карантин жағдайы уақытша логистикалық мәселелер туындатты. Бірақ бұл мәселе біртіндеп шешімін тапты.
Екіншіден, үшінші мегаполистегі қан орталығы Шымкентпен қатар Түркістан облысы бойынша трансфузиологиялық көмек көрсететіндіктен облыс, қала аумағына блок-бекеттер қойылып, қатынас тоқтап, шектеулер енгізгенде қиындықтар туындап, қан тапсыру жұмыстары баяу жүрді. Төтенше жағдай алынып, эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастағаннан кейін донорларды тартуда үгіт-насихат жұмыстарын күшейттік. Орталықтың жылжымалы медициналық көлігімен барып, мекемелерден, жеке адамдардан қан алдық. Тіпті, көлікпен донорларды алып келіп, үйіне жеткізу жұмыстарын да ұйымдастырдық.

– Қан орталығы КВИ-мен ауырып, жазылған донорлардан иммундық плазма дайындаумен айналысыпты. Жалпы иммундық плазманың індетпен күрестегі нәтижесі қандай?

– Плазманың бір донациясы инфекциядан зардап шегетін екі науқастың жағдайын жеңілдетуге көмектеседі. Қарапайым сөзбен айтсақ, иммундық плазманың құрамында инфекцияға қарсы антиденелер бар. Коронавирустық инфекцияға қарсы антиденелер де дамиды. Ол біреуде көп, біреуде аз. Онымен жүргізілген емдеу арқылы адам сауығады. Бұл антиденелер белгілі мерзім бойы адамның қанында сақталады. Сондықтан сондай адам антиденелерге бай плазманың доноры бола алады.
Антиденелерге бай плазма науқас адамға, ағзадағы вирустарды жеңуге көмектеседі. Нәтижесінде адам өзін жақсы сезінетін болады. Алайда, плазманы осы аурудың нақты емі ретінде қарауға болмайды, оны емдеудің басқа да түрлерімен бірге қолданған жөн.

603

 

– Қан тапсыру арқылы жақыныңның өмірін сақтап қалуға болады. Бұл барлығына таныс ұғым. Ал Сізбен әңгіме барысында қан тапсырып, оны науқасқа жеткізгенге дейін үлкен процесс жүретінін түсіндім. Медициналық ұйым дегеннен гөрі қан өндіретін алып зауыт деуге келеді екен...

– Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Біздің орталықта жылына 14 000-15 000 донор қан тапсырады, яғни 21 000-22 000 донация (қан тапсыру) болады. Жылына 35000 доза қан компоненті дайындалады. Бекітілген кестедегі номенклатураға сәйкес 15 түрлі қан компоненттері шығарылады. Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 42 медициналық мекеме (39-ы мемлекеттік, ал 3-і жекеменшіктегі) трансфузиологиялық көмек көрсетеміз. Қалалық қан орталығы аталмыш медициналық мекемелердің сұраныстарын үздіксіз, тәулік бойы қан және оның компоненттерімен, препараттарымен, диагностикумдарымен қамтамасыз етеді.
Орталықта донорлар мен келушілерге барлық жағдай жасалған. Әрбір донорға жеке штрих-код беріліп, бейнеидентификация жүргізіледі.

– Шаһарымызда ерікті донорлар бар ма? Жаңа сөзіңізде шет мемлекетте білім жетілдіріп қайтқаныңызды айттыңыз. Ондағы донорлық мәселесіндегі ерекшеліктермен бөліссеңіз?

– Дүниежүзілік Донорлық ұйымның мәліметі бойынша, табысы жоғары елдерде донорлық қанның 94 пайызы ерікті және тегін түрде тапсырылады екен. Бізде ерікті түрде донор болуға деген көзқарас әлі қалыптаса қоймаған. Соңғы статистикамызда елімізде 1000 адамның 50-55-і ғана 400 миллилитр қан тапсырады екен. Қанның қажеттілігі күнен күнге өсіп отыр, ал донорлар саны азайып барады. Келешекте қан тапшылығы одан сайын артуы мүмкін.
Қазақстанда донорлықтың азайып бара жатқандығы, әсіресе науқастар мен дәрігерлерді қатты алаңдатады. Көбінесе сирек кездесетін қан тобына қажеттілік болып тұрады. Біз тек донорлықты басымызға ауыр күн туғанда, қайғылы жағдайға душар болғанда ғана еске аламыз. Ал өркениетті қоғамда күнделікті қан өткізу әрбір адамның парызы болуы керек.
Сондықтан халықтың арасында адам баласының өмірін сақтап қалау үшін бір тамшы қанның өзі керек екенін насихаттап, қажеттілігін көбірек айтып, халықтың санасы мен патриоттық сезімін оятуға тырысудамыз.
Америкада біліктілік арттырғанда, онда ерікті түрде қан тапсыратын адамдардың көп екенін байқадым. Бізден ерекшелігі азаматтарға 16 жастан бастап қан тапсыруына болады екен.

– Қан тапсыру денсаулыққа қаншалықты пайдалы?

606

– Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бір рет қан өткізу арқылы адамдар орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді. Тұрақты түрде қан тапсыратын адамдар қан тапсырмайтын адамдарға қарағанда инфарктпен 10 есе сирек ауырады. Қан тапсыру арқылы жүрек-қан тамырлары жүйесі жақсарады және ағзаның өзіндік жаңартылу қызметі қосылады. Тұрақты түрде қан тапсыратын донорлар әдеттегі адамдармен салыстырғанда 5-8 жыл көп өмір сүреді және апаттар кезінде ағзасы қан жоғалтудан неғұрлым шыдамды болып келеді. Қан тапсыру иммундық және ас қорыту жүйелері, ұйқы безі және бауыр аурулары, сондай-ақ атеросклероздың профилактикасы үшін керек. Ағзадан артық қанды шығара отырып, сіз ішкі мүшелеріңізді жеңілдетесіз. Осыған қоса, қандағы темірдің мөлшері жоғары болуы ағзаға зиянын келтіреді, ал қан тапсыру арқылы темір құрамын азайтуға болады.

– Донорлықта белсенді болу үшін маман ретінде қандай ой тастар едіңіз...

– Егер біздің еліміздің әрбір тұрғыны қан тапсыруды өзіне азаматтық парыз деп санаса, сан мыңдаған науқас ауруынан айығып, сан мыңдаған адам туысынан айырылмас еді. «Қан қажет болған адамға тек өзінің туысқандары, достары көмектеседі» деген ой – қате, кейбір жалғыз басты адамдарға немесе жақын арада көшіп келген адамдарға кім көмектеседі? Ешбір адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді, оқыс жағдай туындамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
«Кімде-кім адамның өмірін сақтап қалса, ол барлық адамзаттың өмірін сақтағанмен бірдей» - деген ислам ғұламасы М.С. Рамазан Бути. Сондықтан өтеусіз қан тапсыру адамгершілікті ардақ тұтқан адамның азаматтығын танытады.

605


Донорлық - әрбір азамат үшін салауатты өмір сүру салтының, мейірімділік, қайырымдылық танытудың белгісі. Ең бастысы, өлім қатерінде жатқан науқасқа өмір сыйлап, өз-өзіне рухани риза болады. Яғни, психологиялық жағынан да пайдасы зор.

– Қан беруде тұрғындардың бойында әлі күнге дейін сенімсіздік, қорқыныш бар екені рас... Шымкент қаласының бас трансфузиолог маманы ретінде айтыңызшы, қаладағы медициналық мекемелердегі бұл жұмыстар бақылауда ма?

– Біздің орталықта қан тапсыру барысында қолданатын шығын материалдар бір реттік, олар дәл қан тапсыру алдында жаңадан ашылады. Қан компоненттерін дайындау процесі барынша автоматтандырылған. Ал, медициналық мекемелер 100 пайыз карантинделген, вирусинактивация және лейкофильтрация үдерісінен өткен қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Инфекцияларға донор қанын тексеру екі деңгейде соңғы үлгідегі автоматтандырылған заманауи анализаторларда жүргізіледі.

Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.