Қайран кинотеатр...киносы да, көрермені де жоқ Избранное

Среда, 25 Ноябрь 2020 05:24 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2170 раз

1591976364 news b

Елімізде карантин шектеулері жеңілдетіліп жатқанда кинотеатрлар ашылмақ болған. 13 наурыздан бері есігі жабылған олардың «тамырына» қан жүгіреді деп күтілген. Сөйтіп, 26 қазаннан залдағы орындардың 30 пайызы толатындай көрермен қабылдап, қызметін бастауы тиіс еді.
Коронавируспен күрес жөніндегі үкіметаралық комиссия шешімі күшіне енгенімен, Атырау мен Ақтаудан басқасында қозғалыс жоқ. Шаруасы шатқаяқтаған кинопрокат саласы енді қайта жабылуы мүмкін.

Статистикаға сүйенсек, пандемияға дейін Қазақстанда 92 кинотеатр жұмыс істеді. Бірақ 8 ай ішінде оның жетеуі банкрот болды. Індеттің залалын еңсере алмаған кейбіреуінің қаржылық шығыны алаңдатарлық халге жетті. Ал Шымкенттегі 5 кинотеатрдың иелері бизнестерінің неге бұғауланғанын түсінбей дал. Олар жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты төлеуден, зейнетақы төлемдерінен босатылғанымен, бұл ғимарат күтімі мен күзетінің, коммуналды қызмет шығынын жаппайды дейді.
– Шымкент «жасыл» аймақтағы өңірдің қатарында болғанымен, жұмысымызды бастай алмадық. Себебін білу үшін қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласқан едік. Олар эпидемиологтың ұйғарымы керек екенін айтты. Бұған қоса қала әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап, хат жолдадық. Ұжымдағы 44 адам 8 айдан бері тұрақты айлық табысынан айрылды. Олардың әрқайсысының отбасы, төленбеген несиесі, қайтарылмаған қарызы бар, – дейді CINEMAX кинотеатрлар желісінің әкімшісі Арина Кайдалова.
Кәсібі тоқыраған салада кадр қалмай барады. Кинотеатрлар желісінің директоры
Еркебұлан Рахметтің сөзінше, бірнеше миллионға сатып алынған құрал-жабдықтармен жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейді.
– Әсіресе, ІТ мамандары мен киномеханиктер. Оларды үйретуге ұзақ уақыт керек. Ең қажет қызметкерлерден айрылып қалуымыз мүмкін, – дейді ол.
Кинопрокат саласының өкілдері үкімет ұстанымын түсіне алар емес. Қазақстан бойынша кинотеатрлардың 10-13 миллиард теңге шамасында зардап шеккені туралы ақпарат желдей есіп тұр. Алайда Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков бұл бағытта жұмыс басталса, эпидемиялық жағдай қайта ушығуы мүмкін екенін алға тартады.
– Аймақтардағы ахуал онша емес. Халықты жинап жүргенде ауру асқынбасына кепілдік жоқ. Індеттің бірінші толқынының зардабы қандай ауыр болғанын білесіздер. Қаншама адам ауырып, көз жұмды. Салада көптеген адам еңбек етеді, білемін. Бәрі отбасын асырауы керек. Көбісінің несиесі бар. Бірақ қиын кезде халыққа қиянат жасай алмаймыз. Олардың өтініші мен ұсынысын орындаймыз деп эпидахуалды қиындатуға болмайды, – дейді ол.
Басшысының сөзінің жаны бар. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің басшысы Майра Каракулованың сөзінше, Шымкент «жасыл» аймақта болғанымен, қауіп-қатер сейілген жоқ. Коронавирус пен вирусты пневмонияның тіркелуі тоқтамай тұр. Сондықтан, қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сай, кинотеатрлардың жұмысына 7 желтоқсанға дейін рұқсат жоқ.
Соған қарамастан мұндай орындар санитарлық талаптарға сай керек-жарағын қамдап, дайын отыр. Көрермендер залын сәулемен залалсыздандыру үшін кварц шамы орнатылған. Орындықтар да бір-бірінен алшақ. Антисептик, қорғаныш киімдері де жеткілікті көрінеді. Алайда сала мамандарының айтуынша, «Шымкент -Плаза» орталығындағы CINEMAX кинотеатрынан басқасында санитарлық ережелер талапқа сай болмаған.
Осылайша COVID-19 бизнес саласын, әсіресе, кинопрокат желісін тығырықты тұсқа тіреп тұр. Негізінен кішігірім кинотеатрлар қауіпті аймақта тұрғаны жасырын емес. Бүгінгідей қатал сынға қалт-құлт еткен бұл мәдени орынның қайсысы шыдас беретіні белгісіз. Егер індеттің екінші толқыны келсе, бұл саланың есігіндегі құлыптың таяуда алынбайтыны анық.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.