2021 жылдың ТОП – 10 жаңалығы Избранное

Среда, 30 Декабрь 2020 04:32 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 17202 раз

Без имени-1

Қазақ қашаннан болашақтан жақсылық күткен халық. Осы күндері бүкіл еліміз «Барлық қиындықтар мен ауыртпалықтар ескі жылда қалып, келе жатқан сиыр жылы мамыражай әрі берекелі болса екен» деген тілектің үстінде отыр.

Бүгін біз 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел өміріне енетін ең маңызды 10 жаңалық пен өзгерісті топтастырып, оқырман назарына ұсынбақпыз. Сонымен:
1. Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап Қазақстанда «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істей бастайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған бағдарлама бойынша экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасына бөлінетін квота саны бірден 7 есе көбейіп, 7 мыңға жетеді. Бұйырса келер жылы сәби исін аңсаған қаншама отбасы арманына жетеді.
2. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУДЫҢ бірінші кезеңі қолданысқа енгізіледі. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерге теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары табысы туралы есеп беруі тиіс. Ал, 2025 жылға қарай бүкіл халық қаржыны қайдан тауып, қайда жұмсағанын ашып көрсетуге міндетті болмақ. Мамандар бұл қадам елдегі жемқорлықтың тыйылуына, көлеңкелі экономикамен күрестің күшеюіне ықпал етеді деп есептейді.
3. Сиыр жылының алғашқы күнінен бастап ҚР Салық Кодексіне енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Оған сәйкес көлік салығын төлеудің шекті мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан келер жылдың 1 сәуіріне ауыстырылды. Мәселен, темір тұлпарыңыздың 2021 жылғы салығын 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін төлесеңіз болғаны.
4. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап отандастарымыз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және қаржы ұйымдарына сенімгерлік басқаруға беру үшін мерзімінен бұрын алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жаңалық қорға қомақты қаржы жинаған 700 мың азаматқа қатысты.
5. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 16 жасқа толған әрбір адам жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу үшін саусақ іздерін тапсыруға міндетті. 12-16 жас аралығындағы балаларға дактилоскопия олардың келісімімен және ата-анасының қатысуымен ерікті түрде жасалады. Айта кетейік, Сіздің қолданыстағы құжатыңыз бар болса, оны бірден ауыстыру міндетті емес. Тек қолданылу мерзімі аяқталып, төлқұжатты жаңартқан кезде осы рәсімді орындауыңыз керек. Бұл да қылмыспен күресті күшейту және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту үшін жасалып жатқан қадам.
6. Құжаттарға қатысты тағы бір өзгеріс, 1 қаңтардан бастап жеке куәлік, төлқұжат пен жүргізуші куәлігі латын графикасының негізіндегі жаңа қазақ әліпбиімен және тек қана мемлекеттік тілде толтырылады.
7. Сиыр жылының 1 қаңтарынан бастап МӘМС жарнасының мөлшері өзгереді. Бұған дейін жалдамалы жұмысшылардың жалақысынан 1 пайыз сақтандыру жарнасына аударылып келді. Енді оған қоса жұмыс берушіңіз Сіз үшін жалақыңыздың 2 пайызы мөлшеріндегі қаржыны Қорға аударады. Яғни, бұл өзгерістен Сіздің қалтаңызға салмақ түспейді, есесіне сақтандыру жарнасы көбейген сайын Сіздің тегін қолданатын медициналық қызметтеріңіздің тізбесі кеңейеді. Жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 1.4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын, яғни, 2975 теңге төлейді. Ал, жұмысы тоқтап тұрған ЖК болса, ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни, 2125 теңге төлеуге міндетті. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да тап осы көлемде сақтандыру жарнасын төлеуі тиіс.
8. Жаңа жылдан бастап аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына берілетін Кепілдендірілген әлеуметтік себеттің құрамы өзгереді. Нақтырақ айтсақ, ата-аналар арнайы порталға кіріп өздеріне қажетті азық-түлік пен тауарлар түрін және жеткізушіні таңдай алады.
9. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлердің 25 пайызын қысқарту басталады.
10. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ескі смартфондарда WhatsApp мессенджері жұмыс істеуін тоқтатады. Қосымша операциялық жүйе iOS 9 немесе Android 4.0.3-ге дейін жаңартылмаған құрылғыларда істен шығады. Ең алдымен, бұл iPhone 4 және оның ерте шыққан модельдеріне қатысты.