«Қара өлеңнің Қажымұқаны өзіңсің»

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:16 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5034 раз

131529444 785615155498734 300238278238276338 o

Жасындай жырының отымен Отанын да, отбасын да жылытып жүрген Әселхан Қалыбекова: «Жүрекке сан жүк арттым, Жантақ кешіп, жол қылдым. Қара шашты ағарттым, Қара көзді оңдырдым», - дейді.

Ал өлеңінің өзегіне өртті леп құйып, халқының қамын жеген ақын қызы жайлы ақын Мұхтар Құралов «Өнердің ауыр жолына, рельс қып жанды төседің» десе, Фариза Оңғарсынова «Мен айтысты Әселхан арқылы жақсы көріп кеттім» дейді.
Көпен Әмірбек: «Әселхан, сен – ауыз әдебиетінің инесісің, мәдениеттің түймесісің, айтыстың күймесісің. Әселхан, сен құдықтың суы секілдісің, не көбеймейсің, не азаймайсың. Бірақ, мейір қандырады. Кенезесі кеуіп, таңдайы тандырдай қатқан талай қазақтың шөлін басқаннан артық сауап бар ма!?» деп сүйегіне сөз сіңген ақынға арнаған теңеуін жеткізген екен.
Хан қызындай Ханбибі: «Бір қарасаң – арыстандай айбарлым, бір қарасаң – қошақандай момыным» десе, енді бірде «Әні сұлу, жаны сұлу болмаса, Патша кімнің сүйіп еді бетінен?!» дегенді де айтады.
Ал Әселхан апамыздың айтыс өнерінде соңынан ерген шәкірті Маржан Есжанова «Қара өлеңнің Қажымұқаны өзіңсің, Деген бүгін ел ішінде атың жүр» деп өлеңге қосады.
Міне, қара өлеңнің қара нарындай Халық ақыны Әселхан Қалыбекованың 70 жылдық мерейлі жасына орай Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Сөз өнерінің саңлағы» атты әдеби кездесуі өтті.
Кездесуге ақынның шәкірттері мен айтыссүйер қауым қатысты. Жиын барысында Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Раушан Шәденқызы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Алғыс хатын, сый-сыяпатын табыс етті. Сондай-ақ белгілі айтыскер, сазгер Әбдіхалық Әбдірайымов мерейтой иесіне «Ұлт жанашыры» төсбелгісін табыстады.
Сонымен қатар «Өнер» мектеп-интернатының директоры Маржан Есжанова, жыр жүйріктері Біржан Байтуов, Нұрлыбек Мейірманов, Бекмұрат Анарбаев ақындардың анасына айналған Әселхан Қалыбековаға деген ақжарма тілектерін жеткізді. Қалалық Мәдениет үйінің көмекейі бүлкілдеген өнерпаздары Әбдіразақ Сафура мен Әшірбек Жандос әдеби кештің көрігін қыздырып, әсем әндерімен әрлей түсті. Кездесу барысында халық ақыны тыңдармандар тарапынан қойылған сұрақтарға кеңінен жауап беріп, айтыс өнерінің қыр-сыры турасында қызықты әңгіме өрбітті.
Тағылымы терең әдеби кездесу кешін кітапхана басшысы Анар Жаппарқұлова жүргізді.

 
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.