Шымкенттің коронавирус жұқтырған тұрғыны дені сау сәби босанып, өзі де жазылып шықты. Бұл оқиға қараша айының басында болған еді. Айы-күні жақындаған келіншек өзінің қауіпсіздігі үшін коронавирусқа тест тапсырады. Сынама оң нәтиже берген. Ал сәби әне-міне дүние есігін ашқалы тұр.
Бұл жағдайдан хабардар болған емхана қызметкерлері жедел жәрдем шақыртады. 34 жастағы жүкті әйел арнайы дайындалған жұқпалы аурулар орталығына жеткізіледі. Осында босандыруға барлық жағдай жасалады, қалалық перзентханадан бір топ маман ауруханаға келеді.
Ең қауіптісі – босанған әйелдегі вирус нәрестеге жұғуы мүмкін еді. Сондықтан, анадан балаға инфекция берілмес үшін білікті мамандар келіншекті жұқпалы аурулар ауруханасының базасында кесір тілігі арқылы босандырып алады. Нәтижесінде салмағы 3,5 келіден асатын дені сау қыз баласы дүниеге келді.
Отадан соң дәрігерлер ананы жансақтау бөліміне шұғыл түрде ауыстырып, қарқынды емдеу шараларын бастап кетеді. Ал нәресте анасы ауруханадан шыққанша қалалық перинаталдық орталықтағы балалар дәрігерінің қарауында болды.
Бірер күннен соң азаматшаның денсаулығы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Осылайша сегіз күн бойы жұқпалы аурулар орталығының мамандары науқасқа вирусқа қарсы терапиялық ем жасайды. Нәтижесінде сәбидің анасы коронавирус инфекциясынан толық айығып, ауруханадан шықты.
– Мені емдеп, шипа берген дәрігерлерге алғыс айтамын. Операция жеңіл әрі сәтті өтті. Ауруханадан шыққан соң, қызымды бауырыма басатын сәтімді тағатсыздана күтіп отырмын, - деп, дертінен сауығып шыққан азаматша ақ халаттыларға алғысын білдірді.
Осы арада жүкті әйелге сәтті ота жасаған мамандарды атай кетпеске болмас. Олар: хирург Ерлан Серік, акушер-гинеколог Анар Махашова, дәрігер анестезиолог-реаниматолог Қабылжан Ташмұхамедов, медаға-анестезиолог Бахрам Рустамов, дәрігер неонатолог Гүлнәр Алшынбаева, балалар медбикесі Шолпан Самбетова, ота бөлімінің қызметкерлері Гүлима Муналова және Гүлнұр Айнақұлова.