Баспанадан үмітті бәрі... Избранное

Пятница, 06 Ноябрь 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 547 раз

DSC 3582

Шымшаһарда үй кезегінде тұрған азаматтардың саны бүгінде 40 мыңнан асып жығылады. Иә, баспана – қай кезде де басты мәселе. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда жариялаған Жолдауында баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін тездетіп шешу керектігін баса айтқан еді. Бұл тұрғыда қалада қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Мемлекеттік бағдарламалардың пәрмені қандай?

«7-20-25»: Мыңнан астам отбасы баспаналы болды

Мемлекет әлеуметтік осал топтардан бастап, мемлекеттік қызметкерлер тағы сол секілді бірнеше санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін түрлі бағдарламаларды іске асырып келеді. Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Төлеповтың айтуынша, жыл басынан бері мыңнан астам азамат несиелендіру шарты негізінде тұрғын үймен қамтылған. Оның ішінде 224 отбасы «2-10-20» әлеуметтік несиелендіру арқылы баспаналы болса, «Бақытты отбасы» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша бастапқы жарнасының бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде жергілікті бюджет есебінен 101 азаматқа 100 млн. теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары табысталған. Ал 885 жанұя қаладағы бірінші нарықтағы пәтерлерге ие болған. Аталған азаматтар мемлекеттік бағдарламаның «7-20-25» бағыты аясында баспанаға қол жеткізген.
– Жыл соңына дейін «7-20-25», «2-10-20» бағыттары бойынша несиелік 4 үй (264 пәтер), «5-20-25» бағыты бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы кезекте тұрғандарға көп қабатты несиелік 16 үй (1048 пәтер), жоғарыда аталған банк салымшыларына кредиттік 6 үй (372 пәтер) тапсырылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда тұрғын үймен қамтылған азаматтардан бюджетке 768,5 млн. теңге түсім түсті, - дейді Ғ.Әнуарұлы.
Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен 1596 пәтер азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, жұмыс істейтін жастар бар. Ғалымжан Төлеповтың айтуынша, жыл соңына дейін бағдарлама аясында аталған санаттағы азаматтарға тағы 976 пәтер үлестірілмек.
– 2018 жылға дейін үйлердің бәрі жекешендірілу құқығымен берілген болса, «Нұрлы жер» бағдарламасы қолданысқа енгелі сатып алу құқығынсыз үлестіріп жатқанын атап өткім келеді. Олар арендалық ақы төлеп тұрады, дегенмен жеке меншігіне тіркей алмайды. Тағы бір атап өтетін мәселе – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, әлеуметтік әлсіз тобына берілетін пәтерлердің 20 пайызын құрайды. Жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда Құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастыруда. Желтоқсан айында жастар конкурс арқылы баспаналы болады. Құжаттарды онлайн өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

Үйі барлар кезектен шығарылады

Шымшаһарада тұрғын үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж 40 мыңнан астам азаматтың 4456-сы кезектен алынып тасталған. Ғалымжан Әнуарұлы аталған азаматтардың ішінде иелігінде тұрғын үй тіркелген, басқа елдімекенге қоныс аударған, санатын жоғалтқан, қайтыс болу себептерімен тіркеуден шығарылғанын айтады.
– Биыл тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар (отбасы мүшелерімен бірге) бойынша 118 678 рет өңдеу жүргізілді. Қазір тіркеу халыққа қызмет көрсету орталықтары және Электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылуда. Ал база Қазақстанда автоматтандырылған, ол басқа базалармен бір-бірімен байланыстырылған. Кезек реттілігі бұзылды, менен кейінгі азаматтарға үй берді деген түсінбеушіліктер болады. Бұл базада әрбір әрекеті енгізілген. Тіпті, тапсырған секундына қарай оларға реттік нөмір беріледі. Отбасы мүшелеріне де арнайы тексеру жүргізіледі. Ол азаматтың қайда тіркелгені, бала-шағалары бәрі-бәріне назар аударамыз. Атында кем дегенде 5 жыл жылжымайтын мүлік болмауы керек. Егер үйі бар болса, база ол адамның өтінішін қабылдамайды. Сол секілді мүгедектігін растау, көп балалы екенін, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы санатына жататын мұқият сараланады. Ал біздің тексеріс нәтижесінде 4456 азаматтың ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» №94 Заңында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды, - дейді Тұрғын үй басқармасының басшысы.

Мегаполистер көшінен қалмайық...

Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғалы шаһарда көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы арта түсті. Жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Дегенмен бір сәт елеміздің ірі мегаполистерінің тәжірибесіне тоқталсақ. Ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі таңда 48 мың адам баспана кезегінде тұрған болса, еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласында 25,5 мыңнан астам қала тұрғыны үй алу үшін өтініш білдірген екен. Міне, ашық дереккөздегі мәліметтерді салыстырып қарасақ, елордадағы көрсеткіш біздің қаламен шамалас. Ал Алматыда тіптен төмен.
Мүмкін ірі мегаполистегі тәжірибені қолдансақ шырайлы қаладағы баспанаға мұқтаждардың басты мәселелері шешімін табар ма еді?! Ауқымды жұмыстар атқарылуда деп есеп берген басқармалардың жұмысына басшылар оң бағасын беріп жатады. Дегенмен үйсіз-күйсіз жүргендердің мәселесі толық шешілуі үшін ондаған жылдар кетуі мүмкін. Хош, қос мегаполисте баспанамен қамтамасыз ету ісінде қандай ерекшелік бар?
Мысалы, ел астанасында бастапқы жарнасыз баспана алуға болады екен. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжаттардың қабылданатынын хабарлаған. Бағдарламаға үй кезегінде тұрған барлық санаттар және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ведомстволық бағынысты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері болып табылатын азаматтар, сондай-ақ полиция және төтенше жағдайлар Департаментінің қызметкерлері қатыса алады. Нұр-Сұлтан қаласында кезекте тұрған азаматтарға баспана 20 жылға дейін сатып алу құқығымен жалға беріледі. Тұрғын үй жалға алу мерзімі өткеннен кейін жалға алушының меншігіне өтеді.
Ал Алматы қаласында «Алматы Жастары 3.0» қалалық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Бұл ретте денсаулық сақтау және білім беру салалары (санаттары) бойынша резервке енгізілген тізімдердің болуын ескере отырып, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары және ғылыми зерттеу институттары мамандары, журналистер, әлеуметтік сала қызметкерлерін қамтиды. Қарап тұрсаңыз, жап-жақсы жобалар. Бір ескеретіні қос мегаполисте әлеуметтік сала қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуде ұтымды жобалар әзірлеген. Ал біздің қаламызда аты аталған сала өкілдеріне арналған арнайы бағдарламалар мен қолдаулар өкінішіке қарай жоқтың қасы. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болу үшін алдымен кезекте, сосын банк есепшотында бастапқы жарнаңыз болуы ескеріледі. Ал жоғарыда көрсетілген әлеуметтік сала өкілдері үй кезегіне тұруы үшін не көп балалы болуыңыз керек немесе халықтың әлсіз тобы санатына енуіңіз керек. Ендігі жауапты мамандар мен басшылар назарға алып, осындай тиімді жобалар жасайды деп сенейік.