Бұл қиындық та артта қалар Избранное

Пятница, 25 Декабрь 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 9538 раз

5e9f149dae5ac963783fcee1

Былтыр желтоқсанда әлемді дүрліктірген Ковид-19 дейтін пандемияның пәлекеті басталғанына тура бір жыл болады екен. 2019 жылы 31 желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласының дәрігерлері науқастардың белгісіз пневмониямен ауырып қаза тауып жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын.

Алғашында әлем бұл хабарға аса мән бермеді. Алайда тұмаудың жарқанаттан адамға, одан адамнан адамға жұққаны дәрігерлерді қатты алаңдатты. Содан қураған шөпке тиген оттай бұл індет дүние жүзіне жайылып кетті. Жер бетіндегі адам өмір сүретін 5 құрлықтың барлығында Ковид-19 вирусы табылды. Қытай Ухань қаласын қатаң карантинге жапқанымен індет өкінішке қарай таралып үлгерді.
Қазақстанға коронавирус биыл көктемнің басында келді. Дәлірегі мамандар оның елге шамамен сол уақыттарда келетінін болжап отырған. Шымкентте бірінші науқас анықталғанда ғана жерлестеріміз бұл індеттің қаупі бекер емес екенін бағамдай бастады. Содан үшінші мегаполис те қатаң режимге көшіп, дәріхана, дүкендерден басқа барлық мекеме, ұйымдар, базарлар карантинге жабылды.
Бірінші карантинде адамдар көп ауыра қойған жоқ. Олар негізінен психологиялық қысымнан көп зардап шекті. Үйінде қамалып
отыру бейне бір азаптай көрінген. Оның үстіне табысынан айырылған халықты «енді қалай күн көрем, отбасымды қалай асыраймын» деген ой қатты мазалағаны да жасырын емес. Әрине Үкімет елге хал-қадірінше көмектесті.
Бір өкініштісі жұрт бастапқыда карантинге немқұрайлы қарады. Төтенше жағдай алынып тасталған соң адамдар босаңсып кетті, санитарлық талаптарды ұмыт қалдырды. Оның соңы қайғылы оқиғаларды көбейтті. Әсіресе маусым айында індет күрт өршіп, ауруханалар науқастарға лық толды. Індеттен талай адамнан, небір игі жақсылардан айырылып қалдық.
Бұл індет халық шаруашылығын, ел билігін де қатты әбігерге салғаны шындық. Әсіресе денсаулық сақтау
жүйесі теңізде ескексіз қалған қайықтай жанұшырды. Соған қарамастан медицина саласының мамандары өз өмірлерін қатерге тіге жүріп, тосыннан келген індетпен бетпе-бет күресіп, адамдардың өмірі үшін айқасты. Дәріхана алдын ұзын-сонар кезек «жаулады». Күнделікті пайдаланып жүрген дәрілер дәріхана, ауруханаларда тапшылыққа айналды. Есесіне қара нарықта оның бағасы ондаған есе қымбаттады. Жұрт жаны үшін жанұшырып удай бағаға сол дәрілерді сатып алды.
Пандемия басылғанда ғана ел бас көтеріп, ес жиды. Осындай ауыр шақта халықтың қайғысының арқасында байып қалғысы келгендер жазасын алды. Жүйеде жіберілген кемшіліктер анықталып, Ковидпен тиімді күресудің алгоритмдері жасалды. Экономиканы, денсаулық сақтау саласын жалпы қоғамды тұтастай матап, жаншып тастаған індетпен күресуге тіпті дамыған батыс елдірінің өзі дайын болмай шықты.
Дегенмен заманның медициналық жетістіктерінің арқасында бүгінде Ковид-19-ға қарсы әлемдегі дамыған мемлекеттер вакцина ойлап тауып, алдағы кезде оны егуді жоспарлап отыр. Соның ішінде Қазақстанда ресейлік Спутник-V вакцинасын және отандық екпені шығару көзделуде.
Ал Шымкентте пандемиямен күрестің, індет кезіндегі іс-әрекеттің үш түрлі алгоритмі яғни сценарийі жасалды. Оған сәйкес дәрі-дәрмектер қоры мен стационарлық орындарда төсек-орындар дайындалды. Індеттің өршу деңгейіне қарай денсаулық сақтау жүйесі де осы сценарийлер бойынша күрес шарасын күшейтіп отырады. Ресми мәлімделерге сүйенсек, бұдан былай індеттің ықтимал толқындарына қарамастан дәрі-дәрмек, төсек-орын және жедел жәрдем шақыртулары бойынша ешқандай іркіліс болмайды.
Елімізде келесі жылдың алғашқы айларынан бастап Ковидке қарсы екпе жұмыстары басталады деген болжам бар. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары адамзат жаппай вакцинацияланса да жағаны кеңге салуға әлі ерте дегенді айтады. Пандемиядан кейінгі жаңа өмірдің шарттарына адам баласы біраз уақыт көндігуге тура келетін сияқты. Өйткені екпенің шын мәнінде індетті ауыздықтаудағы, халықтың ауруға қарсы иммундық жүйесін қалыптастырудағы нәтижесі қандай болары әзірге белгісіз. Сондықтан келе жатқан 2021 жыл да санитарлық талаптармен өмір сүретін жыл болғалы тұр. Қалай дегенде де бұдан да ауыр талай нәубетті бастан кешірген адамзат бұл қиындықтан да аман-есен өтеріне сенгіміз келеді.