Екінші толқынға дайынбыз ба? Избранное

Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:22 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 382 раз

1360430.580xp

Елімізде қауіпті дерттің таралу деңгейі төмендеді. Эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді. Бұған қала көлеміндегі аурудың статистикалық көрсеткіші дәлел.

Мәселен, өткен аптада Шымкентте коронавируспен ауырғандар тіркелген жоқ. Науқастар жатқан реанимациялық төсек-орын қажеттілігі – 67, жедел жәрдем шақыртушылар саны – 80 пайызға төмендеген. Әйтсе де, мамандар ауру басылды деп арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады. Төрткүл дүниені дүрліктірген жұқпалы індет маусымдық тұмаумен қайта күшеюі мүмкін.
Иә, елді елеңдеткен екінші толқын жөнінде болжам көп. Пікірлер әралуан. Біреулер «болуы ықтимал» десе, біреулері «болмайды» деп көптің күпті көңілін жұбатады. Денсаулық сақтау министрлігінің пневмониямен 1000-ға жуық адамның тіркелгені туралы ресми ақпараты көпшілікті бейжай қалдырған жоқ. Өлім-жітім азайғанымен кез келген уақытта көрсеткіш күрт артуы мүмкін. Әзірге күмәні көп қауіпті дерт қашан тоқтайтыны белгісіз. Күзде қайталануы ықтимал екінші толқынға қаншалықты дайынбыз? Жұрт әдепкідей дәрі іздеп, әуреге түспей ме?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың жаңа толқыны қазан айында болатынын айтып отыр. Күз айларында тұмаудың белең алатыны тағы бар. Оған қоса коронавирус инфекциясы күшейсе, эпидемиологиялық жағдайдың ауыр болатынын аңғару қиын емес. Сондықтан аурудың алдын алу шараларының маңызы артпақ.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы алдағы күз-қыс маусымына дайындалып жатыр. Дәрі тапшылығы болмайды деп сендіріп отыр. Бүгінге дейін үшінші мегаполистегі медициналық ұйымдар препараттардың 150541620,92 мың теңгеге екі айлық көлемімен қамтылған. Яғни дәрі-дәрмек қоры науқастарды емдеуге жеткілікті.
Рас, жаз маусымында бірінші толқынның соққысы ауыр болды. Үшінші мегаполисте наурыз айынан бүгінге дейін 5182 жағдай тіркеліп, коронавирустан 4498 адам жазылып шыққан. Қазіргі таңда 622 науқас ем алып жатыр. Өкінішке қарай, 105 науқас жұқпалы дерттің құрбаны болды. Елімізде 2000 мыңға жуық адам індеттің ілмегінен қайтыс болғанын ескерсек, ес жиятын кез келді. Биыл елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталмақшы. Бұл мерзімнен екі апта ертерек.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақтығали Аюбайұлының айтуынша, екінші толқынға аурухана дайын. Бұрын жасанды тыныс алу аппаратының саны 15 дана болған. Оған қосымша тағы 88 данасы алынған. Жансақтау орны 100 орынға көбейтілген. Қазір мұнда инфекциялық аурға шалдыққан науқастар қабылдануда. Модульдік ауруханада бүгінде 70 науқас ем қабылдауда.
–Ауру көрсеткіші төмендеп еді, көпшілік қауіпсіздік шараларын ұмытты. Ел маусым мен шілдедегі эпидемиялық жағдайды естен шығармауы тиіс. Көпшіліктің арасында әлі де індеттің барына сенбейтіндері бар. Дерттен сақтанудың жолдары қарапайым ғана. Бетперде, антисептик, арақашықтықты сақтау, көпшілік ортаға бармау. Әйтсе де, қалалықтардың аурудан сақтану деген ұғымының әлі толық жетпегені қынжылтады, - дейді Бақтығали Ережепов.
Дәрігердің сөзінің жаны бар. Анығы, дерт тоқтады деп босаңсуға болмайды. Мамандар алдымызда індеттің үлкен толқыны келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауда пандемияның екі жылға созылатынын айтып, қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажеттігін ескертті.
Коронавирустың болжамды екінші толқыны балаларға ауыр тиюі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін Шымкентте 300 бала індеттің ілмегін жеңіл түрде өткеріп, жазылып шыққан.
Тамыздан бері емханалар жаппай жұмысын бастады. Медицина ұйымдарына дертіне дауа іздеген адамдар күн сайын ағылады. Маусымдық тұмау басталса, көпшіліктің індетті жұқтыру мен таратуға себепкер болатыны айтпаса да түсінікті. Қазақстанның қай өңірін алсаңыз да, қауіпті аурудан аманы жоқ. Оған қоғамдық көлік, дәмхана, мейрамхана, саябақ, демалыс және тамақтану орындарында сақтық шараларына салғырт қарап, бетпердесіз жүрген үлкен-кішіні қосыңыз. Үшінші мегаполисте 400-ге жуық тұрғын айыппұл арқаласа да, карантин талаптары сақталмай келеді. Оған қоса, сенбі, жексенбі күндері жасырын жұмыс істейтін дәмханалар мен мейрамханалар және сұлулық салондарына тыйым болар емес. Жасырын тойлар да тоқтамай тұр. Дәмханалар мен мейрамханаларға жиналатын адамдарды көріп, қауіпсіздік ережесінің аяқсыз қалғанын пайымдауға болады. Қалада мониторингтік топтар құрылғанымен олардың бекітілген санитарлық талаптарды қаншалықты орындағанын бақылауға қауқары жетпейді.
Бәрін айт та, бірін айт, пандемия елімізге ауыр сынақ болды. Алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жоққа шығара алмаймыз. Әйтсе де, сын сәттердегі кезең белсенді әрекет пен қарқынды талап етеді. Мұнан әрбір азаматтың денсаулығына жауапкершілігі алдыңғы орында тұрғанын айтқымыз келеміз. Анығында әлемді әбігерге салған дерт адам таңдамайды. Сақтанғанды ғана сақтайды.

Шымкент қаласында өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 науқас тіркелді. Ал, емханалар жанынан құрылған мобильді топ тәулік ішінде 100-ге жуық тұрғынның үйіне барып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсеткен. Сондықтан медицина мамандары босаңсуға болмайтынын қатаң ескертуде. Сақтық шараларын мейлінше күшейтіп, карантин талаптарын ұстануға шақырады.

 

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.