Версия для печати

Өшпес із қалдырған азамат... Избранное

Среда, 02 Сентябрь 2020 04:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2925 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қаралы хабарды естігенде есеңгіреп қалғанымыз рас. Нұрмахан Миятұлы Жолдасовтай қоғамда орны бөлек азаматтың қазасына ағайын-туысы, дос-жараны ғана емес, дүйім жұрт қайғырды десе болғандай. Ауыр қайғы.

700

 

Асыл жары Нәзипа Диасқызы арқасүйерінен айрылып, ұл-қызы асқар тау әкелерін жоқтап жылағанда сабырлыққа шақыру оңай болмады. Себебі, Нұрекең орны бөлек, болмысы ерек азамат болатын. Есімін ел танығалы Нұрмахан Миятұлы айналасына тек шуағын шашқан, қоғамның талай түйткілді түйінін шешкен ер ретінде белгілі еді. Осындай атпал азамат жайлы өткен шақта әңгіме қозғау, еске алу жазу да оңай емес екен.
Кешегі Оңтүстік Қазақстан, бүгінгі Түркістан облысында бірқатар лауазымды қызмет атқарған Н.Жолдасов өзінің еңбекқорлығымен талай белесті бағындарған азамат болатын. Жұмысшы, мұғалім, кәсіпкер, аудан әкімі сынды белестерді бағындыра жүріп, өмір баспалдақтарын абыроймен аттап келе жатқан-ды. Қоғамдағы талай қиындықтан қорықпай өтіп, құрыштай шыңдалған шақта дәм-тұзының таусылғаны арқамызға аяздай батты.
Нұрмахан Миятұлы өсіп-өніп, лауазымды қызметке іліккен соң туып-өскен ауылын ұмытып кететіндерден емес еді. Ол әркез туған жерін, ауылын түлетуге білек сыбана кірісетін. Қарабастау ауылында өз қаржысына үлкенді-кішілі жеті көпір салдырды. Жомарт жандарды игілікті істерге ұйымдастыра білетін қасиеті ерекше еді. Елдің бірлігін, халықтың ынтымағын сақтауда кез келген қиындықтан қорықпайтын. Ауыл-аймақтан әлдебір дау туындай қалса, бәрі де Нұрмахан Миятұлынан кеңес сұрайтын.
Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты болған кезде де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосты. Әсіресе, қағажу қалған ауылдардың жолын жөндету, жарықтандыру, көркейту ісіне үлкен мән беретін. Ауылдың ажары осындай азаматтарының арқасында ашық еді. Сондай-ақ, Нұрекең, қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы ұстанған азамат-тын. Әлі есімде, Бадам өзеніне көпір салынып біткенде тұсау кесеріне шақырды. Сонда байқағаным, ел-жұрт Нұрмаханды жақсы көреді екен. Бәрі де игілікті іске риза болысып, алғыс жаудырып жатты. Сауапты істің басы-қасында Нұрекеңдей азаматтың жүргеніне мен де қуандым. Осы күні ойлаймын, сол көпірге «Нұрмахан көпірі» деп ат берсек, әбден-ақ лайықты болар еді-ау. Оның әруағы алдында бір парызымыздың өтелгені болар еді.
Н.Жолдасовтың атсалысуымен кезінде Қарабастауда атыз-арық, су құбырлары жөнделді. Мектеп, емханалар, мәдениет үйінің құрылыстары жаңартылып, спорт кешендері салынды. Жұмыссыз, бос жүрген жастарды жұмысқа шақырып, спортқа бейімі барларды сол салаға тарта білді. Осылайша оның ауылында салауатты өмір салты салтанат құрып, тамаша орта, мәдениет қалыптасты.
Ол тәуелсіз Қазақстанның мемлекет болып нығаюына, экономикасының өрлеуіне саналы ғұмырын сарп еткен жан. Нұрекеңнің ұстанған үлкен азаматтық ұстанымы бар еді. Ол үнемі «Адам бір биікке шыққан соң, өзінің бұрынғы басқан ізін ұмытпағаны жөн. Өз қасиетін сезіне алмаған адам өзгенің қадіріне жете алмайды» дейтін. Лауазымды қызметте жоғарылаған сайын, өзі өзгелерге үлгі көрсетіп, кішпейіл, қарапайым бола түсті. Арда азаматтың атқарған ісі, шын мәнінде, нар түйеге жүк болардай салмақты еді. Нұрмахан Миятұлын толық тану үшін ең алдымен туған жері мен шыққан ортасын, басып өткен жолын білу маңызды.
Нұрмахан Жолдасов 1959 жылы 1 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабастау ауылында туған. Сол кездегі М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша тәмәмдады. Уақыт өте келе «Қаржы және есеп» мамандығы бойынша біліктілігін арттырды. Еңбек жолын 1977 жылы Шымкент қалалық сүт зауытының механигі болып бастады. 1978-1980 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп келген соң 2001 жылға дейін алдымен мектеп мұғалімі, «АвтоВазҚосымшаБөлшек» дүкенінің меңгерушісі, «Қарабастау» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарды. 2001 жылы мемлекеттік қызметке үлкен жауапкершілікпен кіріскен ол Шымкент қаласы әкімдігінің индустрия, көлік және сауда басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Бәйдібек ауданының әкімі, Сарыағаш ауданының әкімі, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры, «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық, кейіннен Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Қай салада қызмет етсе де алдымен елдің қамын жеді. Ауылдарды түлету, экономиканы көтеру, салада тәртіп орнату оның басты мақсаты болды. Бұл істі облыстық мәслихаттың депутаты болғанда да сала мамандарынан талап етуші еді.
Қызметтегі ерен еңбектері ескеріліп, ол Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанды. Елбасының «Құрмет» орденімен, бірнеше мерекелік медальмен және облыс әкімі, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Нұрмахан Миятұлын ел Қазақстанда ат спортының қалыптасуына елеулі үлес қосқан азамат ретінде де жақсы таныды. 1995 жылдан бастап ол Оңтүстік Қазақстан облысының Ат спорты федерациясының президенті болып сайланған шақта оңтүстік өңірінің ұлттық ат спортын дамытуға бар күшін салды.
Ол менің жан досым еді. Сырласым әрі құрдасым еді. Нұрекең дүниеден өтті деген қайғылы хабарды естігенде төбемнен жай түскендей болды. Сұм ажал кімнің көңілін суытпады дейсіз. Қазаға сабыр берсін. Нұрекеңмен бір өңірде туып, біте қайнасып, бірге жүрдік. Ақылдасатын шаруамыз да көп еді. Қай істі бастамасын, алдымен жөн білетін жандармен кеңесіп, дұрыс-бұрысына көз жеткізіп алатын. Өте ұлтжанды еді. Білімі кемел, түсінігі терең, пікірі салмақты, ойы тұжырымды, жарқылдаған ақкөңіл жан енді жоқ дегенге сену де қиын.
Сонымен қатар, Нұрекеңнің тірі кезіндегі Отанына, халқына, елі мен жеріне сіңіріп кеткен орасан еңбектерін жазып, айтып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай іс тындыру – енді үзеңгілес достары – біздердің міндетіміз. Нұрекеңнің асыл жары Назипа Диасқызы – азаматын алтын алақанында әлдилеп, жағасы мен жүрегін кірлетпей, көңілін жүдетпей, қырандай баптай білген жан. Табысқа жеткен ердің артында осындай дана әйел тұрғанын отбасы мен туыстары жақсы білетін. Артында қалған тұяқтары – үш ұл, бір қызына Құдай қуат берсін. Нұрекеңнің тәрбиесін алған олар да еліміздің өркендеуі жолында аянбай тер төгетін азаматтар боларына сенімдімін.
Өңірімізде Нұрмахан Миятұлы атқарған еселі еңбектің жемісіндей болған игі істер аз емес. Осының бәрі де оның өзі кетсе де артында өшпес ізі қалғандай, қоғамдағы орнын айшықтап тұра берері сөзсіз.

Бақтыбай ҚАСЫМБЕКОВ,
техника ғылымының докторы,
профессор, академик

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.