АЛЛАДАН КЕЙІНГІ ШЫН ШЕБЕР Избранное

Среда, 23 Сентябрь 2020 03:57 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 412 раз

755

Қос ана бауыр еті баласына бүйрегін жұлып берді

Қазығұрттық Гүлжанат ұлы Бейбіттің бүйрегі ауырып бастағалы өзін қоярға жер таппады. Шыбын жаны шырылдағанда баласына барын беруге дайын еді. Қайтсін-ай, бауыр еті баласы ғой. Әрі-беріден донор іздестіріп көрді. Табылмасын сезгенде «өзімдікін беремін» деп тастүйін шешімге келді.

Ананың мейірімі шексіз. Осыдан кейін Алладан кейінгі шын шебер ана дегенмен келіспеске лажың жоқ. Олай етпесе, Бейбіті небары 33 жасында көз алдында гүлдей солып бара жатыр. Болмады, болмаған соң дәрігерлерге «менің бүйрегімді алып, балама салыңдар. Баламды аман алып қалсаңдар болды» деп жалынды.
Әрине, мұндай отаны жасау үшін білікті маман қажет. Ал, Шымкенттегі қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігерлері бүйрек ауыстыру операциясына әбден машықтанып қалған. Трансплантацияның қыр-сырын меңгерген мұндағы дәрігерлер 2013 жылдан бері 160 бүйрек пен 21 бауыр алмастыру операциясын жасағандар.

Гүлжанат Ибраева Қазығұрт ауданынан баласы Бейбіт Сидазимовты дәл осы ауруханаға әкелгеніне өкінбейді. Ә дегенен-ақ, дәрігер-хирургтар Вячеслав Ли мен Сабитхан Байтеміров науқастың жағдайын жіті зерттеп, операцияға дайындады. Бұл орайда 55 жастан асқан Гүлжанаттың да жағдайы қатаң бақылауда болды. Бауыр еті баласына бір бүйрегін жұлып бергелі отырған ананың денсаулығына кінәрат келмеуі қажеттігін дәрігерлер жақсы білетін.
Енді міне, талай ұйқысыз түндер мен уайыммен өткен күндер артта қалды. 33 жастағы Бейбіт Сидазимовтың екі жылдан бері тартқан азабынан анасы құтқарып отыр. Төсек тартып, гемодиализ аппаратымен өмір сүріп келген Бейбітке дәрігерлер анасының бір бүйрегін салды.
Бейбіт қана емес, бұл күні Шымкенттің іргесіндегі Жаңаталапта тұратын Асылбек Түймебай да қуанышқа бөленді. Ол да талайдан бері бүйрегі істемей аурудың зардабын тартып жүрген-ді. Шырылдаған анасы Аққыз апа баласына доннор болып, бір бүйрегін берді.
Екі сағатқа созылған бүйрек ауыстыру отасын сәтті аяқтаған дәрігерлерді көргенде туыстары қуаныштан көзге жас алғаны бар.
Күрделі операцияны жүзеге асырған хирургтар Вячеслав Ли мен Сабитхан Байтеміров қызмет атқаратын Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында мұндай оталарды жасауға барлық жағдай қарастырылған. «Аурухана материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықталған. Мұнда ағзадағы органдарды ауыстыру жағынан тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді. Ауруханадағы гемадиализ орталығында бүйрек алмастыру отасын қажет ететін 400-ге жуық науқас есепте тұр. Донор табылған жағдайда білікті мамандар науқастарға трансплантация жасауға дайын» дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Лайым солай болсын. Десек те, баласы үшін жаны жаулығының ұшына түюлі аналардың мейрімі шексіз сонда да. Жарық дүние сыйлағаны аздай, енді міне, ажалдан да арашалап қалып отыр. Бала бауыр еті. Аналар жылап, балалар ауырмастай болсыншы, лайым.