Версия для печати

Жұрт іздейтін дәрігер Избранное

Среда, 17 Февраль 2021 03:43 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 17325 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Соңғы жылдары шымқалалықтар дертіне дауа берер білікті дәрігерді алыстан сабылып іздемейтін болған. Әсіресе ағза алмастыру сияқты күрделі операцияларды жасауда
шымкенттік дәрігерлердің бәсі биік болып тұр. Оларды іздеп өзге өңірлер түгілі, көрші мемлекеттерден де келушілер аз емес. Өз ісінің нағыз шеберлері Шымкенттегі медицина мекемелерінің қай-қайсында болмасын көбейіп келеді. Солардың бірі – Шымкент қалалық онкология орталығының бөлім меңгерушісі Дауранбек Арыбжанов.

86

 

Білікті дәрігер жайлы жылы лебіздерді жиі естігендіктен де оқырманға ол жайлы жақынырақ таныстыруды мақсат тұттық. Дауранбек Тұрсынқұлұлы өз саласының білгірі ғана емес, есте сақтау қабілеті өте жоғары, тарихқа деген қызығушылығы ала бөтен жан екен.Әсіресе, дәрігер болуға деген қызығушылығы жайлы әңгімесі бей-жай қалдырмады. Бұл оқырманымызға да қызық болар деп шештік.
– Бала күнімде үйімізге «жедел жәрдем» көлігі жиі келетін. Анамды қолтығынан сүйеп, әкем сол көлікке отырғызып жіберетін. «Тағы да аураханада жататын болды ғой» деп соңдарынан ұзақ қарап тұратынмын. «Жедел жәрдем» көлігіне мінгенге дейін анамның аяғын бойлай аққан қанды көру де мен үшін үйреншікті жағдай еді. Сосын, сабақтан шыққан соң аға-әпкелерім мені анам жатқан аураханаға апарады. Кешке дейін сонда боламын. Анамды емдеуші дәрігердің «қазір ғана операциядан шықтым» дейтін әңгімесін жиі еститінмін. Сол кезде жасым 6-ға да толмаған баламын, дәрігердің «операция» дегені не нәрсе екен деп қызыға түсетінмін. Бір күні анамды емдеуші дәрігер мені терезеден көтеріп тұрып операция залын көрсетті. Әппақ киінген дәрігерлер бір нәрсе істеп жатыр. Терезе биік болғандықтан тек жоғары жағы ғана көрінеді де төмен жақта не болып жатқаны байқалмайды. «Олар не істеп жатыр екен?» деген қызығушылық арта түсті. «Менің анама неге операция жасамайды?» Маған осы ой маза бермейтін. Дәрігер болуыма сол көріністер себеп болды-ау, бала күнімнен хирург-дәрігер боламын, анамды емдеп жазамын деп өстім, – дейді дәрігер-онколог Дауранбек Тұрсынқұлұлы.
– Анаңызды емдедіңіз бе?
– Жоқ, мен оқу бітіріп, дәрігер боламын дегенше, анамды нағашы сіңлісі Ташкентке апарып емдетті. Сенесіз бе, үш рет апарды профессорға. Күніне бір уколдан 30 күн салдырасың депті. Содан анам құлаң таза айықты. Қазір жасы 78-де. Немерелерінің ортасында. Анамның ауырып жүрген шағы сол қырықтан жаңа асқан кезі екен ғой. Әйелдердің гинекологиялық ауруы. Жап-жас кезі. 5 ұл-қыз туып, бала-шағасы енді ержете бастаған шағы. Мұндай кезде үнемі ауыра беретін әйелдің тәш-пүшіне ер азаматтар төтеп бере бермейтіні рас. Бәлкім содан да болар әкем екінші рет үйленді. Жоқ, мен әкемді ешқашан кінәлай алмаймын. Қайта қуанамын. Анамды мүлдем ұмытып, біздерді тастап кетпей, екі отбасын да бағып қақты. Қазір Құдайға шүкір екі анам бар деп мақтанамын. Әкемнің екінші әйелі – Тотыш Қаленовнаны да «мама» деймін.
Мұның бәрін неге тәтпіштеп айтып отырмын... күн сайын алдыма дертті азаматтар келеді ғой. Әсіресе, әйел адамдарын көргенде ет жүрегім елжіреп кетеді. Ауырған адамның көңілін аулау оңай емес. Оның үстіне қатерлі ісік дертін емдеу ұзақ ем-домды қажет етеді. Көбі емделу уақытын өткізіп, сырқаты меңдеген кезде келетіні тағы бар. Мұндайда талай жанның тағдыры өзгеріп те жатады. Мен Құдай емеспін. Бірақ, қолымыздан келгенше ем жасаймыз. Өкініштісі сол, көбіне біздің халық арасында өз денсаулығына салғырт қарап, уақыт оздырып алатындары жиі кездеседі.
Шымкентте туып-өсіп, Ұлықбек атындағы №3 мектепті 1995 жылы алтын медальмен бітірген Дауранбек Тұрсынқұлұлы Шымкенттегі мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған. Интернатурасын облыстық клиникалық ауруханада торакальді хирургия бөлімінде өткізген ол еңбек жолын онкологиялық орталықта бастады. Әр жылдары Санкт-Петербургтегі Ресейдің белді ғылымханасы – радиология және хирургиялық технология ғылыми орталығында, Башқұр мемлекеттік медицина университетінде білімін шыңдай түскен ол радиология, химиятерапияның қыр-сырын біле түсу мақсатымен Австрияның Вена мемлекеттік медицина университетінде, Германияның Гейдельберг және Гамбург университетінде тәлім-тәрбие алады. Парижде Паул Брусе атындағы гепатобилярлы орталық клиникада қызмет етіп, тәжірибе жинақтайды. Кандидаттық еңбегін Ресейде қорғаған оның бүгінде төрт түрлі дәрігерлік біліктілігі бар. Онколог-химиятерапевт, рентгенхирург, радиолог Дауранбек Тұрсынқұлұлы өзіне тәлім-тәрбие берген ұстаздарын зор мақтанышпен атайды.
Әрине, олардың көшбасында оңтүстік өңіріне есімі етене таныс дәрігер Илья Юнусметов тұр. Илья Ризаметұлының Ленгердегі медицина колледжінің негізін қалаушы білікті ұстаз, ұйымдастырушы екені өз алдына, ұзақ жылдар бойына шахтерлардың денсаулығындағы кәсіби ауру түрлерін зерттеп, дәлелдеуі, соның негізінде Шымкентте бұрынғы «Фосфоршылар» ауруханасы базасында «кәсіби аурулар институтын» ашуы ерен еңбектің үлгісі.
– Бұл кісі менің әкем сияқты. Осындай азаматтың қамқорлығын көріп, шәкірті болғанымды мақтан етемін. Жалпы біз білім алған толқын Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқыған студенттердің ең бақытты легі деп бағалаймын. Себебі бізге кілең мықты профессорлар сабақ берді. Илья Юнусметов, Бауыр Ембергенұлы, Игор Самченко, Орынбай Дайырбеков, Дербісәлі Сексенбаев, Қасымхан Сисабеков, атақты офтолмолог Сергей Кривцов сынды білікті мамандардың шәкірті атандық. Ал, өкпе-хирургиясы бойынша Оңласбек Құлакеевтің, өңеш хирургиясы бойынша Мырзабек Рысбековтің берген тәлімдері мен үшін ерекше. Осы ұстаздарыммен бірге талай ғылыми еңбектер жаздым. Тоғыз түрлі операцияның патенті мен қырықтан астам ғылыми мақаланың авторы болуыма дәл осы ұстаздарым ықпал етті.
Сұхбаттасу барысында байқағаным, Дауранбек Арыбжанов ұстаздары туралы сағаттап әңгіме айтуға дайын. Әр ұстазының еңбегін, қай жылы қандай тақырыпта кандидаттық, докторлық диссертация қорғағандарын да жатқа айтуға бар.
Бәлкім білікті мамандардан алған тәлімі болар, Дауранбек Тұрсынқұлұлы 27 жасында Шымкент қалалық химиотерапия және эндоваскулярлық онкология бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. Дәл осы орталықтың гинекология бөлімінде оның әйелі Мінәжат Якубова да қызмет атқарады. Білікті маман. Ол да күйеуі секілді ғылым кандидаты. Бүгінде екеуі үш ұл-қыз өсіріп отыр. «Бұл екеуі біздің орталықтың мақтанышы» дейді әріптестері олар туралы. Жасыратыны жоқ, орталыққа жас мамандардың келуі кешеуілдеп, аурухананың жұмысы тұралаған шақтар да болған. 2003 жылы онкодиспансерге бас дәрігер болып Оңласбек Құлакеев келгенде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бұл емдеу мекемесіне жас мамандардың жаңа леп алып келмегеніне 15-20 жыл болғаны анықталған екен. Содан бергі уақытта заманауи технологияларды меңгерген, медициналық жаңа аппараттардың тиімділігін қолдана алатын жас мамандарды тартуға күш салынды. Арыбжановтың да орталыққа келген кезі сол шақ.
Өмір мен өлімнің арасындағы тайталасқа толы тағдырларды күнделікті көріп жүргендіктен де болар Дауранбек Арыбжанов ауруды асқындырмай алдын алу жолдарына мән беру маңызды дейді.
– Әсіресе, әйелдер арасында кең таралып отырған омырау ісігі дертімен келетіндар аз емес. Ауылдан егде жастағы аналарымыз келеді. Омырауы шіріп, үзілуге шақ қалған шақта «балам, мені емдеп бер» деп жыларман болып тұрады. Бұл дерт кеше ғана жабысқан жоқ қой, біраз жылдардан бері мазалап келді. Неге уақыт оздырмай дәрігерге көрінбеске? Темір екеш, темірді – жүрген көлігімізді де жылына бір рет техникалық байқаудан өткіземіз ғой. Сол сияқты әрбір адам жылына бір рет медициналық тексерістен өтіп тұруы қажет. Бұл дер кезінде емделуге, нәтижелі дауа табуға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Шымкент қалалық онкология орталығында науқастардың сауығып кетуіне барлық жағдай жасалынған. Бұл орайда орталықтың бас дәрігері Жақсылық Мәуленовтың ұйымдастырушылық қабілеті ерен. Заманауи диагностикалық аппараттар, қажетті дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Ең бастысы бәрі де мемлекеттің қамқорлығы арқасында тегін.
–Бізге Атырау, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларынан келіп емделетіндер де бар. Олар үйлеріне қайтарда дертіне шипа берген біздің, әріптестерімнің біліктілігіне ғана емес, шымкенттіктердің пейіліне де тәнті болып кетеді. Себебі, біз оларға медициналық көмек қана емес, жылы сөзімізді арнап, демалыс күндері қаланың көрікті орындарын аралап сергуіне де жөн сілтеп отырамыз, – дейді химиотерапия және эндоваскулярлық онкология бөлімінің меңгерушісі Дауранбек Тұрсынқұлұлы.
Өткен жылдары Дауранбек Арыбжанов ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласындағы онкологиялық ғылыми зерттеу орталығына шақырту алып, сол жақта жарты жылдай қызмет етті. Әлемді шарпыған Ковид-19 індеті дәрігердің отбасын да айналып өтпеген. Ата-анасы науқастанып қалды дегенді естігенде Шымкентке құстай ұшты. Ата-анасын емдеп жазды. Бұған отбасы ғана емес, осындағы әріптестері де қуанды. Білікті маманға қай жерде де сұраныс үлкен. Осылайша өзі еңбек жолын бастаған онкологиялық орталыққа қайта жұмысқа оралды. Есесіне, енді Шымкентке Дауранбек Тұрсынқұлұлын іздеп Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келушілер көбейген. Дертіне дауа іздегендерге шипасын аямайтын осындай дәрігерлер көп болса екен.

Последнее изменение Среда, 05 Май 2021 12:29