Версия для печати

Ұлттық санақта әр адам маңызды Избранное

Пятница, 18 Июнь 2021 04:58 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 13139 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шаһарда ұлттық санақтың бірінші кезеңі басталып кетті. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі 30 жылда ұйымдастырылып отырған бұл үшінші санақ. Естеріңізде болса, бұған дейін елімізде халық санағы 1999, 2009 жылдары өткен болатын.
Сала мамандары «Бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси, демографиялық сияқты сан қырлы сипаттарын саралайтын жұмыс» деп отыр. Ауқымы зор жұмыстың өзіндік ерекшелігі де жоқ емес. Мәселенің мән-жайын оқырманға түсіндіріп беру үшін Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Меруерт ЖАҢАБАЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

226

 

–Меруерт Болатқызы, биылғы ұлттық халық санағы онлайн өтетіні БАҚ-да жариялануда. Ол үшін азаматтар қандай интернет ресурсқа тіркелуі керек? Онлайн тіркеле алмайтын азаматтар үшін қандай көмек қарастырылған?

227


–Жалпы ұлттық санаққа Қазақстанның барлық азаматы қатысады. Бұл санақтан шет мемлекетте уақытша немесе тұрақты тұратын отандастарымыз бен Қазақстанда уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары да шет қалмайды.
Бұл жолғы санақтың басты ерекшелігі өзіңіз айтып отырғандай, қағазсыз, яғни электронды форматта өтетіндігінде болып тұр. Қағаз бланктердің орнына планшеттер қолданылады.
–Сөзіңіз аузыңызда, өткен аптаның соңында біздің үйге санақшымын деп бойжеткен қыз келіп кетті ғой...
–Алаңдауға негіз жоқ. Ия, интервьюерлер үй-үйді аралауды бастады. Себебі, ұлттық халық санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - дайындық кезеңі.
Қазақстанның барлық елді мекендерінде 2021 жылғы 1-30 маусым аралығында дайындық кезеңі өткізіледі. Осы уақыт аралығында арнайы оқудан өткен адамдар «интервьюерлер» (тіркеушілер) әрбір елді мекен бойынша тұрғын жайлар, тұрғын үйлер мен тұрғын үй ретінде пайдаланылатын тұрғын емес орындардың барлығын аралап, олардың тізімін және сондай-ақ онда тұратын тұрғындардың санын нақтылау жұмыстарын жүргізеді.
–Бірақ, ол қыз отбасымызда жалпы қанша адам барын ғана сұрады. Жалпылама цифрды жазып алып, қай сайтқа кіріп онлайн тіркелуге болатынын көрсетті.
–Дұрыс. Әзірге жалпылама тізім жасалуда. Мұндай тізімдер қалалық және ауылдық елді мекендердің аумақтарын нұсқаушылық және есеп учаскелеріне дұрыс бөлу және тұрғын санын екінші кезең санағына, яғни аудандастыру үшін санақ қызметкеріне жүктеме көлеміне сәйкес біркелкі бөлу үшін қажет. Сондай- ақ, бұл санақ кезінде тұрғындар есебін толықтай қамтуға мүмкіндік береді.
Нысандарды аралау кезінде интервьюерлер өздерін таныстырып, тегін айтып, куәлігін көрсетуі керек. Өзінің келу мақсатын нақты және қысқаша түсіндіріп, сол үй-жайда тұрақты (әдетте) тұратындардың мекенжайларын және санын сұрауы қажет.
Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, планшет болуы міндетті.
–Иә, онысының бәрін де көрсетті. Өзін таныстырды. Дегенмен, негізгі санақ қай кезде өтеді?
–Негізгі кезең 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығын қамтиды. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни халық санағының алғашқы 45 күнінде респонденттер өзіне және отбасы мүшелеріне Интернет желісі арқылы онлайн-режимде арнайы sanaq.gov.kz сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырып, санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады.
–Онлайн жүйенің өзіндік қыр-сыры жетерлік. Сауалнаманы толтырып жатқан кезде жарықтың өшуі, интернеттің ұстамай қалуы. Тіпті кей интернет ресурсқа бір мезетте көп адам кіруіне байланысты жүктелмей, жұмыс істемей қалу қаупі де кездеседі...
–Түрлі себептердің болатыны рас. Дегенмен, ұлттық санаққа қатысты айтар болсам, бұл жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі де жасалған.
Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, сол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.
Дәстүрлі жалпы аралау қазан айының 1 мен 30 аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды.
–Санаққа енген - енбегенін азаматтар қалай біле алады?
–Онлайн өткен азаматтарға санақтан өткені туралы смс-хабарлама және электронды пошта мекенжайына хабарлама келеді. Сол хабарламаны келген интервьюерге көрсетсе жеткілікті.
Бұл, біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден, қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді.
Бұл санақтың алдыңғы санақтан ерекшелігі, жаңашылдығы да осында. Интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді. Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Өздеріңізге белгілі бұл санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұранымен өтеді. Сондықтан да әрбір азаматтың санаққа қатысуы, есепке алынуы маңызды.
Онлайн режимде санақ жүргізу кезеңінде халыққа ұялы және стационарлық нөмірлерден Call-орталықтың 1446 тегін бірыңғай телефон нөмірі, сондай-ақ 8 8000 800 878 нөмірі бойынша анықтама алу қарастырылған.
–Бір байқағаным үй аралап жүрген санақ персоналдары жас қыз-жігіттер. Арасында студенттер көп сияқты. Олар жазғы демалыс уақытын тиімді пайдаланып, қаржы табуды көздегені орынды. Жалпы, санақшы боламын дейтіндерге қойылатын талап қандай? Оларға төленетін жалақы мөлшері қанша?
–Қазіргі уақытта, тікелей халық санағы кезінде уақытша жұмысқа келгісі келетіндерге қойылатын басты талап: Қазақстан азаматы, жасы 18-ден жоғары болуы міндетті. Жауапкершілігі жоғары, белсенді, бастамашыл, адамдармен тез тіл табысатын, планшетпен жұмыс жасай алатын болса болды. Жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне ешқандай талаптар қойылмайды. Барлық қызметкерлермен өтеулі негізде келісім шарты жасалады.
Қазіргі таңда, Шымкент қаласында мәліметтер жинау бойынша тікелей жұмыс үшін уақытша 200 жуық санақ қызметкері тартылатын болады (нұсқаушы-бақылаушылар мен интервьюерлер).
Интервьюерлермен және нұсқаушы-бақылаушылармен ақылы қызмет көрсету бойынша келісім-шарттары жасалады.
Бір интервьюерлердің орташа жүктемесі 1200 санақ объектісі (яғни тұрғынжай, тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) және тұрғын емес үй-жайлар. Интервьюерлердің 1-ші кезеңінің жұмысына ақы төлеу толық көлемде көрсетілген жағдайда 30 күнге ҚР заңына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын, жеке табыс салығын, әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарымен қоса 83 мың теңгені құрайды.
Ал, нұсқаушы-бақылаушыларға 25 мамырдан 8 шілдеге дейін, яғни 1,5 айға толық көлемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге жоғарыда көрсетілген жарналармен қоса 125 мың теңге төлеу жоспарлануда.
2-кезеңнің интервьюеріне (санақты жүргізушіге) 30 күн ішінде көрсетілетін қызметтер толық көлемде 104 000 теңге төленеді.
–Меруерт Болатқызы, айтыңызшы, бұл санақ елімізге не береді?
–Халық санағының басты құндылығы Қазақстан Республикасында нақты қанша халық барын анықтаймыз. Бұл еліміздің демографиялық ахуалын анықтап қана қоймай, соны негізге ала отырып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жоспарлауға, жобалауға негіз болмақ. Мемлекетіміздің саяси өміріндегі көптеген аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік береді.
Халық санағының қорытындылары елде санақ аралық кезеңде болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.
–Дегенмен айта кетсеңіз, санаққа алынатын, алынбайтын мәселелер бар ма?
–2021 жылғы халық санағы кезінде Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты (әдетте) тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар:
- Қазақстанның мемлекеттік билік органдары (дипломатиялық корпус) желісі бойынша қызметтік міндеттерін орындауға байланысты 12 ай және одан да көп мерзімге шетелде жүрген немесе ұзақ қызметтік іссапармен жүрген (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда) оқудағы («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитындарды қоса алғанда») Қазақстан Республикасының азаматтары;
- тұрғылықты жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде уақытша (12 айдан аз) Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар САНАҚҚА АЛЫНАДЫ.
Ал, шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
- «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттер алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, шетелге 12 ай және одан да көп мерзімге жұмысқа немесе оқуға кеткен (болмау ұзақтығына қарамастан, 12 айдан астам) Қазақстан Республикасының азаматтары;
- өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетелдік азаматтар, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері САНАҚҚА АЛЫНБАЙДЫ.
–Әңгімеңізге рақмет.