Kinopark, Cinemax, Арсенал... шектеулер қашан шешіледі? Избранное

Среда, 25 Ноябрь 2020 05:26 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 451 раз

upload-AP 20206194376214-pic4 zoom-1500x1500-57249

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында кинотеатр басшылары мен ойын-сауық орталықтарының директорлары бас қосты. Басты мәселе – еліміздің бас санитариялық дәрігерінің қаулысында кинотеатрлар мен ойын-сауық орталықтарының жұмысын шектейтін нормалар жоқ. Бірақ, соған қарамастан, Шымкентте бұл нысандарға қатысты тыйымдардың әлі күнге дейін алынып тасталған жоқ.

Кәсіпкерлер Шымкент қалалық бас санитариялық дәрігерінің қаулысына қосымша өзгеріс енгізіп, кинотеатрларды ашайық, ойын-сауық орталықтарының жұмысын сенбі-жексенбі күндері де жалғастырайық деген ұсыныс-пікірлерін айтты. Бұған Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жұмабек Ержанов «Бұл талап санитарлық нормалар қалпына келтірілген соң мүмкін болады» деп жауап берді. Кәсіпкерлер «Шымкент «жасыл» аймаққа кіретін қала, бұл – індеттен келер қауіп жоқ деген сөз. Басқа өңірлерде кинотеатрлар жұмыс істеп тұр, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерінің есіктері демалыс күндері де ашық. Неге бізде шектеулер алынбаған» деген сауалдың жауабын білу үшін келгендерін жеткізді.
Қаланың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары ережелердің бұзылғаны төңірегінде әңгімесін жалғастыра келе, бірнеше кинотетрларды СЭС мамандары тексергенін, нәтижесінде ғимарат ішіндегі ауаның тазалығы сын көтермейтінін, желдетуі нашар, тіпті, жағымсыз иістің бар екенін айтты. «Шымкент-Плаза» сауда үйінен басқа бірде-бір ойын-сауық орталықтарының кинотеатрлары санитарлық сынақтан өтпеді. Сондықтан, менің ұсынысым, басқа кинотеатрлар екі аптадан соң жарияланатынын бас санитариялық дәрігердің қаулысына дейін жағдайды реттеп, анықталған кемшіліктерді жойып, барлығы бірдей ашылса», – деді
Жұмабек Анашұлы.
«Шымкент-Плаза» сауда үйінің бас директоры Бейімбет Асан орталықты сенбі, жексенбіде де ашуды сұрайды. Оның сөзінше, індеттің алдын алу бойынша барлық жағдай жасалған, сақтық шаралары барынша мұқият қарастырылған. Мәселен, ойын-сауық орталығында автоматты тепловизор бар. Ол ғимаратқа кірген адамдардың дене қызуын тексеруде ешқашан мүлт кетпейді. Және орталыққа қай есіктен кірсе де келушілер тепловизордың тексеруінен қашып құтыла алмайды. Ондай құрылғы Қазақстан бойынша тек Алматы мен Шымкентте ғана бар екен. Сонымен бірге сауда үйінің әкімшілігі орталыққа кіретін негізгі есіктерден басқа қосалқы есіктердің барлығын түгел жапқан. Кәсіпкердің айтуынша, әсіресе, сауда нүктелерін жалға алған тұлғаларға қиын болып отыр. Сауда-саттық азайып, соның салдарынан табыс та мардымды болмай жатыр. Көпшілігі осы сауданың арқасында бала-шағасын асырап отырған жандар. Оның үстіне әрқайсысының басында бірнеше несие бар. Одан қалай құтылмақ? Кәсіпкер сауда үйінде тамақтану алаңы – фуд-кордтың жұмыс істемеуі де бұл жерге адамдардың келуге деген қызықшылығын төмендетіп жібергенін айтты. «Сондықтан ойын-сауық алаңына сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеуге және кинотеатр мен фуд-кордтың ашылуына рұқсат беру керек. Біз бұл туралы жергілікті әкімдікке де, кәсіпкерлер палатасына да, тіпті тиісті министрлікке де хат жолдағанбыз. Бірақ әлі ешқандай нақты жауап келген жоқ» деді сауда үйінің өкілі.
Қалалық бас санитариялық дәрігердің орынбасары бұған қатысты былай деп жауап берді: «Біздің байқағанымыздай, сенбі, жексенбіде ойын-сауық алаңдарында адам күрт көбейеді. Шынайы жағдай көрсеткендей, олардың барлығын бақылап, кіргізу кейде мүмкін болмайды. Соның кесірінен індетті жұқтыру оқиғалары көбейіп, қаншама адам вирусты пневмонияға ұшырады. Арасында өлім жағдайымен аяқталған оқиғалар да, өкінішке қарай, аз болмады. Сондықтан біз сауда, ойын-сауық орталықтарының демалыс күндерінде жұмыс істеуіне рұқсат бермедік. Оның үстіне қазір бұл мәселені бас санитариялық дәрігер ғана шешпейді. Комитеттегі арнайы комиссияның шешімі ескеріледі. Тағы бір басты проблема – жоғары жақтағы құзырлы органдар еліміздің оңтүстік өңірлерінде санитарлық талаптардың сақталуына күдікпен қарайды. Сондықтан бүгінгі таңда комитет тарапынан тексерулер көбейіп жатыр».
Жиын соңында Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев арнайы жұмыс тобын құрайық деген ұсыныс айтты. Ол жұмыс тобы, осы бір апта ішінде сауда, ойын-сауық орталықтары ғимараттарын санитарлық нормаға сәйкестіндіріп алған соң, оларды аралап көріп, оң нәтиже болса, кинотеатрларды ашу, ойын-сауық орталықтарының жұмыс күндеріне қатысты шектеулерді алып тастау жөнінде жоғары жақтағы тиісті органдарға дәлел-дәйектерді келтіре отырып ұсыныс хат жолдамақ.
Айта кетейік Шымкентте 50-ге жуық сауда, ойын-сауық орталығы мен 5 кинотеатр бар. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тексеруінен кейін «Мega Planet» және «Hyper House» орталығындағы Kinopark және «Фиркан» орталығындағы «Арсенал» кинотеатрлары теріс қорытынды алған.