Сыралғы Сұлтанов Избранное

Пятница, 27 Ноябрь 2020 04:27 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 515 раз

 DSC2758

немесе «Рэкеттермен» ымырасыз күрескен генерал-майор

Тоқсаныншы жылдардың басы. Оңтүстікте ғана емес бүкіл елде «рэкет» дегендер сайран салып жатқан кез. Кәсіптің көзін тауып, жаңадан бизнес бастағандарға қоқан-лоққы көрсету, тірлігіне тосқауыл болу, «тапқан табыстың тең жартысын бізге бермесең жұмыс істетпейміз» деп бопсалау белең алып жатты. Әсіресе, дәмханаларға барып, мол дастархан жайдырып, ақысын төлемей дәмхана иесін сазға отырғызып кету жиіледі. Онсыз да жүдеу тұрмыс қажытып, жоқ-жұтана жағдай жанға тиіп жатқанда «рэкеттердің» бұл қылығына наразылар бір шара көре алмай отырған билікті кінәлап жатты.

Сұлтановтың идеясы

Сол кездегі облыс әкімі М.Үркімбаев алқалы жиында кәсіп бастағандарға қырғидай тигендерді құрықтай алмай отырған құқық қорғау органдарын сынға алды. Жеңісбай Сұлтанов ол кезде облыстық Ішкі істер Басқармасы басшысының бірінші орынбасары. Қоғамдағы дәл осы келеңсіздікке қарсы күресте қолбайлау болып тұрған мәселелерді тікелей басшысына талай рет айтып, ұсыныс тастап жүрген. Облыс әкімі тарапынан айтылған сын намысына тиді. Өз басшысын көзге ілмей әкімге бар мәселені жайып салу әскери тәртіпке жат қылық. Сұлтанов ыңғайлы сәтті күтті. Тілеуін беріп, еңбек демалысына кеткен басшының орнына, полковник Сұлтанов уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалады. Шымбайына батып жүрген мәселені шешудің реті келіп тұрғанын, осы сәтті тиімді пайдалану керектігін түсінген ол бірден облыс әкімінің қабылдауына барады. Ж. Сұлтановты әкім «қолыңнаң не келе қояр дейсің» деп сенімсіздікпен қабылдағаны рас. Дегенмен, облыста белең алған ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл қоюдың жоспарын ұсынғанда қолдауға әзір екенін айтады.
–Нақты жоспарды таныстырған соң облыс әкімі ұсынысымды қолдап, арнайы бөлім ашуыма, оған қосымша 25 штат ашып, 4 «Газель» автокөлік алуыма көмектесті,-дейді Жеңісбай Әбдікәрімұлы сол күндерді еске алып.
Айтса айтқандай, бұл бөлім тек сол кездегі ОҚО ішкі істер басқармасында ғана құрылды. Атауы да «Рэкетке тосқауыл қою бөлімі» болды. Кейін ғой, арада екі жылдай уақыт өткенде озық тәжірибе ретінде Сұлтановтың жобасы ҚР ІІМ-де қаралып, Үкіметке ұсынылғаны. Сол кездегі ҚР Премьер министрі С.Терещенко ұсынысты қолдап, өзге облыстарға да осындай арнайы бөлім ашуды міндеттеп, арнайы қаржы бөлдірген. Аты да өзгеріп, ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл қою бөлімі болған.
Ал Ж.Сұлтанов өзі қолға алған іске құлшына кірісті. Қылмыскерлерге қарсы аяусыз күрестің нәтижесінде талай серкелер тұзаққа түсе бастады. Екі жылдың ішінде облыс көлеміндегі «Маған заң жүрмейді» деп шіренген, білгенін істеп, тайраңдап келген біраз «авторитет» рэкет темір тордың арғы жағына тоғытылды. Осылайша «Олар полициямен ауыз жаласқан, сондықтан да заңды белден басуда» деген абыройсыз әңгіменің шындыққа жанаспайтынын дәлелдеп, өңірдегі барша погон таққандардың абыройын сақтап қалды.
Әңгіме ыңғайында генералдан:
–Қылмыс әлемінің сіз айтып отырған «серкелері» де оңай азаматтар емес еді ғой, жан-жақтан қысым болған шығар, – деп сұрадым.
–Қайдан оңай болсын? Талай қоқан-лоққыны көрдік қой. Бірақ біздің арнаулы бөлімге кілең өз ісінің нағыз мамандары жиналды. Адал тергеушілер, кезінде спортпен кәсіби шұғылданған шымыр жігіттерді топтастырғанбыз. Әсіресе, «Сайгак», «Черный» атты рэкеттік топтармен күресте табандап тұрып алдық. Заңды бұзды екен, заң алдында жауап беруі керек. Несін жасырамыз, ол кезде полициядағылар да елмен бірдей қиындықты көріп жүрген азаматтар еді. Нанды кезекпен алып, үйінде жылу, газ жоқ, свет жиі өшетін уақытта органдағы жігіттердің де қылмыскерлер ұсынған ақша, байлыққа алдануы бек мүмкін еді. Ұсынған ақшаны малданып, қылмыскерлерге жақтасқандар да болды. Абырой болғанда біздің арнаулы бөлімнің жігіттері мұндай арсыздыққа бармады. Бірінен соң бірі ұсталып, сотталып жатқан «рэкеттеріміздің» «крышалары» «халықты жаппай көшеге шығарамыз. Жолды жауып елді шулатамыз. Саған сол керек болып жүр ме?» деп те хабарласып жатты. Солай жасауға тырысып бақты да. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығын айттырып көшеге аналарды, «жалақымыз айлап берілмей жатыр» деп зауыт жұмысшыларын митингіге шығаруға тырысты. Бәрінде де заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арандатушыларды дер кезінде құрықтап отырдық.
Арнаулы бөлімнің адалдығына кесірін тигізген оқиғалар да болмай қалмады. Әсіресе, зардап шегушінің өз арызынан бас тартуы полиция қызметкерлерінің қылмыскерлермен ымырасыз күресуіне кедергі келтірді. Ал, былайғы жұртқа «бізді қамата алмайсыңдар, полицияны сатып алдық» деп өтірік ақпарат таратып, сес көрсету қылмыскерлердің үйреншікті әдетіне айналып бара жатты.
–Осындай оқиғалардың бірі әлі есімде. Ордабасы ауданынан арызданып келген азамат, ала жаздай жер жыртып, картоп, пияз еккенін, мол өнім алған шақта рэкеттердің келіп «табыстың жартысын бізге бересің әйтпесе барлығын тартып аламыз» деп қорқытып жатқанын айтты. Шұғыл шара көру барысында қоқан-лоққы көрсетуші топтың серкесін қолға түсірдік.
–Сіз айтып отырған қылмыс серкесі туралы бүгінгі ел естелік айтқанда халық батыры етіп сипаттайды ғой...
–Менің түсінгенім, полицияны ешкім де жақтырмайды. Себебі, тәртіпке шақырғанды кім ұната қойсын. Оның үстіне әлгі рэкеттің шаруаның табысын тартып алғанынан бөлек, қыз зорлау, кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстары дәлелденді. Жәбірленуші тарапты әбден қорқытып қойғанын жұрт білмейді. Оның үстіне шаруадан зорлықпен тартып алған пияз, картобының төрттен бір бөлігін ауыл-аймақтағы ардагерлерге, тұрмысы нашар отбасыларға бөліп беру арқылы аймақта ұпай жинағаны бар.
Тоқсаныншы жылдардың ауыртпалығы аз болмады. Ұрлық, қарақшылық белең алған қоғамда тәртіп орнату оңай емес еді. Өңір тыныштығын сақтау бұл кезде облыстық ішкі істер басқармасының бастығы болып тағайындалған Ж.Сұлтановтың тікелей бақылуында болды. Түннің жарымында қараңғы көшелермен үйіне қайтып бара жатып Ж.Сұлтанов «мына қараңғы түнектен шығатын кезіміз болар ма екен» дегенді жиі ойлайтын.
–Құдайға шүкір, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасында біртіндеп еліміз дамып, ауыл, қалалардың жағдайы жақсарып, көшелер жарықтанды ғой.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресіп, қоғамдық тәртіпті нығайтуда көрсеткен ерен еңбегі үшін Жеңісбай Сұлтановқа 1995 жылдың сәуір айында ҚР Президентінің Жарлығымен генерал-майор шені берілді.
Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы жайғасқан ғимараттың да кезінде дәл осы генерал Сұлтановтың табандылығы арқасында мемлекет меншігіне қайтарылғанын бүгінгі полицейлер мақтанышпен айтады. Заңсыз жекешеленіп кеткен зәулім ғимараттарды қайтару ісінде 1996 жылы Ж.Сұлтанов тағы да ымырасыз күрес бастайды. Жоғары сотқа дейін барып, өз талабының заңды екенін дәлелдеп шығады. Сол кезде ғой, Ішкі істер министрлігіндегі әріптестерінің «осы сіз жүрген жер неге у да шу, соттасу болып кетеді» дейтіні. Жеке басының мүддесі үшін емес, елдің ортақ мүлкі үшін болған соттасулар.

«Балаға қатысты қылмысты кешіре алмаймын»

Жеңісбек аға Сұлтанов Түлкібас ауданы Шақпақ ата ауылында туған. Генералдың балалық шағындағы естен кетпес естелігі өте көп. Дегенмен, мына бір оқиға есінен кетпейді.
–Мектепке де бармаған кезім. Кешкі апақ-сапақ шақ. Малды ауылдың кеші белгілі ғой. Ауыл адамдары өрістен қайтқан малды жайғап жатқан. Балаға қарайтын адам жоқ. Ауылдың ортасын кесіп өтетін үлкен жолдың бойында ойнап жүргенмін. Алыстан екі есекке мінгескен адамдар көрінді. Бірінде туысқан апам Мапия, екінші есекте менімен қатарлас Ілес пен Алтынбек. Олар Майлыкент ауылынан келе жатты. Менің тұсыма келгенде апам «Біздің ауылға барасың ба?» деді. Ауылда өзім қатарлы бала аз. Есекке мінгескен Ілес пен Алтынбекке қызығып та тұрмын. «Барамын» дедім. Жаздыкүні болған соң мәйкішеңмін. Мапия апам мені есегіне мінгізіп ала жөнелді. Оның үйі Машатта болатын. Сонау 1400 метр биіктіктегі таудың басындағы ауылға жетеміз дегенше түн болды. Жолай «Қызыл құдық» аталатын құдықтан су ішіп, нан жеп алдық. Не керек мені әке-шешем бір апта бойына ауыл аймақты іздеп таппай шарқ ұрған ғой. Мен Мапия апамның үйінде жүре бергенмін. Бір күні әкемнің ағасының әйелі – апам келе жатыр. Мені көре сала атының басын қайырып, «мұны әкесі шарқ ұрып іздеп жүр ғой, мен барып сүйінші сұрайын» деп кетіп қалды. Осы кезде барып, Мапия апамның күйеуі Нияз атам мән-жайды түсінді де «баланы неге рұқсатсыз алып кеттің?» деп дүрсе қоя берді. Әкем Әбдікәрім ауылдық кеңестің төрағасы. Ауыл-аймаққа құрметті адам. Жеңгесінен хабар естісе кеп қалатыны белгілі. Нияз атам мен Мапия апам енді бір сәт дастархан қамына кірісіп кеткен. Мал сойып, көкемнен кешірім сұрамақшы. Көп ұзамайды ақбозатына мінген көкем де көрінді. Келді де ләм-мим деместен мені алдына отырғызып алып, кете барды. Мапия апам да, Нияз атам да аңтарылған күйі қалды. Көкем үнсіз келе жатты. Ұзақ жол. Бір кезде басыма тамшы су тамғандай болды. Басымды көтеріп әкеме қарасам көзінен жас тамып келеді. Бала болсам да сол кезде бір апта бойына баласын іздеген әкемнің жан дүниесінің астан-кестеңі шыққанын үнсіз түсіндім. Мұндай кездегі анамның не күй кешкені айтпаса да белгілі.
Бала күнімдегі осы бір жағдай маған қатты әсер еткені сонша, қоғамда кездесетін балаға қатысты зорлық-зомбылық, баланы ұрып-соғу, ұрлап кету оқиғаларына кінәлі қылмыскерлердің ісін еш ақтай алмаймын. «Білместік, қателесу» деген факторларды ескергім келмейді.
Жеңісбай Әбдікәрімұлы бір әке-шешеден жеті ағайынды. Бүгінде өзінің ұл-қыздары, немерелерінен бөлек, бауырларының бала-шағасы мен жиендеріне қамқоршы үлкен әулеттің басиесі.

Полиция мектебін түлетті

Генерал-майор Жеңісбай Сұлтанов 1997-2002 жылдар аралығында ҚР ІІМ Шымкент заң колледжінің бастығы болды. Осы жылдар ішінде білікті полиция қызметкерлерін дайындау ісінде колледж ұстаздарынан үлкен жауапкершілік талап етілді. Колледжге Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін беру, батырға еңселі ескерткіш орнату ісі де дәл осы Сұлтановтың кезінде жүзеге асқан игілікті іс еді. Өзі де білімін шыңдай түсіп, заң ғылымдары бойынша докторлық еңбегін қорғады. Шымкенттегі бірқатар жоғары оқу орындарында да «Қылмыстық процесс» пәнінен дәріс беретін Сұлтановтың лекциясына студенттер қызыға қатысатын.
–Полиция қызметкері ең алдымен өз мамандығын шексіз сүйетін азамат болуы керек. Сонда ғана өз мамандығына кір келтірмеуге тырысатын болады.
Сұлтановтың ұстанымы осындай.

Генерал ашқан кәсіп

Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да генерал үйде қарап отыра алмады. Қолынан келсе ел экономикасының дамуына үлес қосуды, ауылдастарына жұмыс көзі болатын кәсіп ашуды мақсат тұтты. Онысына жетті де. Бүгінде Сұлтанов басшылық ететін «Gold Aluminium» ЖШС өңірдегі ең мақтаулы кәсіпорындардың бірі. Бұл орайда Жеңісбай Сұлтановқа о бастағы алғашқы мамандығы химия-технологиясы саласының инженер-механигі біліктілігі көп септігін тигізді. ҚазХТИ-ді бітірген соң 1968 жылы Ж.Сұлтанов сол кездегі Гурьевтегі химия зауытында еңбек еткен. Сонда жинаған тәжірибесі зая кетпеді.
2017 жылы өңірге жасаған іс сапары барысында Елбасы Н.Назарбаев дәл осы «Gold Aluminium» зауытының жұмысымен танысып, жылы лебізін білдірді. Альюминиден жасалатын құрылыс материалдарының түр-түрін жасап шығаратын зауыт өнімдері жоғары сұранысқа ие.
Ал туған ауданындағы Күмісбастау ауылында бөтелкеленген ауыз су цехын ашу арқылы ауылдастарын жұмыспен қамтып отырғаны тағы бар.
Бұдан бөлек, Жеңісбай Сұлтанов 2003 жылдан бері облыстық Аңшылар және балықшылар қоғамы Басқармасының төрағасы. Басқарманы бұған дейін басқарған азаматтан мұрагерлікке қалған қаншама қарыздарды жауып, жекешеленіп кеткен ғимараттарды сот шешімімен қоғам меншігіне қайтару жұмыстары да Сұлтановтың табандылығының арқасында жүзеге асқан іс болды.
Ж.Сұлтановтың ішкі істер органындағы болсын, бүгінгі кәсіпкерлік саласындағы болсын ерен еңбегі мемлекеттік деңгейде еленуде. Оған талай марапаттары дәлел. Соның бірі 2017 жылы Президент Жарлығымен Жеңісбай Сұлтановқа «Құрмет» ордені табыс етілді.
Былайғы жұрт біле бермейтін тағы бір қыры, генералдың жазушылық та қабілеті бар. Генералдың қаламынан туған «Белес, белес, бел екен...» , «Қазақстан полигондары» атты кітаптары оқырман тарапынан үлкен құрметке ие болған, белгілі қаламгерлер мақтау айтқан шығармалар.
Осының бәрі де «ұрпағыма ұлағатты сөз қалдырсам, өскелең жастар тәлім-тәрбие алса екен» деген мақсаттан туған игі істер. Ж.Сұлтановтың жақыны көп. Бүгінде жетпіс бес жасқа толып отырған Жеңісбай ағаның жақсыға жаттығы жоқ. «Жақсы жүрген жеріне кент болар», «Жақсының жақыны көп болар» дегеніміз осы шығар...