Көпбалалы аналар қанша жәрдемақы алады? Избранное

Пятница, 16 Октябрь 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 415 раз

Газетіміздің арнаулы «Тұрмыс» бетіне оқырмандарымыздан келіп түсіп жатқан сұрақтардың бір парасы балалар жәрдемақысы мен зейнетақының базалық мөлшеріне қатысты болуда. Осыған орай біз Шымкент қаласы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Әнуар ІЛЕСПАЕВТЫ арнайы сұхбатқа тартқан едік.

202

 

–Әнуар Аманкелдіұлы, қазіргі таңда күнкөріс деңгейінің мөлшері қанша теңге болып белгіленген? Сонымен қатар, зейнетақы, жәрдемақы мөлшерінің артқаны туралы кезінде БАҚ-та айтылғанмен, оқырмандар арасында бұл туралы сұраушылар көп. Олай болса, осы мәселені тағы бір рет оқырман үшін қайталай кетсеңіз.

203

–Негізінен жасына байланысты қарттық зейнетақы және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап біршама көбейтілді. Яғни, ҚР Президентінің 2020 жылғы 8 сәуірдегі «2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы» №299 Жарлығына сәйкес зейнетақы төлемдерінің, базалық зейнетақы төлемдері мен барлық жәрдемақылардың мөлшері арттырылды. Нақтылай айтсақ,
Айлық есептік көрсеткіш – 2 778 теңге;
Ең төменгі зейнетақы – 40 441 теңге;
Ең төменгі базалық зейнетақы төлемі – 17 641 теңге;
Күнкөріс деңгейінің мөлшері – 32 668 теңге;
Ең төменгі жалақының мөлшері –42 500 теңге мөлшерінде белгіленді.
Осы кезге дейін, (2020 жылдың 1 сәуіріне дейін) жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне биыл 1 сәуірден бастап 5 пайыз қосылып отыр.
Зейнетақы төлеміне қосымша төленетін базалық зейнетақы төлемінің мөлшері әрбір азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына салымшы болған кезеңіне сәйкес 17 641 теңгеден 32 668 теңгеге дейін (осы аралықта) көбейтілді.
Айта кету керек, бұл орайда (2020 жылғы 1 сәуірінен бастап) жаңадан тағайындалатын жасына байланысты зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін кірістің ең жоғары мөлшері 46 айлық есептік көрсеткішпен шектеліп 127 788 теңге болып белгіленді. ( АЕК 2778 х 46 =127 788)

–Әлеуметтік төлемдер де көбейгені белгілі. Соның ішінде әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиесілі әлеуметтік төлемдер мөлшерін айтып өтсеңіз.


–Әлеуметтік төлемнің бұл түрі де күнкөріс мөлшерінің өзгеруіне байланысты 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап біршама артып отыр. Яғни, мүгедектік жәрдемақылардың мөлшері мынадай:
І топтағы мүгедектерге — 62723 теңге;
ІІ топтағы мүгедектерге — 49983 теңге;
ІІІ топтағы мүгедектерге — 33975 теңге төленеді.
16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға — 45736 теңге.

–Мүмкіндігі шектеулі болғанымен жасы 16-ға толмайынша балаларға мүгедектік топ белгіленбейтінінен хабардармыз. Ал, осы жастан асқан соң, қай топқа қанша теңгеден төленеді?

–Жасы 16-дан асқан соң мүгедектік тобына қарай ай сайын берілетін әлеуметтік төлем көлемі де көбейген. Мысалы, І топ мүгедегіне 62726 теңге төленсе, ІІ топқа 51943, ІІІ топқа 39202 теңге тағайындалған.
Бұдан бөлек мүгедек баланы тәрбиелеп отырғаны үшін ата-анасына 45736 теңге беріледі. Егер, баласы туғаннан мүгедек болып, оңалту ісі нәтиже бермеген күйі, мүмкіндігі шектеулі қалпында қалса ата-анасына төленетін жәрдемақы сол 45736 теңге күйінде бала 18 жасқа толғанша төленеді.

–Асыраушысынан айрылған отбасыларға да мемлекет тарапынан жәрдемақы берілетіні белгілі. Кей оқырманымыз мұның да мөлшерін білгісі келетінін айтып, сауал жолдағына бар еді...

–Орайы келгенде айта кетейін, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген, қоғамның әлсіз тобына жататын азаматтардың қай қайсысы болмасын мемлекеттік қолдаудан сырт қалған емес. Олардың әл-ауқатын көтеру жолында мемлекетіміз жәрдемақы мөлшерін жылдан жылға арттырып, барлық қамқорлықты жасауда. Иә, асырушысынан айырылғандар үшін де мемлекеттен арнайы қаржы бөлінген. Соған сәйкес, 1 баласымен қалған анаға айына 28 095 теңге төленсе, 2 балаға – 48 676 теңге, 3 балаға – 60 436 теңге, 4 балаға – 64 030 теңге, 5 балаға – 66 317 теңге, 6 және одан көп баласымен қалғандарға 68 930 теңге көлемінде жәрдемақы қаралған.
Ал, ата-анасының екеуінен де айырылып, тұл жетім қалған балалардың әрқайсысына бөлек бөлек 38 572 теңгеден ай сайын жәрдемақы беріледі.

–Әнуар Аманкелдіұлы, елімізде демографиялық өсім жылдан жылға артып келеді. Бұл жақсылықтың нышаны. Халық санының көбейгені кез келген қазақстандыққа қуат беретіні рас. «Әр бала дүниеге өз несібесімен келеді» десек те Үкімет тарапынан бала санын арттырып отырғандарға қанша жәрдемақы берілетінін білуге бола ма?

–Әрине. Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 778 теңгеге көбеюіне байланысты биыл сәір айынан бастап №1 тізім бойынша мемлекеттік әлеуметтік төлемдер – 26 169 теңгеге, №2 тізім бойынша – 23 280 теңгеге көбейіп отыр.
Мысалы бала шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап аналарға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен бала күтімі жөніндегі жәрдемақылар тағайындалады. Яғни, 1, 2 және 3-ші балаға бір жолғы жәрдемақы 105 564 теңге болса, төртінші және одан көп баласы барлар үшін 175 014 теңге беріледі.

–Ал, бөбегі бір жасқа толғанша бала күтімімен үйде отырған келіншектер қанша алады?

–Бала 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміндегі әйелдер үшін
- 1 балаға – 16 002 теңге;
- 2 балаға – 18 919 теңге;
- 3 балаға – 21 808 теңге
- 4 және одан көп балаға – 24 725 теңге тағайындалады.

Бұл орайда мына бір мәселені ескеру керек, егер жас ана декреттік демалысқа шықпай тұрып жұмыс істеген болса, онда 1 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшері оның жалақысының мөлшеріне қарай тағайындалады. Ол мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді.
Сонымен бірге, "Алтын алқа", "Күміс алқа" немесе бұрындары "Батыр ана" атағына ие болғандар, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар ай сайын 17 780 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

–Осы мәселеге қатысты оқырмандар арасында сауал жиі туындайтыны жасырын емес. Сондықтан да айтыңызшы, көпбалалы аналар санатындағы азаматтар үшін бұдан бөлек тағы қандай жәрдемақы бар?

–Жоғарыда айтқанымызы баласы бір жасқа толғанға дейінгі күтімі үшін берілетін жәрдемақы. Ал, кішкентайы бір жастан асса да, көпбалалы аналар санатындағылар үшін мемлекеттен әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мысалы, 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға бала санына қарай жәрдемақы мынадай тәртіппен тағайындалады:

-4 балаға – 16,03 АЕК = 44 532 теңге,
-5 балаға – 20,04 АЕК = 55 672 теңге,
-6 балаға – 24,05 АЕК = 66 811 теңге,
-7 балаға – 28,06 АЕК = 77 951 теңге,
-8 балаға- 2778 АЕК х4=11112х8=88896
-9 балаға- 2778 АЕК х4=11112х9=100008
-10 балаға- 2778 АЕК х4=11112х10=111120
-11 балаға- 2778 АЕК х4=11112х11=122232
-12 балаға- 2778 АЕК х4=11112х12=133344
-13 балаға- 2778 АЕК х4=11112х13=144456
-14 балаға- 2778 АЕК х4=11112х14=155568
-15 балаға - 2778 АЕК х4=11112х15=166680 теңге.

204

–Бәрекелді! Дегенмен, өмір бар жерде қайғылы жағдайдың да болатыны анық. Айтыңызшы, кісісі қайтыс болған отбасыға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?

–Мемлекет тарапынан бекітілген талапқа сәйкес, жерлеуге берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемі - 43 615 теңгені құрайды.
Ал, егер қайтыс болған азамат ҰОС ардагері, немесе соғыс мүгедегі болса, мемлекет есебінен – 101 675 теңге беріледі.

–Әнуар Аманкелдіұлы, оқырмандарымыздың талап-тілегіне орай көкейдегі көп сауалға жауап бергеніңіз үшін көп рақмет.

 

Артық болмас білгенің

Соғыс ардагерлері үшін ай сайын
(18.05.2020 жылдан ) берілетін жәрдемақы
мөлшері:

- ҰОС қатысушылары мен мүгедектері — 44 448 теңге
- ҰОС-да қаза болғандардың жесірлері — 12 446 теңге
- Соғыстан кейін қаза болған ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) — 7112 теңге
- Кеңес Одағының Батырлары мен үшінші дәрежелі Даңқ орденінің кавалерлері — 26 669 теңге
- Социалистік Еңбек Ері, үшінші дәрежелі Еңбек даңқы орденінің кавалерлері — 207378 теңге

Другие материалы в этой категории: « «Ботулизм!»